Жаңалықтар

Вакциналау рейдінің алгоритмі қабылданды

Кейбір қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің міндетті вакциналау нәтижесі қалай тексерілетіні белгілі болды. Кеше ҚР Премьер Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы вакцинациялау бойынша жүргізілетін рейдтердің алгоритмін мақұлдады.

Алгоритмді Денсаулық сақтау министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдар және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандары әзірледі.

Рейд барысында мониторингтік топ бұрын анықталған бұзушылықтардан бөлек, кәсіпорын қызметкерлерінің COVID-19-ға қарсы екпенің бірінші компонентін алғандығын тексереді. Қызметкерлер саны 50 адамнан асатын және ұжымдағы адамдардың 60%-дан азы COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен егілген кәсіпорындардың тізімі жобалық кеңсенің вакцинация картасы негізінде жасалады.

Мониторингтік топ объектіге шыққанда жұмыс беруші екпе алған және вакцинадан босату туралы құжаты бар қызметкерлерді (7 күннен аспайтын мерзімдегі ПТР-зерттеулер, тұрақты/уақытша медициналық қарсы көрсеткіштер немесе 3 ай ішінде COVID-19 ауырып жазылған адамдар) көрсете отырып, толық тізім ұсынады. Мониторингтік топ іріктемелі түрде (қызметкерлер саны 50-ден 200 адамға дейін – қызметкерлердің кемінде 10%-ы, 201-ден 500-ге дейін – кемінде 5%-ы, 501-ден 1000-ға дейін – кемінде 3%-ы, 1000-нан жоғары – кемінде 1%-ы) аталған тізіммен салыстыра отырып Ashyq қосымшасы арқылы қызметкерлердің мәртебесін тексереді.

«Жасылдан» басқа мәртебесі бар қызметкерлер анықталған жағдайда, оның вакцинасыз жұмыс орнында болу құқығын беретін анықтама сұратылады. Вакциналау тәртібінің бұзылғаны расталған жағдайда мониторингтік топ нақты осы тұлғаларды көрсете отырып материалдар қалыптастырады және кейіннен шешім қабылдау үшін СЭС органдарына жібереді. Кәсіпорынға (басшыға не өзге уәкілетті тұлғаға) вакцина алмаған жұмыскерлерді қызмет объектісіне жіберуді шектеу қажеттілігі түсіндіріледі.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары монитрингтік топтан келіп түскен материалдардың негізінде объектіге санитариялық эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы қаулы береді. Мониторингтік топ қаулыда белгіленген мерзім ішінде қызметкерлерді жұмыс орындарына негізсіз жіберу фактілерін қайта анықтаған кезде жұмыс берушіні ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралады.

Жергілікті атқарушы органдар объектілерге әкімшілік шараларды қолдану нәтижелері бойынша объектінің Ashyq жобасына қатысуын тоқтата тұрады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button