Ресми

Вакциналауға дайындық басталды

Облыстың денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметкерлер арасында вакциналауға дайындықты бастап кетті. Індеттің де, вакцинаның да жаңа екендігін ескерген мамандар оған жан-жақты дайындалмақшы. Яғни, вакцинаны салудан бұрын адамның денсаулығы туралы толық мәлімет алу, вакцинаны жеткізу мәселелері, салғаннан кейін ол адамды бір жарым сағат көлемінде қадағалау тәртібі пысықталды. Ол үшін ресейлік ғалымдармен онлайн режимде семинар да ұйымдастырылды.

Қарағанды облысының қоғамдық денсаулық қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова бұрыннан айтылған­дай, бірінші кезекте медицина қыз­меткерлерін вакциналау басталатынын айтты.

– Алғашқы кезеңде 9 мың адамға вак­цина салынады депжоспарланған. Ол – тегін, тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемі аясында жасалады. Арнайы вакцина жасау орталықтарын ашамыз. Ол жерде видеокамера, қажетті жабдықтар орнатылған. Себебі, вакцина салғаннан кейін адам біраз отырып, денсаулығын байқастайды. Одан кейін учаскелік дәрігердің қадағалауына жіберіледі, – деді Б.Төлегенова.

Вакцина екі рет салынады. Бірінші доза салынғаннан кейін 21 күн өткен соң екіншісі салынады. Бұл рет­те вакцина бәріне бірдей салынбайтынын ескеру керек. Аллергиясы бар адамдар, аяғы ауыр немесе бала емі­зетін аналар, не болмаса жүктілік жоспарлап жүрген әйелдерге салынбайды. Ол адамда коронавирустың белгілері болса, мәселен, жөтел, тамақтың жыбырлауы, тұмау, иіс, дәм сезбеу деген сияқты белгілері байқалса, салынбайды. Сонымен қатар, 18 жасқа толмаған және 60 жастан асқан адамдарға вакцина салынбайды.

– Вакцина Ресей Федерациясының өзінде осы санаттағы адамдарға сынал­ған жоқ. Сондықтан, Қазақстанда бастапқы кезеңдерде жасына қарай топтарға вакцина жасалмайды. Бірақ, Ресейде қаңтардан бастап, егде жас­тағы адамдарға вакцина сыналып жатыр, – деп атап өтті Бибігүл Төлегенова.

Дегенмен, қоғамның осал топтарына арналған басқа елдердің вакцинасы да әкелінуі мүмкін. Ал, отандық вакцина наурыз айының соңына қарай соңғы сынамадан өтеді.

Өткен тәуліктегі деректер бойынша, Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 78 жаңа жағдай тіркелді. Оның ішінде 48-і ауру белгілері бар науқастар, 30-ында ауру белгілері жоқ. Ең көп 36 жағдай Қарағанды қаласында тіркелген. Теміртау қаласының 17 тұрғынынан, Жез­қазған қаласынан 12 жағдай анық­талды. Приозерск қаласы мен Бұ­қар жырау ауданында – 2, Абай қаласында 5 жағдай, Сәтбаев, Саран, Шахтинск қалалары мен Ұлытау ауданында 1 жағдай анықталды. Барлығы облыста 13 465 адам вирус жұқтырды. Оның 12 327 адамы жазылып шықты. Ал, ел бойынша 26-қаңтарда 1 397 жағдай тіркеліп, 181 117-ні құрады. 1 398 адам жазылып шықты десек, 15 адам коронавирустан көз жұмды. Одан бөлек, коронавирусты пневмониядан қайтыс болған 3 адам бар. Жалпы, өкпе қабынуымен түскен 8 адам болса, барлығы 47 445 адам пневмонияға шалдыққан.

Сонымен қатар, ҚР денсаулық сақ­тау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Дәрілік заттардың тапшылы­ғы болмайды» деп мәлімдеді. Осын­дай мәселенің бар екенін айт­қан Президент­ке министр антиковидтік дәрілердің бағасы 2 есе төмендегенін, науқастар амбулатор­лық деңгейде коронавирус пен пневмонияның дәрілерін тегін алатынын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button