Дерекке сүйенсек, биыл Қарағандыда 86 шақырымға жуық автокөлік жолы жөнделген. Жеке секторға көп көңіл бөлініп, қара жолдардың орнына асфальт төселіпті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жолдарды жөндеу бойынша жылжымалы кеңес өткізді. Аймақ басшысы жұмысын ірі қалалық жобалардың бірі – Космонавттар көшесінен бастады.

Мұнда жол төсемін қайта құру және нөсер кәрізін орнату жүріп жатыр.
Мердігер «Қазан айының соңына дейін Космонавттар көшесінде көлік қозғалысы ашылады» деп уәде береді. Жол төрт жолақты болмақ.
– Әзірге екі қабат асфальт салдық. Жоғарғы қабатын келесі жылға қалдырамыз. Қазірдің өзінде 1,5 шақырым нөсер кәрізі салынды. Бұған дейін суағар болған жоқ. Жаңбырдың салдарынан бір айға жуық уақыт толық жұмыс істей алмадық. Қазір асфальтты тәулік бойы қабылдап жатырмыз. 60-тан астам адам және 28 бірлік техника бар. Сонымен қатар, біз жаяу жүргінші жолын жасап, жиектастар қоямыз, жарықтандыру тіректерін орнатамыз. Енді Гоголь көшесіне дейін 400 метр қалды. Асфальт төсеп, қазан айының соңына дейін жолды ашуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы толық тапсырамыз, – дейді жоба жетекшісі Геворг Согоян.
Ермағанбет Бөлекпаев Сарыарқа көшесіндегі жолдың орташа жөнделуін тексерді. 1,5 шақырым ұзындықта қиыршық тас-мастикалық асфальттың жоғарғы қабатын төсеу жүріп жатыр. Шұңқырлар мен ойдым жерлер жойылып, талапқа сай болады. Егер ауа райы қолайлы болса, мердігер барлық жұмысты аптаның соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Облыс әкімі Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховқа жолдарды жөндеу бойынша барлық жұмыстарды жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Сапаға көбірек көңіл бөлу және жұмыстың уақытылы орындалуы керектігін баса айтты. Тұрғындардың жөндеу жүріп жатқанда қолайсыздықты сезінбеуі қажеттігін де арнайы атап өтті.
– Келесі жылы міндетті түрде вокзал маңындағы алаңда жұмысты бастау керек. Адамдарға ыңғайлы болатындай етіп, саябақты абаттандырыңыздар. Субұрқақты таза және ұқыпты ұстаңыздар. Бұл алаң – қаланың бет-бейнесі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Шындығында, вокзал – қалаға келген-кеткеннің көзіне түсетін басты қоғамдық орын. Сондықтан, вокзалдың маңайы таза әрі көрікті болуы тиіс. Аймақ басшысының бұл бастамасының өте орынды екенін айтқымыз келеді.
Жолдарға орташа жөндеу жұмыстары 175 шақырымдық учаскелерде жүріп жатыр. 11 жобаның жетеуі аяқталып, басқаларында жұмыс жалғасуда екен.
– Үлкен жоба – «Абай-Қарабас Жартас-Долинка» бағыты. Биыл 21 шақырымның 15 шақырымына жоғарғы қабаты төселді. Коммуникацияларды дайындаймыз да, келесі жылы жөндеуді аяқтаймыз. «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» жолы – 98% дайын. Оның жалпы ұзындығы – 17 шақырым. Екі көпірге кірер жолдарды аяқтаймыз, жол таңбаларын салып жатырмыз, белгілер орнатылған. Жолды биыл ашамыз. Нұра және Соқыр өзендері арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңарту іс жүзінде аяқталды. Биыл тапсырамыз, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Қазір облыста жол жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Астана маңындағы алып шаһар үшін бұл – заңды құбылыс. Жол жақсарса, дами түсеріміз сөзсіз.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