Спорт

Универсиада жүлдесінен үміттіміз

Италияның Турин қаласында өтіп жатқан XXXII Дүние­жү­зілік қысқы Универсиаданың басталғанына да бір апта уақыт өт­ті. Алғашқы күндері ел құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарында еді. Апта соңына қарай VIII сатыға сыр­ғыды. Қоржында әзірге үш алтын, төрт күміс және төрт қола жүлде бар. Универсиада ойындарында құрама команда сапында бақ сынап жатқан қарағандылықтар да бар.

Суретте: шаңғы жарысынан күміс жүлде иегері Денис ЗИНОВ

Хоккейден Қазақстан құрамасының ерлер командасы биылғы универсиада ойындарын сәтті бастаған болатын. Топтық кездесудің алғашқы ойыны Швеция құрамасына қарсы өтті. Нәтижесінде, отандастарымыз қарсыластарын 2:9 есебімен ойсырата жеңді. Екінші ойында Оңтүстік Корея құрамасын 7:1 есебімен тізе бүктірді. Алайда, топтық кезеңдегі соңғы екі ойынында қарсыластарынан айласын асыра алмады. Канадалықтармен ойынның негізгі бөлігінде тең ойнап, соңғы «Буллит» айналымында есе жіберді. Одан бөлек, чехиялықтардан да 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Десе де, топтық кезеңде жеті ұпаймен үшінші болып плей-офф кезеңіне жолдама алған еді. Алайда, бұл кезеңде Словакия құрамасынан айласын асыра алмады. Енді отандастарымыз V орын үшін Чехия құрамасымен ойнайды.

Биылғы универсиада хоккейден ерлер құрамасы үшін ең сәтсіз маусымның бірі болды. Олай дейтініміз, бүкіләлемдік студенттер ойындарында Қазақстан еншісіне бір алтын (1995), төрт күміс (1993, 2013, 2015, 2017) және екі қола (2007, 2023) жүлде салған еді. Биыл отандастарымыз жүлделі орынға ілікпеді.

Ал, хоккейден әйелдер арасындағы бәсекеде ел құрамасының командасы топтық кезеңде ұпай ала алмады. Алайда, жұбаныш кездесуінде Тайвань құрамасынан басым түсті. Кейін V орын үшін тартыста АҚШ құрама командасынан жеңіліп қалды. Нәтижесінде, әйелдер құрамасы қысқы универсиаданы VІ орынмен тәмамдады.

Айта кетейік, хоккейден әйелдер құрамасының сапында қарағандылықтар Альмира Ибрагимова мен Александра Быстрова да бар. Альмира Ибрагимова қысқы жастар ойындарының жүлдегері болса, Александра Быстрова 2020 жылғы қысқы жастар ойындарының қатысушысы.

Одан бөлек, қысқы универсиада ойындарында шорт-тректен ерлер құрамасы сапындағы қарағандылық Дамир Курманов ертең ел намысын қорғайды. Айта кетейік, жерлесіміз шорт-тректен спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. «Азия балалары-2019» І қысқы ойындарының чемпионы әрі 2024 жылы Италия­да өткен Alta Valtellina Trophy халықаралық турнирінің жүлдегері.

Тағы бір қарағандылық спортшы Владислав Киреев биатлоннан ерлер арасында 12,5 шақырымға із қуалау жарысынан бақ сынайды.

Айта кетейік, ел құрамасы қоржынына алғашқы қос алтынды фристайлшы Анастасия Городко салды. Одан кейін биатлоннан 10 шақырымдық спринт жарысында Никита Акимов қоржындағы алтын санын еселеді. Ал, фристайл­дан жұптық сайыста сынға түскен Аяулым Әмренова мен Антон Бондарев күміс жүлде алып келген болатын. Сонымен қатар, парашаңғышы Денис Зинов шаңғы жарысының коньки стилімен 10 шақырымды бағындырып, күміс жүлде еншілеген еді. Кейіннен қысқа арақашықтық бойынша 1400 метр қашықтықта мәреге екінші болып келіп, тағы бір медальға ие болды. Осылайша Денис Зинов екі дүркін қысқы универсиада ойындарының жүлдегері атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button