Вера
Мен осы бір бөгенайы бөлек әңгімені жас кезімде әкем Жұмаш Шәдетұлынан естіп, есімде сақтап қалыппын, көпшілікке жеткізудің сәті енді түскен тәрізді…
Оқиға 1941 жылдың қараша айында, еш тоқтаусыз шабуылдаған, неміс әскерінің Мәскеу түбіне жақындап, 7 қараша күні Қызыл алаңда Жеңіс мейрамын тойлауға шешім шығарған уақытына сәйкес келеді. Осы жағдайға орай, Поволжье бойындағы тұрғылықты немістер фашист әскерін қуанышпен қарсы алуға дайындық жасаған.
Үкімет жағдайды саралап, Поволжье немістерін Сібірге, Қазақстанға, Орта Азия республикаларына жер аудару турасында шешім қабылдаған. Сол тапсырмаға сәйкес, шалғайдағы Үміткер ауылына 20 шақты немісті ешкімге ләм-мим деп ескертпестен, күздің қара суығында колхоздың мал қорасына түсіріп кете барады құзыреттілер.
Ол уақытта колхоз бастығы болып істейтін әкем Жұмаш Шәдетұлы дала жұмыстарын аралап келе жатып, мал қорасының төбесінен шығып жатқан түтінді көзі шалады. Қора-қопсының ішінде біраз адам от жағып, жылынып отырғанын көреді. Киімдері жұп-жұқа бала-шаға, қартаң тартқан шал-кемпір әбден тоңған әрі шаршаған, өлімнің аз-ақ алдындағы халде екен. Ішіндегі бір жазғы көйлек киген 10-11 жастағы неміс қызы жылап келіп, әкемнің үзеңгісінен ұстап айырылмайды екен. Әкем болса, әлгі қаршадай қызды үйге алып келіп, тамақтандырып, киіндіріп, отбасының бір мүшесіндей тәрбиесіне алады. Сонан соң әлгі мал қорадағы адамдарды үйді-үйге қоныстандырып, қоймадан азық-түлік бергізеді.
Кейіннен олардың көпшілігін колхоз жұмысына пайдаланады. Арасында қолынан іс келетін мамандар бар екен. Әсіресе, Рудольф деген ұста жүк арбаларының дөңгелегін жөндеуде таптырмайтын кәнігі ұста екен.
Сонымен, жаңағы біздің үйге келген Вера есімді неміс қыз өте тәртіпті, ұқыпты болып өсті. Қазақ тілін үйренді.
Інім Кеңес екеуімізді «бала қаздай жем беріп» тәрбиелеп өсірді. Кейбір көршілеріміз шешеміз Қапсаға ескертіп, «Байқа, неміс қызы балаларыңа қастандық жасамауын қадағала» деген рәуіштегі сөзін естіген Вера жылап, «Олар – менің бауырларым», – дейді екен.
1946 жылы әкем Үлгі колхозының басқарма төрағалығына ауысқанда, бізбен бірге Вера да Үлгіге барады. Ол сымбатты қыз болып бой жетеді. Мұнда Вераны көңілі қаламаған бір жігіт алып қашады. Ертеңінде Вера үйге қайтып келіп, «Енді Үлгіде қала алмаймын, мені Үміткердегі туыстарыма апарып салыңыздар», – деп өтінеді екен. Әкем мен шешем киім-кешегін, көрпе-жастығын, ыдыс-аяғын түгендеп, ұзатқан қыздай туыстарына апарып салады. Үміткерде ол Жұма Әлиакпаров есімді азаматқа тұрмысқа шығып, ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүреді. Көпбалалы ана болады, мұсылман дінін қабылдап, намаз оқып, ауылға сыйлы бәйбіше атанып, өмірден өтті.
Міне, ардақты оқырман, тарих парағына осындай таңғажайып ғұмыр иесі де бәдізделіп енгелі тұр…
Жеңіс ШӘДЕТОВ,
Бұқар жырау ауданының
Құрметті азаматы