Вахталық әдіс қаншалықты тиімді?
Жұмыстың түрі көп. Көбісі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Вахталық әдіс дегеніміз – тұрақты тұратын жеріне күнделікті қайтып келмейтін, тұрғылықты жерінен тысқары жерде жұмысын жүзеге асыратын жүйе. Бұл кезде жұмыс беруші жұмыскерлерді арнайы тұрғын жаймен және тамақпен, көлікпен қамтамасыз етеді. Бүгінде осы тәсілмен жұмыс жасайтындардың саны артқан. Біріншіден, бұл жұмыс беруші үшін тиімді. Жұмыскерлерін әрлі-берлі тасып шығынға батпайды. Жұмысшыларға жаман емес. Апталап алысқа кеткенімен, қолына қомақты қаражатын алып, қалған уақытын үйіндегі тірлікке арнайды.
Қарқаралы ауданындағы төрт ірі кәсіпорынның барлығы вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Жалпы, шикізат өндіруде, ел экономикасын еселеуде елеулі еңбек етіп келе жатыр.
Аудан бойынша өнеркәсіп саласында былтырғы жылы 31,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 174,1% орындалған.
Қалыптасқан қиын жағдайға қарамастан өткен жылы аудан экономикасының маңызды бөлігі болып саналатын өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі артығымен орындалған. Өнеркәсіп өнімі көлемі негізінен аудандағы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар «Алтай Полиметалы», «Өркен-Кентөбе», «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік бөлімшелері – Қарағайлы кен-байыту комбинаты мен «Абыз» кеніші өндіріс ошақтары арқылы орындалып отыр.
Бұл ірі кәсіпорындарда 1800 адам жұмыс жасаса, оның 1300-і жергілікті тұрғындар. Вахтамен жұмыс жасайтын жұмыскерлердің еңбекақылары да күнделікті барып келіп істейтіндерге қарағанда көп. Аталмыш өндіріс орындары аудан аумағында болғандықтан аудан халқын жұмыспен қамтамасыз етуді бірінші орынға қояды. Әрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығарған емес. Тиімді бастамаларды қолдауда өз үлестерін қосып келеді. Вахталық жұмыс өндіріс орындары үшін тиімді. Жұмыс күшінің қуаттылығы да вахталық жүйеде. Яғни, еңбек өнімділігі мен өндірілетін өнім көлемін арттыруда бірденбір ыңғайлы тәсіл. Вахталық әдістегі жұмыскерлердің жұмыс сағаты ұзақ әрі ауысыммен тәулік бойы үздіксіз еңбек етеді.
– Біздің кәсіпорында 400-ден астам жұмыскер болса, солардың біразы – вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқандар. Орташа жалақылары 184 мың теңге көлемінде. Бұл әдістің тиімділігі жұмыскерлер 11 сағат жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында үлкен жұмыс ауқымын еңсеріп тастайды. Соған лайықты оларға да бар жағдайды жасауға тырысамыз. Үш жатақхана мен арнайы асханамыз бар. Ауысым уақытындағы бос кездерін спорт және теннис залдарында өткізеді. Жұмыскерлердің демалыс уақыттары – кәсіпорын басшылығының басты назарында. Түрлі демалыс орындарында сауығып қайтуға мүмкіндіктері бар. Жұмсалған қаражаттың жартысы кәсіподақ тарапынан төленеді. Сондай-ақ, індет кезінде де жұмыскерлердің денсаулығы басты назарда болды. Вахтаға кірерден 4-5 күн бұрын жұмыскерлерді жинап, арнайы автобуспен Қарағанды қаласына ПТР-тест тапсыруға апарып отырдық. Кейіннен қарағандылықтар сол жақтан тапсырып келсе, аудан тұрғындары өзімізде тапсырып отыр. Бұл – жұмысты жүйелі ұйымдастырудың кепілі. Кәсіпорындағы жұмыскерлердің 300-ге жуығы аудан тұрғындары – дейді, «Өркен-Кентөбе» кәсіпорынның бас инженері Мейрам Мұқанов.
Жалпы, аудан аумағындағы кәсіпорындардың 50%-ға жуығы автоматтандырылған. Жұмыс жеңіл дегенмен, белді кәсіпорында өз ісінің білгір маманы болу да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жарты ай сыртта жүріп жұмыс жасау қиын деп айтқанымызбен, жұмыс істеп жүргендерден тиімсіз дегенді естімедік.
– «Абыз» кенішінде еңбек етіп келе жатқаныма 15 жылдай болды. Жағдайы мыз жақсы. Тегін жатақхана және тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Атқарған жұмысымызға қарай тиесілі еңбекақымызды алып отырмыз. Жұмыскерлер бос уақыттарын спортзалда өткізеді. Вахтаға бару мен қайтуды да кәсіпорын өз мойнына алған. Жұмыстың жаманы жоқ. Тек ыңғайын тауып еңбектенсең болғаны. Бастысы, талап пен жауапкершілік керек. Өзім жұмыста болғанда жолдасым мен балаларым үйде. Вахтадан келгенде ас-суын дайындап кетемін – дейді Жадыра Мұздыбаева.
Вахтадан босаған 15 күнде өз шаруаларын алаңсыз тындыру да әдетке айналған.
– Алғаш вахталық әдіспен жұмыс бастағанымда экскаватор машинисінің көмекшісі, кейіннен машинист болдым. 2005 жылдары еңбекақым 30 мыңның маңайында болды. Ол кезде құнды еді. Қазір 150 мыңның шамасында.
Отбасым бар. Ауылда тұрғаннан кейін мал ұстаймыз. Вахтаға кеткенде ауылдағы жұмыссыз адамдарға мал жайғатамын – дейді Данияр Бостанов.
Қалай десек те, вахталық әдіс жұмыс берушілер үшін де, жұмыскерлер үшін де тиімді. Он сағаттан артық жанын сала жұмыс істесе, лайықты еңбекақысын алады және жұмыс беруші кәсіпорын тарапынан қажетті жағдайлар да жасалады. Осы орайда, кәсіпорындар жұмыскерлер алдындағы жауапкершіліктерін басты орынға қоя білген. Ең бастысы, өндірістерде жұмыскерлерді жұмыстан босату немесе жұмысын тоқтату фактілері болған жоқ. Бұл мәселе аудан басшыларының басты назарында. Меморандум жасалып, кәсіпорындардағы жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мәселесін жіті бақылайды.
Жұмыс көздерінің ашылуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы мен жергілікті жердің экономикасына оң әсерін тигізеді. Осы орайда, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ауданнан 2 жоба енгізілген. Соның бірі – республикалық деңгейдегі, құны 48 млрд. 8 мың теңгелік «Алайғыр кен орнында полиметалдық кенді өндіру және қайта өндеу» инвестициялық жобасы. Бүгінгі таңда жоба бойынша фабриканың құрылысы аяқталуда. Бұл кәсіпорында 505 жаңа жұмыс орны құрылып, жылына 65,0 мың тонна қорғасын қойыртпасы шығарылатын болады.
Құны 1 млрд. 8 мың теңге көлеміндегі «Алтай полиметалы» кәсіпорынның «Жарғыш заттар зауытын салу» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл кәсіпорын іске қосылады. Бұл өндірісте 700-ге жуық адам жұмыс істеуде.
Аудан аумағында жұмыс істеп, пайдалы қазбаларды қажетіне жаратып жатқан аталмыш кәсіпорындардың бірі – 2016 жылы іске қосылған «Алтай полиметалы» жылдан-жылға өндірістік көлемін ұлғайтып, ауданның салық базасына түсетін қаражатты еселеп отыр. Қалғаны – облыстың еншісінде. Аудан халқын жұмыспен қамтып отырғандығы өз алдына, салық қаражаты қомақты болса, ауданның инфрақұрылым жүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндігі зор.
Сағыныш ӘБІЛ.
Қарқаралы ауданы.