Руханият

Вампир ме, банкир ме?

С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры көрермен назарына жаңа қойылым ұсынды. Серік Жұматтың авторлық туындысы «Вампир күйеу» атты комедиялық қойылым елдің езуін жидырмады десек те болады. Оқиға желісі қарапайым қазақ ауылында өтеді.

Ол қалада оқитын қызының «күйеуге шығамын» деген хатынан басталады. Хатты Қатира есімді кейіпкердің қате оқуынан ауыл арасында дүрбелең туады. Қыздың ата-анасы «күйеу баланың есімі ерекше екен» – деп таңданады. Кейін оның адамның қанын ішетін қанішер екенін біліп жағаларын ұстайды.

Ауыл адамдары қаладан «Вампир» күйеуді күтіп, сақтық шараларын қолға алады. Тұрғындар күйеу баланы қарсы алуға ерекше дайындық жасайды. Әркім өз үйіндегі суық қаруды алып, жол тосады. Ал, шындығына келгенде бәрі басқаша болады. «Вампир» деп жүрген күйеу баланың мамандығы банкир болып шығады. Кішкентай ғана қателіктің адам тағдырын өзгере алатындығын осы қойылым арқылы түсінуге болады.

Спектакль Бекмұхамед Киекбаевтың режиссерлігімен қойылды. Қоюшы режиссердің айтуынша, бұл қойылымда айтарлықтай тереңдік жоқ. «Осы жолы мен қойылымнан философия іздеп, көрерменге айтатын ақыл іздеп әуре болмадым. Бұл өзі біраз жерлерде қойылған жақсы комедия деп естідім, сол үшін алған болатынмын. Бірақ, кез келген жақсы комедияны жаман комедия қылып шығаруға болады. Сондықтан, «бұл – керемет еді, керемет қойып едім» деп мен айта алмаймын. Жеңіл комедия болғандықтан, дайындық барысы да өте жеңіл өтті. Еңбегімнің бағасын көрерменім берсін, – деді ол.

Сонымен қатар, ауыл әкімінің рөлін сомдаған Сәкен театрының актері Талғат Садықов: «Бұл қойылымға екі айдай уақыт шамасында дайындалдық. Бекмұхамед Киекбаевтың қадағалауымен дайындап сахнаға алып шықтық. Қо­йылымда қызықты оқиғалар бар. Өзім кішкентай ауылдың ақсақалын әрі әкімінің рөлін ойнаймын», – деп пікір білдірді.

– Маған қойылым ұнады. Актерлердің ойыны сәтті деуге болады. Костюмдері да тартымды. Миға қатты салмақ салмайтын қойылым екен. Демалып қайттық. Бірақ, мұнда сөзге мән беру мәселесі жатыр. Өйткені, «банкир» дегенді «вампир» деп естіп, неше түрлі оқиғаларға ұласады. Қойылым осындай қателіктерге ұрынбауға, қырағы болуға үндейді, – дейді Эльнура Ұланқызы есімді көрермен.

Сондай-ақ, көрермен назарын аударған «Вампир күйеу» қойылымында вампир рөлін сомдайтын актер Досан Молдабаев: «Спектакль – вампир жайында, ауылдық мәселелерді қозғайды. Мен вампирдің рөлін сомдаймын. Комедиялық қойылым көрермендердің көңілінен шығады деген үміттемін», – деді.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button