Ветеринария – халық денсаулығының қалқаны
Ветеринария еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі болып табылады. Бұл – тек жануарлардың денсаулығы бағытындағы ғылым емес, сонымен бірге, адам мен жануарлар үшін қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл, сондай-ақ, күнделікті әрбір тұрғынның дастарханына жететін қауіпсіз және сапалы мал шаруашылығы өнімдерінің негізі.

Қарағанды облысында ветеринарлық-санитарлық жағдай мәселелері тұрақты және жүйелі бақылауда. Ветеринария басқармасының негізгі мақсаты – халықты зоонозды аурулардан қорғау және өңірде эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстап, профилактикалық, диагностикалық және эпизоотиялық іс-шараларды кешенді түрде жүзеге асыру.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін 2025 жылы облыстық бюджеттен 2,711 млрд теңге бөлінді. Ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлық жоспарланған жұмыстар толық көлемде орындалды.
14 аса қауіпті мал ауруларына қарсы, оның ішінде, құтыру, ішек қабыну, оба, эмкар, түйе обасы, жоғары патогенді құс тұмауы, ринопневмония, сап, нодулярлы дерматит, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, туберкулез, ньюкасл ауруы, сондай-ақ, жыртқыштарды дегельминтизациялау жұмыстары аясында 6,1 млн вакцинация жасалып, лабораторияға 1,6 млн биологиялық сынама жеткізіліп, зерттелді.
2025 жылы облыс аумағында бруцеллезге зерттелген 618,2 мың бас ІҚМ-дың 1 607 басы және 1,010,3 мың бас қой-ешкінің 46 басы ауруға оң нәтиже көрсетті. 2024 жылмен салыстырғанда бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен мал бастарының саны 82 басқа азайып отыр.
Ауруларға оң нәтиже көрсеткен жануарлар қолданыстағы ережелердің талаптарына сәйкес санитарлық союға тапсырылды, мал иелеріне жалпы сомасы 29,4 млн теңгеге өтемақы төленді.
Есепті кезеңде облыста 7 қауіпті ошақ тіркелді, оның 5-і толық сауығып, 2-інде эпизоотияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Жалпы, 2024 жылмен салыстырғанда қауіпті ошақтар саны 41%-ға азайды, бұл дер кезінде қабылданған карантиндік және шектеу шараларының тиімділігін көрсетті.
Эпизоотиялық жағдайды сақтауда мал иелерінің жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының талаптарына сәйкес, мал иелері ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіруді, уақытылы вакцинация мен диагностиканы жүргізуді, ауру мен өлім-жітім туралы хабарлауды, өнімді сойысқа дайындау мен сату кезінде ветеринарлық-санитарлық нормаларды сақтауды және мамандарға көмек көрсетуді міндетті түрде қамтамасыз етуі қажет. Бұл талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеліп, эпизоотиялық тұрақтылыққа кері әсер ететіні сөзсіз.
2025 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге 176,1 млн теңге бөлінді. Бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне 674 921 бас төл енгізілді.
Биологиялық қалдықтарды жою мәселесіне ерекше назар аударылуда. Облыста 105 мал өлекселерін көму орны бар, оның ішінде, 42 типтік және 63 қарапайым, сондай-ақ, 18 инсинератор, оның 4-і жылжымалы. Осы жылы бюджет есебінен 9 мал қорымы мен 2 көму орны жөнделіп, барлық объектілер ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.
Басқарма мемлекеттік қызметтерді де көрсетеді: жыл ішінде 58 374 қызмет көрсетілді, ветеринарлық анықтама мен паспорт беру, ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету) және ветеринарлық қызмет бойынша лицензиялау.
Қаңғыбас иттердің санын реттеу үшін 2025 жылы 173,7 млн теңге қаралып, 3 282 иттің 2 933-і сәйкестендіріліп, вакцинацияланып, стерилизацияланып, бұрынғы мекендеріне қайтарылды. Қауіпті және агрессивті иттер ғана заң аясында жансыздандырылды.
Саланың тағы бір маңызды мәселесі – кадрлық қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 47 ветеринарлық маманға қажеттілік бар, оның 24-і – жоғары білімді. 2023 жылдан бастап сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары енгізілген, соның ішінде, жалақыға үстемеақылар мен сауықтыру жәрдемақылар төленіп отыр.
Халыққа ветеринарлық қызметті қолжетімді ету мақсатында облыстың 5 елдімекенінде модульдік ветеринарлық пункттер іске қосылды. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны нығайту аясында 70 қызметтік автокөлік сатып алынып, ауылдық округтердің ветеринарлық дәрігерлеріне табысталды.
Мемлекет басшысының жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ақпараттық жүйелер мен мобильдік қосымшалар белсенді енгізілуде, бұл эпизоотиялық жағдайды автоматты түрде есепке алу, бақылау және талдауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері үшін жануарларды тіркеуге, ветеринариялық паспорт алуға, ветеринариялық жаңалықтар мен хабарламалар алуға мүмкіндік беретін «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Қарағанды облысында эпизоотиялық жағдай тұрақты. Алайда, осы тұрақтылықты сақтау – мемлекеттік қызмет, ветеринарлық қызмет және әрбір мал иесінің бірлескен жауапкершілігі. Себебі ет, сүт және басқа мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі халық денсаулығына тікелей әсер етеді. Академик К.Скрябиннің: «Медицина адамды емдесе, ветеринария – адамзатты емдейді» деген сөзі бұл саланың жауапкершілігін дәл көрсетеді.
Амандық Жакетаев,
Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы



