«Ustaz Ulytau»: Болашаққа инвестиция салады
Әлемдік технологиялық өзгерістер отандық білім саласына да айтарлықтай өзгеріс әкелді. Сондықтан, білім саласы болашақтағы цифрлық қарым-қатынасқа негізделген қоғамда табысты өмір сүре алатын адамдарды қалыптастыруға дайын болуы тиіс. Осы орайда облыстық білім басқармасында «The Ulytau Еducational Foundation «Қайырымдылық қоры» Қоғамдық қоры «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Өңірдегі орта білім беруді дамыту перспективалары» атты дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелде мамандар өңірдегі орта білім беруді дамытудың келешегі, облыстағы мектептерде оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын қолдану, STEM тәсілі мен білім беруді цифрландыру мәселелерін талқылады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысты.
– «The Ulytau Еducational Foundation «Қайырымдылық қоры» Қоғамдық қоры «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазған, Сәтбаев қалаларында және Ұлытау облысының Ұлытау ауданында, Балқаш қаласы мен Қарқаралы, Осакаров, Абай, Бұқар жырау, сондай-ақ, Жамбыл облысының Шу ауданында білім сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыстарды атқаруда. Қордың жобасы – «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығына облыстағы 85 серіктес мектеп пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің екі колледжі кіреді. Алдағы уақытта ынтымақтастық арқасында бірлесіп белсенді жұмыс атқаратындығымызға сенімдімін, – деді Ерлан Құсайын.
Жиында «The Ulytau Educational Foundation» Қайырымдылық қоры» Қоғамдық қорының директоры Марина Хан қордың Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы орта білім сапасын арттыру жөніндегі жобалары туралы әңгімеледі.
– Біз – еліміздің білім беру жүйесін жетілдіріп, ақылды және табысты болашақ ұрпақты қалыптастыратын жаңашыл бастамашылармыз.
Ulytau қорының қызметі жылдам өзгермелі жаһандық нақты ахуалды ескере отырып, Қазақстандағы білім беруді кешенді трансформациялауға бағытталған. Бүгінде Қор – білім беру саласындағы бірнеше әлеуметтік маңызы бар жобалардың құрылтайшысы. Бірқатар мамандар мен жанашыр жандардың бірігуінің арқасында біз оқу ұжымдарын трансформациялаймыз, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргіземіз және стипендия негізінде шетелдік оқу орындарында білім алу мүмкіндігін ашамыз, – деді Марина Хан.
Қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Жауымбай Қараев орта білім беруді дамытудың тенденциялары, соның ішінде STEM тәсілі, сондай-ақ, оның жұмысының арқасында қазір Сәтбаев қаласының 13 мектебінде белсенді түрде жүзеге асырылып жатқан үш өлшемді әдістемелік бағалау жүйесінің технологиясы туралы айтты.
«Ustaz Ulytau» ПТО-ның «Мектептерді аккредиттеу» бағытының жетекшісі Айгүл Баекешева мемлекеттік мектептерді аккредитациялау және бұл құралдың орта білім беру жүйесіне не үшін қажет екендігі туралы айтып өтсе, Балқаш қаласындағы Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейдің директоры Шынаргүл Әлішева аккредитациядан өту тәжірибесіне тоқталды.
Дөңгелек үстелге «Ustaz Ulytau» орталығы жобасына енген жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен Қарағанды облысы және Балқаш қаласының білім бөлімдерінің басшылары да қатысты. Дөңгелек үстел соңында қоғамдық қор мен Қарағанды облысының білім басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта облыста ел мәдениетінің бірегей ерекшеліктеріне сүйене отырып ағарту, білім беру және тәрбиелеу, дәстүрлі этикалық құндылыққа бағыттайтын жобалар жүзеге асырылмақ.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz