Волейболдан Ұлттық ұлан чемпионатының үздіктері анықталды
10-12 ақпан күндері Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының XXIII спартакиадасы аясында волейболдан чемпионат өтті.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/69dd3498-fbd5-4070-b550-6f30cc7bc038-1024x576.jpg)
Аталмыш жарыста еліміздің барлық аймағынан жиналған жеті команда бақ сынады. Үш күнге созылған сайыста командалар жоғары дайындық пен шеберлік көрсетті.
– Бұл чемпионат әскеріміздің XXIII спартакидасы аясында өткізіліп отырған осы жылдың алғашқы жарысы. Өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерден келген спортшылар додада жақсы нәтиже көрсетті. Бұл әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік дайындығының да көрсеткішін білдіреді, – деді генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
Швейцарлық жүйе бойынша өткізілген жарыс қорытындысында І орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы иеленіп, жеңімпаз атанды. ІІ орынға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тұрақтаса, ІІІ орын «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрама командасына бұйырды. Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар арасында үздік деп танылған ойыншыларға арнайы номинациялар берілді. Жеңіс тұғырынан көрінген командалар арнайы сыйлықтармен, медальдармен, кубок және мадақтамалармен марапатталды.
ҚР ІІМ «Орталық» ӨңҚ баспасөз қызметі