Коронавирус

Вирустың таралуы тежелді

Қарағанды облысы кейінгі екі апта «сары аймақта» болып шықты. Бүгінде эпидемиологиялық ахуал тұрақталғандай. Дегенмен, облыс ішінде Қарағанды, Приозерск, Теміртау қалалары мен Осакаров ауданы «қызыл аймақта», ал Абай, Балқаш, Қаражал қалалары мен Шет ауданы «сары аймақта» тұр. Бұл туралы сейсенбі күні аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, өткен аптада 21 мың ПТР тестісі жасалып, оның 418-і оң нәтиже көрсетті.

– Бүгінде облыс бойынша 532 адам коронавирустан ем алуда. Облыс бойынша аурухана орны 11%-ға толған. Өздеріңіз білетіндей, өңірде вакциналау барысында 35 вакцина орталығында 115 вакцина кабинеті іске қосылады. Жыл соңына дейін облыстың 700 мыңнан астам тұрғыны екпе алуы керек. Ал, республика бойынша 6 млн. адам вакциналаудан өтеді деп жоспарлаған, – деді Ержан Шәкірұлы.

Сонымен бірге, ол вакциналау кабинеттерінде видеобақылау орнатылғанын және оны онлайн режимде көру мүмкіндігі бар екенін де тілге тиек етті. Басшының айтуы бойынша, бұл вакциналау процедурасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Қажет болған жағдайда істің ақ-қарасын анықтай аламыз» деген ол вакциналау мәселесіне де тоқталды.

– Коронавирус – вакцинамен ырықтауға келетін вирус. Сондықтан, вакцина арқылы ғана оның таралуын тоқтата аламыз. Облыс тұрғындарының бұл мәселеге бейжай қарамауын сұраймын, – деді Е.Нұрлыбаев.

– Вакциналау науқаны басында облысқа жеткізілген 1075 доза вакцина барлық орталықтардың жұмысын бастауға жеткіліксіз. 20-ақпанға қарай 6 мың доза вакцина келеді деп жоспарлануда. Сол уақытта барлық кабинеттер іске қосылады, – деп атап өтті басқарманың қоғамдық денсаулық сақтау қызметі басшысы Бибігүл Төлегенова.

Маманның айтуынша, өткен аптада КВИ анықталған адамдардың жартысында ауру белгілері байқалмаған. Науқастардың басым бөлігі 18 бен 60 жас аралығында. Сонымен бірге, 60 жастан асқан адамдар арасында да анықталғандары біршама.

Соңғы, 9-ақпандағы деректер бойынша облыста 69 жаңа жағдай тіркелген. Осы уақытқа дейін барлығы 14 455 адамда вирус анықталса, ел көлемінде бұл көрсеткіш 198 086 мыңға жетті. Оны ішінде соңғы тәулікте анықталған 1053 жағдай бар. Науқастардың 179 277-сі жазылып шықты.

«Қызыл аймақтар» бойынша матрица мәліметі де өзгерді. 10-ақпандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Павлодар облыстары «қызыл аймақта». Ал, «сары аймақтағылар» саны едәуір азайды. Онда Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары ғана қалды.

Кейінгі екі-үш күндегі мәліметтер коронавиурстың таралуы сәл де болса бәсеңдегенін көрсетеді. Мұндай тенденция әлемде де байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың жаңадан анықталған жағдайлары мен одан қайтыс болғандар санының азайып келе жатқандығын ресми сайтында жариялады. Ұйым ұсынған деректерге сүйенсек, өткен аптада әлем бойынша жаңадан 3,1 млн. жағдай тіркеліпті. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 17%-ға аз екен. Өлім-жітім де 10%ға аз тіркеліпті. Бірақ, коронавирус штамдарының қатері сейілер емес. Мәселен, «британдық штамм» әлемнің 86 елінде, «оңтүстік-африкалық» штамм 44 елде, ал «бразилиялық немесе жапондық штамм» 15 елде анықталыпты. Бізде аталған жаңа штамдардың анықталғандығы туралы мәлімет жоқ. Соңғы рет денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов «британдық» штамның ел аумағында анықталмағанын айтқан болатын.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button