Бас тақырыпРухани жаңғыру
Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ, профессор: «Татулықты – ту, бірлікті байрақ еткен бағдарлама»
Мемлекет дамуына мейлінше серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел аумағында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Халықтың бары мен жоғын бағамдап, өткені мен бүгінін сабақтастырған сарабдал бағдарлама облыста жүйелі жүзеге асуда. Бұл туралы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ тарқатып айтты.
- Вилен Борисович, Елбасы ұсынған осы бағдарлама Сіз үшіне несімен айшықты?
- Бұл сауалды өзім де күн сайын ой сүзгісінен өткіземін. Сондағы түйгенім, адамзат баласы тарихында халықтың рухани құндылығына, ішкі жан-дүние байлығына, татулығына дәл осы бағдарламадай ой жүгірткен құжат жоқ! Әрине, егемендік бір күнде орнап, тұрғындардың әл-ауқаты бір сәтте жақсарып кетпеді. Елбасы алдымен, аталған бағытты жүйелі жолға қоюға барын салған болатын. Ел экономикасы мен сыртқы һәм ішкі саясатты тұрақтандыруға, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға көп күш-жігер жұмсады. Онсыз мемлекет – мемлекет болсын ба? Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен ғасырдың соңы, тоқсаныншы жылдардың алғашқы ширегінде көреген Көшбасшымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының іргесін қалады. Татулықты – ту, бірлікті байрақ етіп желбіретті. Менің ойымша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алғашқы қазығы осы сәтте қағылған еді. Сондықтан, бұл бағдарламаның айшықтылығы мен үшін татулықтың тал бесігіндей көрінетінінде!
- Яғни, бағдарлама бірліктің нышаны болғаны ма?
- Дәл таптыңыз. Бірлігі босаңсыған мемлекеттің берекесі де кетеді. Оны ойдан шығарып отырған жоқпын. Ұлтты ұйыстыра білу – үлкен ерлік! Ал, оған бастайтын – отандастардың алдағы күнге деген сенімі. Қайдан біліп отыр демеңіз. Аяғым салбырап көктен бүгін түсе қалған жоқпын. Аз ғұмыр жасадым деп те айта алмаймын. Ғасыр соңындағы таршылық теперішін көрген біреу болса, сол менмін! Мен ғана емес, шаңырағы опырылып ортасына түскен КСРО халқы түгелдей көрген болар. Көшкені көшіп, кеткені кетіп жатты. Бірақ, ертеңгі жарқын болашаққа деген сенім жүрегімде бір сәтке болсын сөнген емес. Талаптандым, еңбектендім. Бірнеше қызметті қатар атқардым. Отандастарымыз түрі мен түсіне, ұлты мен діни наным-сеніміне қарамастан бір шаңырақ астына бірікті. Одан кенде болып қалған ешкім де жоқ. Міне, рух жаңғырығы деген – осы! Оған бастаған – Елбасы! Осынау ұлы тұлғаның сондағы жанкештілігін өмір бойы ұмытпайтын шығармын. Ұмытылмайды да…
- «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген» бүгінгі таңда да рухтың жаңғыруы маңызды емес пе?
- Маңызсыз деп кім айтты? Керісінше, Нұрсұлтан Әбішұлы бағдарламаны дер кезінде жарыққа шығарды дер едім. Неге дейсің ғой? Айтайын. Өткенге үңілу, тарихқа жүгіну дегеніңіз еріккеннің ермегі емес. Бұл – не жоғалттық, неден айырылдық, ата тарихымыздың алдағы ел дамуына берері не деп топшылау. Отандастарымыз осыны түсінгенде ғана бағдарламаның шынайы маңыздылығын танып, біледі. Томтом тарих беттерін бей-берекет, құлықсыз парақтай берудің берері шамалы. Оны түйсіну қажет. Айтайық, бірер жыл бұрын Ресейдің Краснодар қаласына табаным тиді. Шаһарды аралып келе жатып, көпқабатты үйдің қабырғасындағы тақтайшаға көзім түсті. Сөйтсем, осы үйде белгілі композитор Сергей Рахманинов тұрған екен. Бұл өнер иесі мен үшін зор құрметке ие. Ал, енді мен осы үй маңында әдепсіз іске барып, қағаз шашамын ба? Жоқ! «Әлихан Бөкейхан түнеген», не болмаса, «Қасым Аманжолов тұрған» деген сыңайлы тақтайшалар біздің елде де болса, жастар жат қылықа бармас еді. Тарихтан алар тәрбие, рухани байлық деп отырғанымыз – осы!
- Әңгіме ауанын білім ордасы қабырғасына бұрайық. Еңбек жолыңызбен етене сабақтас Қарағанды медицина университетінде де руханиятқа қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқан болар…
- Жүргізіліп жатқаны былай тұрсын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ауадай қажет ететін бірден-бір орын – осы шаңырақ! Медицина қызметкерлеріне қандай қатысы бар демеңіз. Дәрігер – адамгершіліктің айнасы. Сапалы білім алып, адалынан ас ішкенге не жетсін?! Білім ордасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құнды құжатты жасап шығардық. Профессорлық һәм оқытушылық құрам үшін емес, ең алдымен студенттер үшін маңызды бұл дүние. Сондықтан, құжатты әзірлеу барысында шәкірттеріміз де белсенді ат салысты. Мақсат – адал білім алудың алғышартын қалыптастыру еді. Ал, адалдық – адамның ішкі жан-дүниесінің, рухани байлығының көрсеткіші емес пе? Гиппократқа берген антты абыроймен арқалауды мінеттейтін де – осы! Әрине, шынайы талант – адам арқасына біткен қанат іспетті ғой. Жастар шетелде еңбек еткісі, білім шыңдағысы келеді. Оған бөгет бола алмаймыз. Алайда, Отанға, елге қызмет етудің жөні бөлек. Туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырсақ дейміз.
- Білім ордасындағы тарих кафедрасы ұстаздарының облыстағы тарихи орындарға қатысты еңбегі жарық көрді деп естіп едік…
- Дұрыс айтасыз. Бұл еңбекті негізінен жолнұсқа деп айтуға болады. Аталған кафедра ұстаздары мен студенттерінің осы облыстағы киелі орындарға табаны тиген, саяхат құрған кездерінде жинақталған мәліметтер бұл. Кітапта тарихи нысандар мен таңғажайып табиғат бейнесі айқын жазылған. Анықтама ретінде ол орындарға бару жолдары, сол өңірлерге қатысты аңызәфсаналар да келтірілген. Мұның өзі жастар жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген тағзым отын тұтатпай ма? Ауылдық елді мекендерден ат тонын ала қашатын жас мамандар үшін бұл – зор серпіліс. Туған топырақтың тарихын танып, қасиетіне қайран қалған болашақ дәрігерлер патриот болса, ауыл тұрғындарына адал еңбек етсе дейміз. Сондықтан, Елбасы ұсынған құнды құжат қай сала мамандары үшін де маңызды деп топшылауға болады. Бөліп-жарудың қажеті жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыстағы жобалау кеңсесінің де көздеп отырғаны – осы! Жастар түсінсе, игілігін танып білсе деген мұрат қана бар. Ал, оның жемісі бір күнде көріне бермеуі мүмкін. Оған ұзақ жылдар қажет. Осыны ұғынуымыз шарт!
- Әңгімеңізге рақмет!
-
Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДА.