Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Әулиелі би – Әзірет Сұлтанда

«Ер Түріктің бесігі» болған, Ұлы баба Қожа Ахмет Ясауидің отаны қасиетті Түркістан қаласы – қазақ халқының ғана емес, тегі бір, түбі бір, діні ортақ күллі түркі халықтарының ата жұртындағы рухын асқақтататын мәдениет астанасы, руханият орталығы.

Көне дәуір қалаларының бірегейіне жататын Түркістан қаласының атымен байланысты орта ғасырлық Қазақстан және Орта Азия тарихындағы біршама белгілі оқиғалар жазба деректер беттеріне түскен.

Түркістан қаласы тарихымен Оңтүстік Қазақстаннның ортағасырлық екі қаласы – Шауғар (Шойтөбе) мен Ясының (Күлтөбе) тағдыры тығыз байланысты, олар Түркістан оазисінің белгілі бір тарихи кезеңдерінде әкімшілік және экономикалық орталықтары болған. Алдымен оазистегі басты қала Шауғар, сонан соң Ясы болды. Түркістан қаласының тарихы да Ясы қаласынан басталады.

Археологтардың 1997 жылғы қазбасы нәтижесінде Ясы (Күлтөбе) қаласының төменгі мәдени қабаттарынан табылған жәдігерлер қала тарихының 1500 жылдан да көне екенін дәлелдей түсті. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығы арнайы тойланған болатын. Сонымен қатар, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары жүргізген 2010-2014 жылдардағы қазбасы нәтижесінде Ясы-Күлтөбенің І-ІІІ ғасырларда қалыптасқан ең ежелгі цитаделі ашылды. Архелог Е.Смағұлов қала б.з.д. ІІ ғасырда Ұлы Жібек жолымен қатар қалыптасқан деген пікір айтады, демек, біз Түркістан қаласының жасы 2000 жылдан да ары екенін аңғарамыз.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан қаласы ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы бойында ірі сауда орталығы қызметін атқарып келді. Қазақ халқы мен бүкіл түркі әлемі, дүниежүзі мұсылман қауымы үшін киелі Түркістан мен әулиелердің сұлтаны, рухани ілім діңгегінің көш басында тұрған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қадір-қасиеті ұшан-теңіз. XII ғасырда түркі халықтарының пірі Қожа Ахмет Ясы елді мекеніне қоныстанады. 1166 жылдары Әзірет Сұлтан бабамыз дүниеден өткеннен кейін Ясы елді мекенінің мазаратына жерленеді. Бабамыздың басына бір бөлмелі қабірхана мен мешіт тұрғызады. 1397-1405 жылдар аралығында Мәураннахр билеушісі Әмір Темір Ахмет Ясауидің қабірі үстінен жаңа алып кесене тұрғызады.

Әзірет Сұлтан бабамыз мәңгі мекенін тап­қан қасиетті кесене – ұлттық пантеон. Қазіргі таңға дейін кесене және кесене төңі­регіне 200-ге тарта адамның нақты жерленгені жайлы деректер бар. Бірақ олар әбден зерттеліп, жан-жақты дәлелденіп барып қана тізімге енгізіледі. Сол себепті де бүгінгі күні 186 адамның аты-жөні тақтаға түсіп отыр.

Түркістан қаласын алғаш астана еткен – қазақтың Есім ханы. Ол қайтыс болған соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қасына жерленіп, жеке кесене салынды.

XVІ ғасырдың аяғынан ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін Түркістанда хандар сарайы, ордасы ретінде қолданылып, бұнда ел басқару және дипломатиялық істер, әскери келіссөздер өткізіліп отырған. Осы ғасырларда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне және оның төңірегіне қазақтың көрнекті тұлғаларын жерлеу үрдісі жалғасын тауып, үш жүзге билігі жүрген 20 хан жерленген және олардың 14-і қаланы өздерінің Ордасы ретінде жариялағаны белгілі болып отыр. Хандар қаланы негізінен қысқы тұрағы және ресми билік орталығы ретінде пайдаланған. Түркістанда Тәуке, Жолбарыс, Әбілмәмбет және Абылай хан тағы басқа да хандар жерленген.

Түркістанда жерленген қазақ билеріне келетін болсақ, әзірге 15 бидің есімі анықталып отыр. Соның ішінде Әнет баба, Қаздауысты Қазыбек бидің, Шоң бидің, тағы басқаларының кесенеде жерленгені нақты дәлелденді. Сонымен қатар, қазақ халқының ең аяулы ұлдары, 8 сұлтан, 48 батыр мәңгілік тыныс тапқан.

Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында мемлекет басқару ісіне тікелей араласқан, Әз Тәуке құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі Қазыбек би бабамыз қасиетті Кесененің хандар билігін жүргізетін Үлкен ақсарайында жерленген.

Қазақ халқы үшін даналықтың, әділдік пен шешендік өнердің үлгісіне айналған Қазыбек бидің есімі ерекше қымбат. Қасиет қонған аруақты баба Қазыбек би өзінің ұрпағына қайтыс болғаннан кейін денесін киелі Қожа Ахмет Ясауидің жанына апарып жерлеуді аманат еткен. Ол турасында бидің сегізінші ұрпағы болып келетін Қамзе Сүлейменұлы (1877) мынадай естелік қалдырған: «Қазыбек би 97 жасында өліпті. Қараүңгір деген жерде, Қарағайлы бұлақ. Қыс күнінде. Бұл кісінің баласы – бесеу. Атақты баласы – Бекболат.

Қазымбет әкесінің сүйегін Әзірет Сұлтанға апармақ болды… Жабдық даярлап қанша кісі жүрмек болып жатқанда, Қожа атасы Бегімысық келіп табытта жатқан Қазыбек биді таяғымен үш салып жібергенде, Бекболат би Қожаның таяғын ұстай алып: «бұл кісінің не жазығы бар?», – деді. Сонда Қожаның айтқан сөзі мынау: «бұл кісі Сал әулие деген әулие еді. Етінен өтпей, сүйегіне жетпей ескермейді. Жеті салсам, жеті атасына кетсе керек еді», – деді. «Әзірет Сұлтанға күн қыза, бие байлай мен де барамын, сәлем айт», – деп жүріп кетті. Бұл сөзіне қарағанда, айтуы бойынша сол мезгілде Әзірет Сұлтанға барып өліп, сүйегі Қазыбекпен бірге қойылған», – дейді.

Белгілі этнограф Ж.Артықбаев болса: «Қазыбек қайтыс болғанда мәйітін Әзірет Сұлтанға апарып жерлейміз деген соң уақытша аманатқа қойыпты. Сол маңнан (Далбаның бауыры) төрт ірі тасты тігінен жерге бекітіп, үстінен кереге жайып, сөре жасапты, оның үстіне алты қанат үй тігіпті.

Бабаның сүйегін былғарымен орап, қаптап, сол сөренің үстінде қыс бойы сақтапты. Көктем тұрғанда Бекболат бастап елу жігіт Әзірет Сұлтанға алып жүреді. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың сүйегі 1763 жылы көктем айында қасиет дарыған Қожа Ахмет Ясауи күмбезінде жерленді. Қазақ елінің даңқты хандар мен билер, дүлдүл азаматтардың сүйегі жерленген пантеон тағы бір кемеңгерге толықты. Бұл ХVІІІ ғасыр – «Ақтабан шұбырынды» немесе Абылайдан басталған даңғыл да, даңқты ғасырдың ең айтулы данышпан биі Қаздауысты Қазыбек би еді», – деп жазады.

Бүгінгі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайында Қазыбек бидің құлпытасы КП-452 нөмірімен сақтаулы тұр. Ол құлпытаста «Қаздауысты Қазыбек би 1665-1677 жылы туып, 1764-1765 жылдары қайтыс болған» деген жазу бар.

Есімі аңызға айналған Қазыбек би қайтыс болған соң осылайша Түркі жұртының қарашаңырағы – қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленеді.

Қазыбек би – қазақ халқының ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ елінің тәуелсіздігі, жеріміздің тұтас­тығы және мемлекетіміздің іргесінің беріктігі үшін күрескен қайраткер тұлғалардың бірі. Бидің тұлға ретінде халық үшін сіңірген еңбегінің орасан зор болғандығын барлық қазақ мойындайды. Қазыбек бидің есімі Әз Тәуке хан, Абылай хан, Бұқар жырау, Төле би, Әйтеке би сияқты ұлтымыздың ұлы бабаларының есімдері қатарында тарихта хатталады. Сондықтан да, ұлы даламен бірге мәңгі жасайтын, кемеңгерлік пен даналықтың үлгісі болған, қайраткер тұлға Қазыбек бидің есімі ел тарихында мәңгі жазылып қалдырылған.

Жандос ӘУБӘКІР,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры. Филология ғылымдарының кандидаты..

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button