Visit Qaragandy туристер қауымына маршрут әзірлеп үлгерді
«Өндірісті Қарағанды» туристік бағыты – Арқа аймағының кескін-кейпін жаңаша таныстырып, шаһардың тынысын өзгеше сезінуге мүмкіндік беретін тың бастама. Қарағандыда ашылған Visit Qaragandy ақпараттық орталығы бүгінде туристер қауымына соны маршрут әзірлеп үлгерді.

Маршрут өзінің алғашқы қадамын құрыш қала Теміртаудан бастайды. Құдды бір от шарпыған болаттың, еңбек пен төзімнің симфониясы тәрізді. Кеңес дәуірінен бері металлургия астанасы атанған атаулы шаһар Қазақстан өндірісінің жүрегіне айналғалы қашан. Дәл осында, домна пештерінің шоғы мен адамдардың маңдай тері қатар қайнаған мекенде, туристерді ерекше саяхат күтіп тұр.
Алғашқы аялдама – Қазақстан магниткасы тарихынан сыр шертетін мұражай. Мұнда әрбір жәдігер адам еңбегі мен ерлік жылнамасының байыз тапқан куәгеріндей. Сан түрлі сыр шертер экспозициялар арқылы болат балқыған заманның рухын, алғашқы домна пештерінің күркірі мен еңбек адамдарының маңдай терін сезіне түсесіз. Мұнан соң тағы бір таңғажайып нысан. Теміртаудың қысқы бағы. Табиғаттың төрт маусымына елегізе қоймайтын ғажайып жерде – мәңгі көктем орнаған. Субтропикалық ағаштар мен экзотикалық өсімдіктердің хош иісі, шапағатты жылуы бір сәтке болсын, теріскейдің аязды күнін ұмыттырып-ақ жібереді. Табиғат пен өндірістің осындай кереғар үйлесімі Теміртауға тән ерекше контрасттың бір көрінісі ғана. Елордадан арнайы ат басын тіреген блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді трамвайлар аялдамасына бет түзеді.
Теміртаудағы рельсті көлік – тек қозғалыс құралы емес, тірі тарих, кешегі күнді бүгінге жалғаған сирек жәдігер. Қайта жаңғыртылған трамвай паркінің жарқыраған вагондарына отырған сәтте-ақ, уақыт дөңгелегі кері айналғандай әсер қалдырады.
Жолаушылар терезеден қала көріністерін тамашалап қана қоймай, еңбек даңқымен көмкерілген болат қаланың рухын жан-тәнімен сезінеді. Айта кету керек, Қазақстанда мұндай көлік түрі небәрі үш қалада ғана сақталған. Теміртау, Өскемен және Павлодарда. Сирек кездесетін өндірістік романтика дерсіз таң қалып. Теміртау трамвайы металлургтер мекенінен жүрекке бір демде жеткен сиқыр секілді.
Мұндағы қала қонағының көзқарасы да ерекше леп сыйлағандай. Орал қаласынан арнайы келген Қуан Тоқсанов Теміртаудағы трамваймен алғаш рет серуендеді.
– Бір жағынан, осындай көлік түрі экологияға өте тиімді, – дейді ол. – Тоқпен жүреді, түтін шығармайды. Адам еркін дем алады. Күз келгенімен, қаланың көшелері кең, ағаш желегі сетінеп үлгермеген. Терек біткен Сарыарқа самалымен сыбырласып,ерекше тыныштық орнап тұр. Қала кеңістігі ашық көрінеді. Біле білгенге – бұл да бір демалыс екен, – дейді металлургтер шаһарының мейманы. Қуанышы қойнына сыймаған Қуан мырзаның сөзінше трамвайдың жай бір жөнекей көлік емес, қала мен адам үйлесімін сезіндіре түсетін ерекше құбылысқа айналғанын аңдау қиын емес.
Әлбетте, туристке қазір қарапайым көрме залынан гөрі, шынайы атмосфера қажет Осы мақсатта бағдарламаға тау-кен колледжінің оқу шахтасына экскурсия арнайы енгізілген. Осы арада қошқыл көмір иісі, ауыр еңбектің лебі келеді. Саяхатшылар шахтаға түсе жүріп, көмір өндірісінің нақты үдерістерін, жұмыс барысын, қауіпсіздік жүйесін, тарихын және бүгінгі күнге дейінгі дамуын өз көзімен көреді. Әдепкі дәріс емес, жерасты өмірінің шынайы көрінісі. Сапар барысында туристер заманауи кәсіпорындарға да ат басын бұрады.
