Ресми

Вилен Молотов-Лучанский: Құрылтай кейстері – мемлекеттің даму кескіндемесі

Ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайтынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы сөзімен де, ісімен де дәйектеп келеді. Естір құлаққа есті сөз айтылған Ұлт жиыны Ұлттық Құрылтай турасында пікірлер легі толассыз. Осы орайда әйгілі ғалым әрі ұстаз, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Борисович Молотов-Лучанскиймен сұхбат құрғанды жөн санадық.

Сурет: В.Молотов-Лучанскийдің жеке қорынан

– Қадірменді, Вилен мырза. Сіз қоғамда болып жатқан құбылыс атаулысына өздігінен мән беріп жүрген санаулы тұлғалардың қатарынансыз. Әр пікіріңіз оқырманға тежеу­сіз жетіп, тиісінше ой тұжыруына сеп. Ендеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырау атырабында өткен Ұлттық Құрылтайдың негізгі месседждеріне бірге үңіліп көрсек…

– Өзім һақындағы жылы лебіз­іңізге алғыс айтамын. Алдымен ұлық шараның мәртебесі һақында ой өрбіткен абзал. Ұлттық Құрылтай – бұл жалпыұлттық диалог алаңы деп бағамдаймыз. Яғни, біртұтас Қазақстан халқын біріктіре алатын бірегей платформа. Құрылтайдың бас мұраты да – осы. Біздің ойымызша, мұнда қатысқан құрам да – межелі уақытынан бұрын алдын ала електен өткен кіл үздіктер. Мәселен, барлық аймақтың өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшыларын ескеру қажет болды. Бұған саясаттанушы, сарапшылар қауымдастығы, әлеуметтанушылар, мемлекеттік орган қызметкерлері, депутаттар, азаматтық қоғамның өкілдерін қосалық. Бұл арада біз тек саяси партиялар туралы айтып отырған жоқпыз, Ұлттық Құрылтайдың құрамында үкіметтік емес сектордың да мүшелері бар. Бажайлап қарасақ, Құрылтайға дейін де қыруар жұмыс еңсерілген.

– Сөз басы Бірлік деген қасиетті ұғымнан бастау алған еді…

– Дұрыс аңғардыңыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде зиялы қауымның ымыра-бірлігі туралы өте құнды ой айтылды. «Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деген ордалы ойы көзі қарақты адамға көп нәрседен хабар береді. Расында ел бірлігі қоғамының шамшырағы болған кемел тұлғалардың өзара ынтымағынан бастау алады. Толық қолдайтын негізгі ұстынның бірі. Ойшылдарымыз, суретшілеріміздің, жазушыларымыз бен ақындарымыздың есіл еңбегін құрметтеуді үйрену, шығармашыл жанның жарқын жолына ілтипат көрсету, бұқара тарапына себілген жақсылық дәнін көре білу және лайықты бағалау – өлкесін риясыз сүйетін нағыз азаматтың айрықша қасиеті! Үйренуді де үйрену керек шығар алдымен. Өйткені, құбылғыдай құбылған жаһандық формация адам санасын сең көшіргендей қылатыны да жасырын емес. Тек осындай мемлекетшіл позициядан сіз бен біз талантты жастардың бойында отаншылдық сезімін қалыптастыра аламыз.

– Ұлттық Құрылтай өкілдері өткір әлеуметтік мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлеуге немесе қабылдауға қалай әсер етеді? Пікір қоса кетсеңіз…

– Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысынан бастап, талқы таразысына тартылған кез келген одағай мәселенің өзі тұжырымдалып құжатқа айналып отырды. Бұл механизмнің мәні терең. Кейінше қордаланған сауал-сұрақтардың дені Парламент қабырғасында жіті қарастырылып, оң, яки, теріс жауабын алады. Ұлттық Құрылтай өкілдері өткір әлеуметтік мәселелер бойынша заңнамалық базаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мұны терістей алмаймыз. Яғни, әр түрлі қоғамдық топтар мен ұйымдар мүшелері әлдебір заң жобасын әзірлеу кезінде көптеген пікірлер мен мүдделерді ескеруге сөзсіз мүмкіндік береді. Мысал ретінде, біршама әлеуметтік маңызды жобаларды алалық, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, вейп атаулысына тыйым салу, лудомания мен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобаларын дайындау «Құрылтай қағидатымен» іске асуда. Атап айтқанда, Ұлттық Құрылтай өкілдері отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға және құрбандарды қорғау тетіктерін жақсартуға бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұтымды ұсыныстар айтты. Нашақорлық мәселесінде де есірткіні заңсыз таратқаны үшін жазаны қатаңдату және оңалту бағдарламаларын құру туралы нақты ұстаным қарас­тырылды.

– Ұлттық Құрылтай өкілдері мен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынас қандай тетік арқасында жүзеге асады? Қазақстандықтар ондағы айтылған идеяларды іске асыру туралы мәліметті қайдан алады?

– Ұлттық Құрылтай мен азаматтық қоғам арасындағы байланыс кең спектрді қамтитындай. Азаматтардың ұсыныстарын жинау үшін әртүрлі форматтар қолданылады. Олардың қатарында «Quryltai» мобильді қосымшасын атап өтуге болады. Республикалық арналарда түрлі арнаулы бағдарламалар барын өзіңіз жақсы түсінесіз. Бұл арада сіздің сауалыңыз маған емес өзіңізге арналатындай. Өйткені, түсіндіру амалдары бұқаралық ақпарат құралдарының қарымына тікелей байланысты. Бұдан бөлек, түрлі деңгейлерде маңызды мәселелер бойынша шешімдер әзірлейтін жұмыс топтары құрылған. Ұлттық Құрылтайда қабылданған есептерді жариялай отырып, қызметтің ашықтығына ұмтылады. Мұның бәрі азаматтарды шешім қабылдау процесіне тарту үшін қажет. Ал бұл өз кезегінде қос тараптың да тиімді және ашық өзара іс-қимыл орнатуына игі ықпал етеді.

– Құрылтай кейстерін сарап­қа салған тұлға ретінде, қандай тұжырым жасайсыз?

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан реформалар туралы ой қорытқанда бірнеше негізгі аспектілерді ескеру қажет сынды. Біріншіден, халықтың әл-ауқатының тұрақты өсуі мен әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін экономиканы, қоғамды және саяси жүйені жан-жақты дамытуға ұмтылыс бар. Екіншіден, кез келген формацияның заңдылығы мен тиімділігіне кепілдік беру үшін кең қоғамдық келісім ауадай қажет. Ұлттық Құрылтай кейстері – мемлекет дамуының кескіндемесі. Үшінші аспект – азаматтық қоғам институттарын, құқықтық мемлекет пен демократиялық процестерді нығайту – қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын ашық қоғамның алғышарты іспеттес. Ақырында, кез келген тың бастаманың сәттілігі т­ұрақты саяси көшбасшылықты, сондай-ақ, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен жеке сектор арасындағы белсенді өзара әрекеттесуді талап етеді.

– Салиқалы сараптамаңыз бен сындарлы пікіріңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button