АймақБалқаш

Василий ЖИРОВ: Балқашта туғаныма мақтанамын!

«Балқаштың барысы» туған қаласына келді. Даңқ­ты боксшы Василий Жиров қала әкімдігінде шаһар басшысы Сапар Сатаевпен, спортшылармен және журналистермен кездесті. Бұдан соң тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған боксшы атындағы турнирдің ашылу рәсімі мен жекпе-жектің алдыңғы кезеңдері өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қалалық спорт клубында 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында бокстан ашық біріншілік көпшіліктің көңілінен шықты. Василий Жировтың сыйлығы үшін ұйымдастырылған жарыстың шаршы алаңына Балқаш, Приозерск, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларының спортшылары шықты. 8 команда және 80-ге жуық қатысушы өзара сынға түсті.

– Бұл – біздің пилоттық жобамыз, биылғы бірінші турниріміз. Келесі жылдан бастап, бұл турнирді жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр­мыз. Келесі жылы сәуір айында Василий Жировтың туған күніне орай өткізу ойымызда. Бұл турнир болашақ жас спортшыларды осы спорт түріне тартып, боксты танымал етеді, – деді «Балқаш қаласы бокс федерациясы» төрағасының орынбасары, жарыстың бас төрешісі Аманжол Маканалин.

Боксшыны қабылдаған қала басшысы спортшының иығына шапан жапты. Құттықтау сөзін жеткізіп, балқаштықтар былғары қолғап шеберімен мақтанатындығын тілге тиек етті.

– Василий – халқымыздың мақтанышы, өзінің еңбегімен және табандылығымен әлемдік спорт аренасында қазақстандық туды көтерген адам. Мен чемпионға спорттың дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін және еліміздің жас спортшыларына берген шабыты үшін шын жүректен алғыс айтамын. Біз боксшының әр шаршы алаңдағы кездесуін күтіп, тамашалайтын едік. Қазақстанның барлығы өзіңіздей мықты спортшысымен әр кезде мақтанады, – деді Сапар Сатаев. Сонымен қатар, боксшының бала күнгі достары, жас спортшылар лебізін білдірді.

– Туған қаламның маған деген ықыласы жүрегімді толқытып жіберді. Балқашта туғаныма мақтанамын. Спортта биік жетістікке жетуіме үлесін қосқан бапкерім, марқұм Александр Апачинскийді еске алдым. Менің осындағы бақытты өмірім көз алдыма келді. Балқаштықтарды мен де ерекше жақсы көремін, – деді Василий Жиров.

Келесі күні Василий жас спортшылармен шеберлік сағатын өткізді.

Балқаш дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде даңқты боксшымен елуге жуық бала жаттықты. Ерекше форматтағы дайындықпен өткен шеберлік сағатында әртүрлі жас деңгейіндегі балалар мен жасөспірімдер болды. Олар ел мақтанышымен бірге дайындықты пысықтап, артынша көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Еркін әрі ашық әңгіме болды. Балқаш қаласының спорт саласы басшылығы алдағы уақытта осындай үлгідегі жиындары тұрақты өткізуді жоспарлап отырғандығын айтты. Өйткені, бұл өскелең толқын үшін шеберлік шыңдауға керемет мүмкіндік.

Шеберлік сабағынан кейін Василий Жиров спортшылардың бокс қолғаптарына, жейделеріне және басқа да заттарына қолтаңбасын қалдырды.

Екі күнге созылған шаршы алаңдағы жекпе-жектер қорытындысы бойынша үздік боксшылар анықталды. Балқаштағы «Барс» бокс мектебінің жаттықтырушысы Сәбит Сәкенұлының шәкірті Нұрасыл Болатхан «Үздік боксшы» номинациясымен марапатталды.

Ал, 40 келі салмақта – Ернұр Егінтай (Қарағанды), 42 келі салмақта – Ерсұлтан Фархатов (Балқаш, «Барс» бокс мектебі), 44 келі салмақта – Нұрбек Төребек (Балқаш, «Барс» бокс мектебі), 46 келі салмақта – Нұрислам Раталы (Балқаш. «Барс» бокс мектебі), 48 келі салмақта – Нұрасыл Болатхан (Балқаш, «Барс» бокс мектебі), 52 келі салмақта – Дарын Нескен (Қарағанды), 54 келі салмақта – Шынғысхан Кенес (Қарағанды), 57 келі салмақта – Самат Асқар (Қарағанды), 60 келі салмақта – Ратмир Агадуллин (Балқаш, «Барс» бокс мектебі), 75 келі салмақта – Азатбек Тілекұлы (Қарағанды) жеңіске жетті.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button