Солардың бірі – экологиялық таза тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын WEC зауыты. Мұнда дәстүрлі ауыр өндіріс пен жасыл технология ұштаспақ. Жаңа буын өндірісі, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін заманауи шешімдерге еге. Тәжірибе келушілерге тек тарихи емес, технологиялық көзқарас тұрғысынан да жаңа таным сыйлайды. Осы бағыттарды тиімді әрі ыңғайлы ету үшін Visit Qaraganda туристік-ақпараттық орталығы бірқатар инновациялық шешімдер ұсынуда. Оның ішінде кез келген саяхатшыға қолжетімді онлайн жол сілтейтін жүйе бар. Қарапайым ғана сайт емес, нақты көмекші, туристік гидтің сандық баламасы. Орталық директоры Бақтияр Бекмұрзаев бұл туралы былай дейді:
– Жасанды интеллект арқылы әзірленген арнайы чат WhatsApp мессенджерінде қолжетімді. Ол әлемнің 180 тілінде жұмыс істейді. Кез келген адам: «Қарағандыда алдымен қайда барсам болады?», немесе «Мен Қарқаралыға барғым келеді, маған маршрут жасап берші» десе, бот бірден бағыт ұсынады.
Бұл – цифрлы дәуірдің туризмдегі сенімді серігі. Кенді өлкенің кескін-келбеті енді саяхатшылар мен инвесторларды қатар қызықтырып отыр. Жыл басынан бері аймақтың туризм саласына құйылған 13,8
миллиард теңге – осының айқын дәлелі. Қарқаралының қарағайлы орманы, Бұйра таудың бұйра белесі, Қызыларайдың құзар шыңдары мен Балқаштың көгілдір жағалауы инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін ашылмаған алтын қазынадай. Осындай сұлу табиғат пен бай тарихы тоғысқан өңірге енді демалыс кешендері салынып, экотуризм мен этнотуризм бағыттары белсенді дамып келеді. Туризмге салынған әр теңге – болашаққа салынған инвестиция. Орталық облыс осы ұстанымды берік ұстанып келеді. Кеншілер өлкесі енді саяхатшылар мекеніне айналса, таң қалмаңыз. Саяхат соңы Сарандағы «Теngrı Tyres» атты шина өндіретін зауыт пен жиһанға аты мәшһүр саяси репрессия құрбандарының мұражайы ҚарЛагқа экскурсиямен тәмамдалды.
***
…Кен иісі сіңген көне топырақ – тұтас дәуірдің шежіресі. Трамвайдың тырсылымен тербелген Теміртау көшелері, экзотика мен өндірістің үндестігі, болаттың буымен өрілген мұражайлар зерделі жанға – ұлт рухының темір өзегі рәуішті. Сарандағы шина зауыты – индустрия дәуірінің бүгінгі жаңғырығы болса, ҚарЛаг – өткеннің жарасын ұмыттыр майтын үнсіз шежіре. Осы екі шеткі нүктенің арасында бүтін бір өркениет ізашары жатыр. Қара тастың арасынан алтын жол салған еңбек иесінің қолтаңбасы ма дерсін мұны. Әредік көшеде жай ғана серуендеп келе жатып, бір қоңырқай теректің көлеңкесінде салқындаған
шахтерді елестетесің. Оның қолындағы күйе сіңген каска – тарихтың тұмарындай. Арқа өңірі қарапайым күнделікті көріністердің өзімен-ақ тұтас бір дастанға айналады. Ал, сол даңғайыр дастанды оқып, сезініп, жанарыңмен ғана емес, жүрегіңмен қабылдай білу – кәнігі саяхатшының сарқыт-сыбағасы. Қайтар жолда ойға мықтап орныққан ақиқат қылаң етті. Бүгін бұл туристік бағыт болғанымен, ертең ұлт рухының бренді болмақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»