Covid-19Бас тақырыпКоронавирус

Вакцина алу – індеттің алдын алу

Қазақстан коронавирус тез тарап жатқан, өлім-жітімі көп елдер қатарына енді. Себебі, індет жұқтырғандар мен дертті еңсере алмай, көз жұмғандар көп. 17 тамыздағы деректер бойынша коронавирус пен пневмониядан 135 адам қайтыс болды. Ел бойынша күн сайын 7 мың адам індет жұқтырғандар қатарын көбейтіп жатыр. Оның мыңнан астамы біздің облыс тұрғындары. Бұл қорқыту емес, бүгінгі күннің шындығы.

Мамандар қазіргі таңда індет жұқтырып, ауруханаға түскендердің арасында жасы да, жасамысы да көп деп дабыл қағуда. Оның бірден-бір себебі – дельта штамм.

– Жаңа штамның ерекшеліктері басқаша,–  дейді қаладағы №3 емхананың КВИ орталығы меңгерушісі Ербол Дюсекенов. – Былтыр вирус 3-4 адамға жұқса, дельта штамм бірден 5-6, тіпті, 7-8 адамға дейін жұғады және тез әсер етеді. Біз бұған дейін коронавирус созылмалы аурулары бар адамдар мен егде жастағы кісілерге қауіптірек деп келдік. Қазіргі таңда онымен жастар да, жүкті әйелдер те, балалар да ауырып жатыр. Қайтыс болып та жатыр. Осының өзі көпшілікті ойлантуы тиіс.

Дельта штамм басымдыққа ие болатынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да

Қазақстандық мамандар мен әлемдік деңгейдегі ғалымдар жаһанға қауіп төндірген вирусты тежеудің жолы – вакцина екенін айтып зар қақсауда. Олар айтқан 60% ұжымдық иммунитетке қол жеткізсек, вирус та дәл бұлай құбыла алмайды. Алайда, елдегі вакциналау қарқыны көңіл көншітпейді. Әсіресе, дені сау бола тұрса да, жастар жағы құлықсыз. Екпе алу кабинеттеріндегі кезекте көбіне егде жастағылар ғана отырады.

– КВИ-мен ауырғандар былтырғымен салыстырғанда 2-3 есе  көп. Жүкті әйелдер де, балалар да қайтыс болып жатыр. Вакцина көпшілік ойлайтындай, тірі вирус емес. Ол оның сыртқы қалыбы ғана. Сыртқы киім сияқты. Вирус ағзаға енгенде адам организмі оны танып, қарсы күресе алады. Вакцина алса да ауырып жатқандарды естіген жұрт, «бәрібір ауыратын болсақ, несіне аламыз деп ойлайды». Бұл жерде ескеретін жайттар бар. Біріншіден, вакцина алғаннан кейін иммунитет қалыптасуы үшін уақыт керек. Иммунитеті қалыптасып үлгермегендер, ауырып қалады. Екіншіден, қолданыстағы вакциналар коронавирустың алғашқы кезінде әзірленген. Олар қазіргі таңдағы өзгерген штамдарға қарсы әлсіз. Бірақ, ол коронавирустың асқынуынан, өлім-жітімнен сақтайды, – деп түсіндірді Ербол Төлегенұлы.

Негізінен ауру жұқтырғандар мен қайтыс болғандар арасында вакцина алмағандардың басым екенін ресми деректер де растады. 1 ақпан мен 1 тамыз аралығында Қазақстан бойынша  405 603 адам коронавируспен ауырған екен. 4 969 адам қайтыс болды. Осынша адамның  4 854-і вакцина алмағаны анықталыпты. Қалған 115 науқас вакцина алған екен. Бұл деректерді Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған болатын.

Министрліктің таратқан мәліметіне сәйкес, жүргізілген ақпараттық жүйелерді талдау нәтижесі COVID-19-дан қайтыс болғандардың арасында вакцина алмағандар үлесі 97,7% екенін көрсетті. Осының өзі вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігінің дәлелі болса керек. Кез келген вакцина емдік препарат емес екенін ескерген маңызды. Ол аурудың алдын алады. Яғни, ауырып қалсаңыз да дерт асқынбай, жеңіл өту мүмкіндігі жоғары.

Өткен айда вакцинадан кейін барлығы 6 420 адам ауырғаны туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылып еді. Сол уақытта вакцина алған 5,2 миллион адамның 6 420-сы ғана ауырса, бұл жақсы нәтиже емес пе? Барлық вакцина алғандардың 0,4%-ы дегенді білдерді. 5 миллион көп пе, 6 мың көп пе? Логикаға салып, екшеп көріңіздер.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button