Бас тақырып

Әуреге салған әлеуметтік кесел

Қазақстандағы ажырасулардың 40 пайызына құмар ойындарға тәуелділік тікелей себеп. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың көпшілігі осы құмар ойынға әуес. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды» деп атап өтті.

Қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратын қатал заң керек-ақ. Жасөспірімнің болашағына балта шабатын «вейптер» де – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Құмар ойынға тәуелділік ХХІ ғасыр дертіне айналды. Тіпті, мектеп оқушылары құмар ойнап, бәс тіге бастады. Кәмелетке толған туыстарының атынан тіркеліп ойнайтындар жиіледі. Ресми деректер елімізде шамамен әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерге бәс тігетінін анықтаған. Бұл миллионнан астам жас кем дегенде бірнеше рет бәс тіккенін көрсетеді. Бұл жайлы Президент Құрылтайда атап өтіп, балалар мен жастардың денсау­лығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптерге» тосқауыл қоюды тапсырды. Бүгінгі таңда Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралды.

Денсаулық сақтау министрлігі жастар арасында психоактивті заттарды қолдану бойынша үш ұлттық зерттеу жүргізген.

Зерттеу нәтижесі және 25-34 жас аралығындағы жастар арасында темекі өнімдерін пайдалану (53,5%) ең жоғары деңгейге жеткенін анықтаған. Сауалнама нәтижелері әрбір үшінші респондент өмір бойы кальян, буландырғыш немесе электронды темекі тұтынғанын, ал әрбір бесінші адам соңғы айда қолданғанын көрсеткен.

Мамандардың айтуынша, құмар ойындарға кез келген адам тәуелді болуы мүмкін. АҚШ-тың Құмар ойындар проблемалары ұлттық қауымдастығының зерттеуіне сәйкес, кез келген елдің орташа тұрғынының қылмыскер болу мүмкіндігі 6%, ал, нашақор болу мүмкіндігі 32%, маскүнем болу мүмкіндігі 34% және құмар ойынға тәуелді болу мүмкіндігі 48% екен.

Бұл зерттеулер елімізден теріс айналыс өтпеді. Президент Құрылтайда атап өткендей, бүгінде елдегі 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Осы орайда құзырлы органдар интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттапты. Бұл жайлы Парламент Мәжілісінде «Ойын бизнесі туралы» заң жобасын таныстыру барысында Елнұр Бейсенбаев атап өткен.

– Өткен жылы бейресми ақпарат бойынша букмекерлік кеңселердің тауар айналымы 1 триллион теңгеге жеткен. Құмар ойындар қазір жылжымайтын мүлік нарығын басып озды. Демек, заң жобасының қоғам үшін өте өзекті және маңызды екені анық. Қазақстанда құмар ойынға тәуелділік індеттей таралып, ел қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Мұның басты себебі – құмар ойындарға оңай қол жетімділік және интернетте ойын сайттарының кең таралуы. Деректерге қарасаңыз, алдағы екі жарым жылда елдегі әрбір бесінші адам ойын ойнайды немесе құмар ойынға тәуелді. 400 мыңға жуық адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналды, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Қарағандылық мектеп директорының айтуынша, елімізде ересектерден бұрын, жасөспірім құмарпаздарды күштеп, қорқытатын мекеме жоқ.

– Жақында Ішкі істер министрлігі мектеп оқушыларының есірткі бойынша тестілеуге ниетті екенін мәлімдеді. Тексеріп, анықтады. Бұл анықталған мектеп оқушыларын ары қарай не істейді? Бізге іс-әрекеттерде қандай да бір жүйе қажет. Мемлекет оңалту қоғамдастығымен, арнайы дайындалған мамандармен ынтымақтастық келісім-шартына отырып, баламен жұмыс істеуі тиіс, – дейді қарағандылық мектеп директоры.

Ресми органдардың білім ордаларын қоса алып жүргізген зерттеуінше, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өз-өзіне қол жұмсаса, оның әрбір бесіншісіне құмар ойындарға тәуелділік себеп болған. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскердегі жастар арасында да өршіп тұрған көрінеді. Бұрындары сарбаздар арасында суицид сирек болатын. Ауру көрсеткіші төмендегенімен, өз-өзіне қол жұмсау көбейген. Олардың көбі құмар ойынының тұзағынан шыға алмай, сұмдық қадамға баруға мәжбүр. 2018 жылы өзіне қол жұмсаған қарағандылық сарбаздың букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, жиі ұтылғаны және банктерден несие алғаны белгілі болған-тын…

Қарағандылық психолог Тимур Мус­тафаевтың айтуынша, құмар ойындарға тәуелділіктен арылтудың 1 сеансы – 218 000 теңге.

– Тәуелділікке жасөспірімдер жиі ұшырайды. Ұрлық жасаудан тартынбайды, үнемі елді алдап жүреді. Құрбыларынан оқшауланады. Тәуелділік баланы балалық шақтан айырады, денсаулығы нашарлайды. Бірте-бірте оқуға деген қызығушылық жоғалады. Соңы шизофрениямен аяқталады. Қарызға төзе алмай, өз-өзіне қол жұмсайды, – дейді Тимур Мустафаев.

Жақында eGov мобильді қосымшасы азаматтардың құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын 6 айдан 12 айға дейін өз еркімен шектеуге мүмкіндік беретін жаңа қызметті ұсынды. Алайда, ол ойын ұйымдарының жеке сұраулары арқылы ғана тексерілуін қамтамасыз етеді.

Жастар арасында лудоманияның жойылуын қалайтындар көп болғанымен, кеселді анықтау ресми органдарға қиындық туғызуда. Өйткені, түптеп келгенде, көптеген нашақорлар өздерінің проблемаларын мойындамайды. Елімізде лудоманияға тәуелдіні анықтау деңгейі төмендігіне бір себеп – осы. Екінші жағынан, Қазақстанда темекі, алкоголь және ойын ойнауға түпкілікті тыйым салынбаған. Мемлекет әлі күнге оларды әлеуметтік тұтыну нарығының көзі ретінде танып отыр.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button