Вьетнамнан қос қола
Вьетнамда алғаш рет еркін күрестен өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жолғы құрлықтық біріншілік Бариа-Вунгтау провинциясында өтті. Оған 24 елден 1000-ға жуық спортшы қатысып, кіл мықтыны анықтады. Ал, осы бәсекеде белдескен жерлесіміз Ангелина Первухина мен Асхаб Хаджиев қола жүлдеге қол жеткізді.

23 жасқа дейінгі спортшылар арасында 55 келі салмақта өнер көрсеткен Ангелина Первухина қола жүлдеге ие болды. Жас спортшы – Қарағанды облысының Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі. Аталған чемпионатқа жоғарғы дайындықпен барып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әрине, бұл спортшы үшін, облыс үшін де – үлкен жетістік.
Ал, 79 келі салмақта татамиге шыққан Асхаб Хаджиевтің қарсыластары осал болмады. Олай дейтініміз, қарағандылық балуанның салмағында Азияның үздіктері, Әлем біріншілігінің жеңімпаздары болған. Соған қарамастан дайындығының нәтижесінде қола жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, Асхаб – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі. Қарағанды спорты үшін бұл жетістік халықаралық аренадағы нәтиже ғана емес. Өңір спортының жүйелі дамуын аңғартады. Ел байрағын әлемдік ареналарда желбіреткен спортшыларды жүлдесімен құттықтаймыз!
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»