Бас тақырып

Вице-премьер Қанат Бозымбаев облыстың су тасқынына дайындығын тексерді

Қарағанды облысында елдімекендерді су тасқынының алдын алу үшін 180-ге жуық жұмыс атқарылды. 1 наурыздан бастап жағдайды бақылау үшін жоғары дайындық режимі енгізіледі.

Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Жұмыс сапары аясында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен, ТЖ министрі Шыңғыс Арыновпен және өңірдің ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаевпен бірге өңірдің су тасқыны қауіпті учаскелерін ұшақпен әуеден барлау жұмыстарын жүргізді. Бұқар жырау, Шет және Абай аудандарының елді мекендері, Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арналары, Самарқанд және Шерубай-Нұра су қоймалары тексерілді.

Жұмыс сапары Мемлекет басшысының су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстарын үйлестіру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын бақылау мақсатында ұйымдастырылды.

Облыста 150 елдімекен ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар, 140-қа жуық автомобиль және теміржол учаскелері назарда. Өңірде 217 су шаруашылығы құрылыстары бар. Өңір бойынша жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде, судың деңгейі төмен және судың аз болуы байқалады.

Вице-премьерге өңірде су тасқынына дайындық жұмыстары алдын ала басталғаны хабарланды.

ТЖД мәліметінше, облыстық инженерлік жұмыстар жоспары аясында 180-ге жуық іс-шара орындалды. 65 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері салынды және бекітілді, өзен арналарының 18 км-ден астам су тасқыны қауіпті учаскелеріне санация жүргізілді, 26 км дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. Автомобиль жолдарының 75 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайды. ЖЖМ, инертті материал және қаптар қоры қамтамасыз етілген.

Елді мекендерден миллион текше метрден астам қар шығарылды, жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, су бұру орларын жасау, каналдар мен арықтарды, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Вице-премьер өткен жылы 60 үйді су басқан Шет ауданында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге назар аударды. Ұшу кезінде Ақсу ауылына қону болды. Бұл жерде ұзындығы 2,3 км болатын қорғаныс білігі тұрғызылды. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров жүргізілген жұмыстар туралы баяндады: қорғаныс біліктері бекітілген, қосымша су өткізу құбырлары салынып, су өткізу құрылыстары тазартылды.

– Қазгидрометтің болжамынша, көктемде ауа-райының күрт жылынуы күтілуде. Біз ТЖ министрімен бірге су тасқыны қаупі бар аймақтарды айналып ұшып өтуді бастаймыз. Бүгін Қарағанды облысынан бастадық. Су тасқынына ұшыраған барлық аумақты айналып өтіп, бірқатар елді мекендерді араладық. Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында қар деңгейі нормадан жоғары. Шет ауданына келсек, қар нормадан төмен, ылғал қоры да қалыпты деңгейде. Топырақтың қатуы өткен жылмен салыстырғанда төмен. Біз үлкен жұмыс атқарылғанына көз жеткіздік. Бірақ дайын болу керек: болжам бойынша алда әлі қалың қар жауады және күн жылынады, – деді қорытындылады Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер барлық күштерді, техниканы әзірлікке келтіру керектігін атап өтті. Жағдайды күн сайын қадағалап отыру қажет.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button