Covid-19

«Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ»

1-ақпаннан бері 21 күн өткеннен кейін салынатын вакцинаның екінші компонентін егу уақыты аптаның басына келді. Екінші компонентті алу міндетті. Оны алмаса, коронавирусқа қарсы иммунитет толық қалыптаспайды. Әлбетте, вакцинаға әр адамның ағзасы әртүрлі жауап беруі мүмкін. Ықтимал деген реакциялар болады. «Дегенмен, ол сондай қорқынышты процедура емес», – дейді қаладағы №1 көпсалалы аурухананың эпидемиологы Гүлім СӘБИДЕН.

– Өзіңіз және әріптестеріңіз вакцина алдыңыздар ма? Қандай да бір әсері байқалды ма?

– 2-ақпанда вакцинаның бірінші компонентін алдым, осы аптада екіншісін алып үлгердім. Аурухана бойынша ең әуелі шұғыл медициналық көмек көрсететін, қабылдау бөлімінде отыратын және реанимация бөлімінде жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер алды. Барлығы ерікті түрде, мәжбүрлеу деген болған жоқ. Бір адам аутоиммундық дәрілер ішіп жүргендіктен, уақытша кейінге қалдырылды. Бүгінгі күні 220 қызметкер бірінші компонентін, оның 100-і екіншісін де алды. Өзім қандай да бір әсерін сезген жоқпын. Бірақ, басқа адамдарда әлсіздік, еккен жердің ауырсынуы сияқты белгілер байқалды. Оның барлығы белгілі реакциялар. Сондықтан, одан қорқудың қажеті жоқ.

– «Екінші компонент біріншісіне қарағанда ауырлау болады» дейді. Солай ма екен?

– Негізі, екінші компонентті біріншісіне аллергиялық реакция байқалғанда салуға болмайды. Менде және әріптестер арасында ондай жағдай тіркелген жоқ. Екі ретте де біздің жалпы жағдайымызды тексерді. Ақпараттық келісімге қол қойғаннан кейін ғана екпе жасалды.

– Ауруханада ашылған вакцина орталығы туралы айтып өтсеңіз…

– Орталық ақпанның 1-інде ашылды. Вакцинаны тасымалдау мен сақтау үшін қажетті жабдықтар бар. Суық тізбек сақталуы керек. Осы мақсатта аурухананың 14 маманы арнайы оқытылды. Аурухана қызметкерлері екпені осы жерден алдық. Жалпы, онда күніне 20 шақты адамға вакцина жасалады. Қазір резервте тұрған адамдар да бар. Қосымша вакцина келуі тиіс, онда егілетін адам саны да көбейеді.

–Коронавирустан жазылғандар арасында вирустан кейінгі қандай белгілерді байқайсыз? Сіздерге ондай шағым айтып келетіндер бола ма?

– Вирустан кейінгі әлсіздік, ентігу сияқты белгілер бойынша келетіндер болады. Бірақ, басқадай белгілерді байқамадық. Негізінен, ондай жағдай стационарда жатып шыққандар арасында байқалады. Науқастың жағдайына қарай стационарда 2 апта, одан шыққаннан кейін тағы 2 апта дәрігерлердің бақылауында болады. Ал, қайтадан жұмысқа оралу мерзімі емделушінің жағдайына байланысты. Жалпы, осындай жағдайлар болмас үшін вакцина алу қажет. Ауырғаннан гөрі, ауырмаудың жолын іздеу керек. Оның жолы – вакцина.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button