Вакцинация – тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2025–2026 жылғы эпидемиялық маусымда, соның ішінде Қазақстан аумағында А(H1N1), А(H3N2) және В типті тұмау вирустары белсенді айналымда болады. Бұл штаммдар жыл сайын қайталанып отырады, олар әсіресе балалар, қарт адамдар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар жандар үшін ауыр асқынулар туғызуы мүмкін.

Алдағы маусымға дайын болу үшін тек уақытылы вакцина салдыру ғана емес, сондай-ақ профилактикалық шараларды сақтау да өте маңызды.
Вакцинация – қорғанудың ең тиімді жолы
Тұмауға қарсы вакцина – аурудың алдын алудың ең сенімді әрі тиімді тәсілі. Ол аурудан мүлдем сақтайды немесе оның жеңіл өтуіне және асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Қазақстанда вакцинация 2025 жылдың 15 қыркүйегінен басталды. Компания 1 қарашаға дейін жалғасады – дәл осы кезеңде организм тұмаудың белсенді таралуына дейін иммунитет қалыптастырып үлгереді.
Вакцинация ерікті түрде тұрғындардың тіркелген емханаларында және медициналық мекемелерінде жүргізіледі. Тұмауға қарсы вакциналар барлық сынақтардан өткен, олардың қауіпсіз және тиімді екені дәлелденген.
Кімдерге вакцинация жасату қажет?
Ең алдымен, халықтың келесі осал топтарына:
- созылмалы ауруы бар балаларға,
- балалар үйінің тәрбиеленушілеріне,
- қарттар үйінде тұратын кәрі адамдарға,
- жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жолдары аурулары бар науқастарға,
- жүкті әйелдерге (екінші триместрден бастап),
- медицина қызметкерлеріне.
Сондай-ақ вакцинация мұғалімдерге, әскери қызметкерлерге, 65 жастан асқан азаматтарға және созылмалы аурулары бар жандарға ұсынылады.
Ұжымдық иммунитет – баршаға қорған
Халықтың басым бөлігі вакцина алғанда, вирус тарайтын орта таппайды – бұл ұжымдық иммунитет деп аталады. Осылайша, вакцина алған адам тек өзін ғана емес, айналасындағы жақындарын, әріптестерін, көршілерін де қорғайды.
Жұмыс берушілерге – әріптестерінің денсаулығы туралы
Еңбек ұжымдарындағы аурушаңдықты төмендету – кәсіпорындар жұмысының тұрақтылығы мен тиімділігіне тікелей әсер етеді. Сол себепті ұйым басшыларына қызметкерлерге вакцина салдыруды жұмыс беруші есебінен ұйымдастыру ұсынылады. Бұл – адамдарға деген қамқорлық қана емес, сонымен қатар өндірістік тұрақтылықты сақтаудың нақты жолы.
Алдын алу шаралары – әр күн сайын, әр мекемеде
Вакцинациямен қатар, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін профилактикалық шараларға да баса назар аударылуда. Еліміздегі медициналық ұйымдарда төмендегідей шаралар енгізілді:
- кіреберісте міндетті термометриясы бар фильтрлер орналастырылған
- медициналық бетперделерді (маскаларды) қолдану міндетті
- қолды өңдеуге арналған антисептиктер қойылған.
Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда дәрігерлердің үйге баруы бірінші кезекте ұйымдастырылады – бұл басқа пациенттердің ауруды жұқтыру қаупін азайтады.
Мектептер мен балабақшаларда не істеліп жатыр?
Білім беру ұйымдарында күнделікті таңертеңгі фильтр жүргізіледі – дене қызуын өлшеу, ЖРВИ белгілерін бақылау. Аурушаңдық артқан жағдайда нақты шаралар қабылданады:
- Егер бір сыныпта инкубациялық кезең ішінде 20–30% оқушы ауырып қалса:
► кабинеттік жүйе тоқтатылады,
► сыныпқа жаңа оқушылар қабылдау 10 күнге тоқтатыла тұрады. - Егер ауырып қалғандар саны 30%-дан асса:
► сынып қашықтан оқуға көшіріледі.
Бұл шаралар – аурудың әрі қарай таралуының алдын алып, ауруды ұжымға түгелдей жұқтыру қауіпін азайтады.
Жалпы профилактика: қарапайым, бірақ маңызды шаралар
Әрбір адам төмендегі қарапайым ережелерді сақтау арқылы ортақ денсаулыққа үлес қоса алады:
- қолды сабынмен жиі жуыңыз,
- су болмаған жағдайда антисептик қолданыңыз,
- 1,5 метрден кем емес қашықтықты сақтаңыз,
- жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз-мұрынды жабыңыз,
- ауырған адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болыңыз,
- тұмау өршіген кезде амандасу кезінде құшақтасу, қол алысу, бетінен сүюден бас тартыңыз.
Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстану маңызды – толыққанды ұйқы, теңгерімді тамақтану, физикалық белсенділік. Үйдің тазалығына мән беріңіз, күнделікті дымқыл тазалау жұмыстарын жүргізіңіз, бөлмені жиі желдетіп, ауаны ылғалдандырып отырыңыз.
Жауапкершілік – ортақ денсаулық кепілі
Құрметті оқырмандар, денсаулыққа деген қамқорлық – бұл тек жеке таңдау ғана емес, сонымен бірге айналаңыздағы жандарға деген құрмет. Уақтылы вакцина салғызыңыз, сақтық шараларын орындаңыз және осы маусымда тұмаудың таралуын тоқтатуға өз үлесіңізді қосыңыз.
С.ИРИСТАЕВ,
Шахтинск қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы