Виртуалды полигонның пайдасы зор
Күн өткен сайын жасанды зерденің қолданыс аясы кеңейіп барады. Мәселен, Қарағандыда Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен №19 мектеп базасында алғаш рет онлайн форматта «Геотактика» виртуалды полигонында қашықтықтан әскери-тактикалық сайыс өтті. Оған жоғары оқу орны мен мектептерден 60-тан астам команда қатысып, өзара бақ сынады. Іс-шараға министрдің орынбасары Айгүл Куленбаева мен қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім қатысты.
«Геотактика» – компьютердің ішіндегі виртуалды полигон. Қатысушылар осы виртуалды полигон арқылы әскери және техникалық даярлықты үйренеді. Нысана көздеп, алаңда түрлі оқу-жаттығу жасайды. Жалпы айтқанда, полигондағы жұмыстың бәрін жасанды зерденің көмегімен жасап машықтанады. Бұл симуляторды қазақстандық ірі компания әзірлеген. Кейін Defence Tech Battle стартап байқауына ұсынып, нәтижесінде отандық инновациялық жоба ретінде «үздік» деп танылыпты.
– Жасанды зерде – бүгінгі күннің талабы. Әрине, ол адамды алмастыра алмайды. Балаларымыз болашақта басқа да елдермен бәсекелестікке түсе алатындай жағдай жасауымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында баса айтқан болатын. Жасанды зерде келешекте әскери салаға толығымен енеді. Сондықтан, қазірден бастап, әскери дайындық сабағына қосып отырмыз. Оқушылар жасанды зерденің көмегімен қару-жарақты ұстауды ғана емес, барлық ұрыс-тактикаларын меңгеріп шығады. Әскерге барғанда бәрін біліп тұрады. Бұл жобаны біз алғаш болып, Қарағандыға енгіздік. Енді осы жобаны Алматыда өткізіп көрмекпіз, – деді Есентай Мұқатайұлы.
Сайыстың ережесіне сәйкес, әр мектептен 10 баладан команда жасақталған. Олар бірігіп, берілген тапсырма бойынша жұмыс атқарады. Әр команда тапсырманың дұрыс әрі уақытылы орындалуына байланысты бағаланған. Жарыс қорытындысы бойынша №32 мектептің командасы үздік танылды.
– Әуелі оқушылар арасында мектепішілік іріктеу өтті. 10 оқушы іріктеліп алынды. Әр оқушының әскери дайындығымен қатар, жаңа технологиямен жұмыс істей алу мүмкіндігі баса назарға алынды. Жарысқа екі апта дайындалдық. Командаластарым да керемет өнер көрсетті. Әрине, бұның бәрі – ауызбіршіліктің жемісі, – деді Дмитрий Владимирович.
№19 орта мектебінің командасы II орын иеленсе, Абай атындағы мектеп-гимназиясының командасы жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ақерке БОЛАТ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
журналистика бөлімінің IV курс студенті
Сурет ұйымдастырушылардан