Бас тақырып

Әулие тауды бұрғылап жатқан кімдер?

Әлеуметтік желіде Бектауата тауын жару жұмыстарына дайындау үшін бұрғылап жатқан жұмыскерлердің видеосы тарады. Аталмыш видео қазір ел арасында үлкен резонанс тудыруда. Ал, халық жару жұмыстарын тоқтатуын талап етуде.

Сурет: e-history.kz сайтынан

Облыстық экология департаментінің мамандары мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына Ақтоғай аудандық полиция қызметкерлері мен табиғатты қорғау полициясының өкілдерімен бірлесе барып қайтты. Нәтижесінде, «Дәнекер жол» компаниясы бұрғылау жұмыстарын мелиоративтік жұмыстарға дайындап жатқаны анықталды. Яғни, бұған дейін осы жерден құрылыс жұмыстары үшін тас өндірілген. Соның салдарынан орны карьер болып қалған. Алдағы уақытта түрлі апат орын алмау үшін карьер тегістелуде. Сол үшін жару жұмыстарын жүргізеді екен.

«Дәнекер жол» ЖШС экология департаментінің мамандарына:

– Бектауата карьерінде мелиоративтік жоба мен келісім-шарттық міндеттемелер негізінде бұрғылау-жару жұмыстары жоспарланған. 2022 жылдың 14 желтоқсанында «Дәнекер жол» ЖШС Ортадересін ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен құрылыс тасын өндіруден кейінгі қалпына келтіру жоспары бойынша жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізген. Сот отырысында бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізу қажет екендігі түсіндірілді. Қоғамдық тыңдаудың хаттамалары қолжетімді. Бұл шара еңістерді тегістеуге бағытталған. Карьердің қабырғалары өте биік және тік болғандықтан, апаттар мен малдың құлауын болдырмау үшін оларды бұрғылау-жару жұмыстарын қолдана отырып тегістеу қажет, – деп түсіндірген.

Мелиорацияның мақсаты – биологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру. Табиғи және рекреациялық ресурстарды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ, адамдардың өмірі мен қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Компанияда 2023 жылдың 27 қыркүйегіндегі бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге берілген рұқсат қағазы бар. Яғни, бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге рұқсатты «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі берген.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button