Covid-19

ВАКЦИНА алғанға жеңілдік бар

Кешегі күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 1 727 011 адам вакцина салдырыпты. Коронавирусқа қарсы вакцина алушылардың қатары күн санап артқан сайын індеттен құтылу мүмкіндігі де арта түседі. Оның үстіне вакцинаның екі компонентін алғандарға айтарлықтай артықшылықтар берілген. Ол адамдар ПТР-тест тапсырмайды.

Вакцинаны толық алғандар елге еркін кіре алады, медициналықәлеуметтік орындарға бара алады. Ал, түрлі саладағы облыстық командалар оқу-жаттығу жиындарына тест тапсырмай-ақ қатысуға мүмкіндігі бар. Осыған дейін бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен коронавирусқа тест тапсыруға міндетті болған вахта қызметкерлері, емделуге жатқан науқастар, әскери қызметке шақырылғандар бұл талапты сақтамаса да болады. Сондай-ақ, демалыстан, іссапардан, денсаулығына байланысты демалыстан шыққан медициналық қызметкерлер мен практикаға кірісетін студенттер де бұл міндеттен құтылды. Вакцина алса, жетіп жатыр.

COVID-19 анықталғандармен байланыста болғандар оқшауланбайды. Дегенмен, оларға медициналық бақылау жасалады. Екпе салдырған кеңсе жұмысы қызметкерлері қашықтан жұмыс режиміне жіберілмейді, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында.

Осы тектес қолдау шаралары әлемнің басқа елдерінде де қарастырылуда. Германияда да вакцинаның екі компонентін алған тұрғындарға дүкенге, шаштаразға ПТР-тестісіз баруға, саяхаттауға шықса, карантинде отырмауға рұқсат берілмек. Ал, Ресейде вакцина алған егде жастағылар үшін ішінде 1000 балы бар сыйлық карточкасын беру қарастырылған. АҚШ-тың бірқатар штаттарында 100 долларлық сақтандыру бонусын 16 мен 35 жас аралығындағы екпе салдырғандар ала алады.

Бұлардың барлығы халықты вакцина алуға ынталандыруды көздейді. Алайда, Израиль халқы ешқандай айрықша шараларсыз-ақ, бір адамдай вакцина алып, бүгінде әлемге үлгі болып отыр. Жылдың басында онда тәулік сайын індет жұқтырған 10 мың адам тіркелді деп айта алмайсыз қазір. 4-5 ай ішінде халқының 80%- ы вакцина алып үлгерген елде ашық ауада бетпердесіз жүруге рұқсат етілді. 15 мамырдан бастап Польшада да бетперде тағу режимі жартылай алынып тасталмақ екен. Бірақ, біздің елде ондай мүмкіндік туралы айтуға әлі ерте. Бұрынырақ тиісті ведомство өкілдері мәлімдегендей, бетпердені толық шешіп, қалыпты өмірге көшу үшін халықтың кемі 60%-ы вакцина алуы тиіс. Жалпы, 19 миллионға жуық халықтың 10 миллиондайы вакциналауға жатады.

Соңғы екі тәулікте елде коронавирус жұқтырғандар саны азайғаны байқалады. 11 мамырдағы мәлімет бойынша 1811 адамда індет анықталыпты. Ел көлемінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 348 308 жетті. Қазақстан «қызыл аймақтан» шығып, ондағы облыстар қатары азайды дегенімізбен, Қарағанды облысы әлі де қауіпті аймақта. 11 мамырда – 200, одан бір күн бұрын 262 жағдай тіркелді.

Кешегі күнгі дерек бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары «қызыл аймақтан» шыққан жоқ. «Сары аймақта» Шымкент қаласы мен Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. «Жасыл аймақта» Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button