Универсиаданың басталуына 19 күн қалды
25 қаңтарда ел ордасы – Астанада ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарының алауы тұтанады. Ертеңіне Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл және Қостанай қалаларымен қатар, Қарағанды жерінде де ойындар алауы от алмақ.
Қарағандылықтар алауды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси және еңбек жолы басталған Теміртауда тұтатуды жоспарлауда. Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінде аймақтағы шахталардан жеткізілген көмірге металлургия комбинатының домнасынан алынған шоқпен ұшқын берілмек. Сондай-ақ, университет алдындағы алаңда Президенттің серіктесі Қуаныш Омашевтің қатысуымен митинг өтеді.
Бұдан кейін алау Қарағандыдағы «Қарағанды – Арена» мұз сарайына әкелінеді. Мұнда ҚарМТУ-дың тау-кен факультетінің студенттері шахтаға түсіп, өздері қазып алған көмірмен алау жалыны үстемеленбек.
Мұз сарайында рәсімге орай, шоу бағдарлама ұйымдастырылмақ. Бағдарламаға 150-ден астам хоккейші мен мәнерлеп сырғанаушы қатысады деп күтілуде.
Шара соңында алау ұшқыны арнайы колбаға салынып, Алматыға жөнелтіледі. 29 қаңтар күні өзге де өңірлерден жиналған ұшқындардың қосылуымен жаһандық жастар додасының алауы жағылады.
Бұдан бөлек, сол күні «Шахтер» стадионында салтанатты митингтің шымылдығы түрілмек.
Қарағанды облысында алау 12 шақырымды жаяу жүріп өтеді. Оның 3 шақырымы – Теміртауға, 9 шақырымы – Қарағандыға тиесілі.
Ұйымдастырушылардың кестесіне сәйкес, Универсиада алауының маршруты 22500 шақырымды құрайды. Бұл сапарды ресми тасымалдаушы ретінде «Эйр Астана» әуе компаниясы міндетіне алған.
Қарағандыдағы алау тұтату салтанатын абыроймен өткеру мақсатында ұйымдастыру штабы құрылды. Бұл штабқа облыс әкімі тікелей басшылық етуде. Іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сай, алауды алып жүрушілер құрамы жасақталды. Аймақтағы университеттердің жастарынан 186 өтініш түсті. Комиссияның шешімімен олардың арасынан 60 студент таңдап алынды.
Мұнда ҚарМУ-ден – 25, ҚЭУ-ден – 8, ҚарМТУ-ден – 7, ҚМИУ-ден – 6, ҚММУ-ден – 5, ҚР ІІМ Қарағанды академиясынан – 3, Орталық Қазақстан академиясынан – 2, «Мирас» колледжі мен көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжден – 2, Жезқазған университеті мен «Болашақ» академиясынан бір-бір спортшы бар.
Алауды алып жүрушілер үшін арнайы киім үлгісі сызылды. Қазіргі таңда Сарандағы тігін фабрикасы қызу жұмысқа кірісті.
29 қаңтар күні Алматы шаһарында ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындары басталмақ. Әлемдік бәсекені отандық «Қазспорт» және «Хабар» телеарналары тікелей эфирде таратады.
Универсиадада Қарағанды облысынан 8 спортшы бабы мен бағын сынайды.
Нұрқанат ҚАНАФИН