«Вакциналау жоспар бойынша жүріп жатыр»
Коронавирус – вирустың жаңа түрі, оның екпесі де жаңадан әзірленді. Оның үстіне, вирус үнемі өзгеріске ұшырап, жаңа штамдары пайда болуда. Әлеуметтік желіде желдей есіп, тарап жатқан түрлі жалған ақпараттар одан сайын вакцинадан үрей туғызуы мүмкін. Бірақ, дәрігерлер мұның барлығы ғылыми негізсіз дейді. Вакцина алған адам сол сәттен бастап үш күнге дейін дәрігерлердің жіті бақылауында. Осы уақытқа дейін вакцинаның айтарлықтай кері реакциясы тіркелмеген. Екпеден кейінгі дәрігер бақылауы, жалпы екпені салу кезеңдері туралы алғашқы медико-санитарлық көмек қалалық орталығының директоры Татьяна БАШИРОВА айтып берді.
– Вакцина орталығының жұмысы, жалпы вакциналау барысы қалай жүріп жатыр?
– Вакциналау орталығы біздің емхананың филиалында жүргізіліп жатыр. Бірінші кезеңде вакцинаны инфекциялық госпитальдар мен стационарлардың, жедел жәрдем қызметі мамандарының алып жатқанын білесіздер. 22-ақпаннан бастап вакцинаның екінші компоненті салынады. Яғни, 1-де екпе алғандар 21 күн өткеннен кейін екінші рет екпе жасатады. Бүгінгі күнге дейін біздің орталықта 660 маманға екпе салынды. Вакциналау қалыпты жүріп жатыр. Бір флакон екпе 5 адамға салынады. Сондықтан, біз олардың бірдей келуін күтеміз.
– Вакцина салынғаннан кейінгі бақылау қандай?
– Егу кабинетінен шыққандар күту залында жарты сағат болуы тиіс. Осы уақыт аралығында мамандар ол адамның жағдайын бақылайды. Одан кейін тіркелген мекенжайы бойынша емхана дәрігерлері өз бақылауына алады. Вакцина алған адам туралы мәлімет бірден тиісті емханаға түседі. Екпе салу басталғалы өзіміз күткен белгілер байқалды. Дене қызуының көтерілуі, тұмауға ұқсас белгілер, мысалы, әлсіздік, бас ауру сияқты жағдайлар көрініс берді. Бірақ, олардың барлығы вакциналаудан кейінгі 3 күн ішінде ғана болады.
– Бақылау неліктен 3 күнге созылады?
– Вакцинадан кейінгі бақылау мерзімі салынған вакцинаға байланысты белгіленген. Қазір қолданыстағы «Спутник V» – инактивтендірілген вакцина. Бекітілген талаптар бойынша бақылау мерзімі 3 күн. Осы күндер ішінде аталған белгілер байқалуы мүмкін.
– Екпе салдырғысы келген қарапайым адамдар үшін вакциналау қашан басталады?
– Бекітілген кезеңдер бойынша тиісті адамдар вакцина алып болғаннан кейін. Екінші кезеңде, педагогтар, одан кейін құрылымдық күштер мамандары, қатер тобындағы адамдар барлығы алып болғаннан кейін болуы мүмкін. Ол кезде таңдауға болатын вакцина түрлері де көбейетін шығар. Оларды сақтау мен тасымалдау әдістері де өзгеретін шығар. Бұл бағытта министрлік жұмыс жасап жатыр. Оны уақыт көрсетеді.
– Вакцинаның екінші дозасын алмаған жағдайда не болады?
– Екінші вакцинаны алатын уақытты 7 күнге дейін шегеруге болады. Адам екпенің бірінші компонентін алған кезде келісімге қол қояды. Онда оның 21 күннен кейін екінші дозаны алу үшін келуі тиіс екені көрсетіледі. Егер ол адам ауырып қалса, 7 күн емес, нақты жазылған күні алатын болады. Ал, жеке мәселесімен уақыт создырса, онда ол оның өз жауапкершілігінде.
– Екінші компонентті алатын уақытта басқа жаққа жол жүріп кетсе, сол жақтан алуы мүмкін бе ?
– Жоқ. Бірінші компонентті қай жерден алды, екіншісін де сол жерден алуы керек.
– Вакциналау қарқыны қандай? Барлық медицина қызметкері вакцина алып үлгереді ме?
– Біздің орталықта тағы 100-ден астам адам вакцина алуы керек. Бізде денсаулық сақтау басқармасымен келісілген кесте бар. Ол кесте қызметкерлері екпе алу тиіс медициналық мекемелермен де келісілген. Сол мекемелердің өкілдері келіп, өз қызметкерлерінің келуін реттейді. Себебі, бірден бес адам келіп, ашылған флакон босқа кетпеуі тиіс. Бірақ, ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан, жалпы вакциналау жоспар бойынша жүріп жатыр деуге болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.