Вакцина қауіп емес, қорғаныш кепілі
Вакциналау – түрлі инфекциялардан қорғаудың, сол арқылы адам өмірін құтқарудың қауіпсіз әрі тиімді әдісі. Вакцинаны бүкіл әлем қолданады. Қазіргі уақытта дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, паротит, полиомиелит, тұмау сияқты 20-дан астам аурудан қорғауға арналған вакциналар бар. Вакцинопрофилактика өмір сүру жасын ұзартуға, бала өлімінің төмендеуіне айтарлықтай ықпал етеді.
Профилактикалық егу кезінде әлсіреген немесе өлтірілген патогендік агенттер адам ағзасына енгізіледі. Бұл қоздырғыштармен күресу үшін антиденелердың пайда болуына ықпал етеді. Вакциналаудың эпидемиологиялық және экономикалық тиімділігіне қарамастан, көптеген адамдар жалпы алдын алу шараларын қолдануға болады деп сеніп, профилактикалық егулердің қажеттілігіне күмәнданады. Спецификалық емес профилактика (шынығу, дене белсенділігі, дұрыс тамақтану және басқалары) сөзсіз иммунитетті жоғарылатуы мүмкін, бірақ, көп жағдайда қызылша, дифтерия, қызамық, көкжөтел сияқты жұқпалы аурулардан қорғай алмайды.
Әсіресе, балаға екпе салу мәселесіне ерекше тоқталғымыз келеді. Себебі бірқатар ата-аналар «кейбір инфекциялар сирек кездеседі және қауіп төндірмейді, ал вакциналау аурудың өзінен гөрі қауіпті» деп санайды. Алайда көкжөтел немесе дифтериямен ауыратын баланы көргенде, ата-аналарда вакциналау қажеттілігі туралы мәселе туындамас еді. Өйткені ауру вакцина алмаған балада қиын өтеді, асқынып, тіпті, өлімге әкелуі мүмкін.
Вакцинаның адам денсаулығы мен өмірін сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін бұрын атының өзі үрей тудыратын қандай аурулар болғанын еске түсіру жеткілікті. Оба, қара шешек жер бетін шарпыды. Елді мекендер толығымен қырылып қалғандары да бар. Қазір бұл аурулар кездеспейді. Профилактикалық екпе салу адамзатты осы қорқыныштан құтқарды.
Алайда, қазіргі уақытта кейбір инфекциялар қайтадан пайда болды. Мысалы, дифтерия Йемен, Бангладеш, Венесуэла, Ресей, Украинада қайта тіркелді. Негізінен көбіне балалар ауырады. Басты себебі – вакцина алмауы. Күні бүгінге дейін қызылша біздің еліміз үшін маңызды мәселе болып келеді. Тек 2019 жылы балалар (9 ай жасында) мен ересектерге (20-29 жас) қызылшаға қарсы қосымша иммундау нәтижесінде өткен жылы ел бойынша қызылшамен ауырғандар 4,2 есе, біздің облыста 2,1 есе төмендеді. Дегенмен, вакцина алмаған балалар мен ересектер арасында қызылша жұқтырған жекелеген жағдайлар әлі де тіркеледі. Кейін солар көпшіліктің қызылшамен ауыру қаупін тудырады. Қазақстан Республикасында профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесі инфекциялық ауруларға, атап айтсақ, туберкулезге, В гепатитіне, дифтерияға, көкжөтелге, сіреспеге, полиомиелитке, қызылшаға, эпидемиялық паротитке, тұмауға, гемофильді инфекцияға қарсы егу жүргізіледі. Биыл COVID-19-ға қарсы иммундауға баса назар аударылуда. Елде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау 1 ақпаннан басталды. Бірінші кезекте вакцина алатын топтар анықталды. Оларға медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар жатады. Кейін азаматтардың қалған санаттары екпе ала алады. Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау тегін жүргізіледі.
Екпе үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Адам ағзасы кез-келген вакцинаға тез өтетін реакциялар арқылы жауап береді. Өйткені осы кезеңде дененің қорғаныс күштері қалыптасып, олар кейін адамды инфекциядан қорғайды.
Екпенің қажеттілігіне күмәндансаңыз да, бас тартып қол қоюға асықпаңыз. Жұқпалы аурудың қауіптілігі, вакцинаның қажеттілігі, одан бас тарту салдары туралы толық біліп алғаныңыз жөн. Содан кейін ғана шешім жасаңыз.
Вакциналау туралы кейбір фактілер:
— Вакциналау аурулардан қорғайды, адам өмірін сақтайды және денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі болып табылады.
— Жұқпалы ауруларға қарсы вакцина тек оны алған адамды ғана емес, айналасындағыларды да қорғауға мүмкіндік береді.
— Дәл осы вакцина полиомиелит ауруын 99%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
— Адамның папилломавирусына (HPV) қарсы вакциналау 90%-ға дейін жатыр мойны обырының алдын алуға мүмкіндік береді.
— Қызылша – әлемдегі ең жұқпалы аурулардың бірі. Қызылша ауруы өлім қауіпін туғызады. Бұл әсіресе, вакцина алмаған жас балаларға тікелей қауіп төндіреді.
— Жүктілік кезінде қызамықпен ауырса, шақалақтың өліміне немесе туа біткен ақауларға әкелуі мүмкін. Бала кезінде қызамыққа қарсы алған вакцинасы оны өмір бойы қорғайды.
— В гепатитіне қарсы вакцина В гепатитінің вирусын жұқтырудан және оның созылмалы ауруы мен бауыр қатерлі ісігінің пайда болуынан 95%-ға дейін қорғайды.
— Көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы (АКДС) біріктірілген вакциналарды қолдану емханаға бір-ақ рет баруға мүмкіндік беріп, баланың стресс алу жағдайын азайтады.
Қарағанды облысының санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
департаменті