Әулеттің бәйтерегі, елдің қамқоршысы
Әр жердің өз төбесі, әр елдің өз ағасы, әр үйдің өз төрі бар. Әрбір әулеттің қиналғанда сүйенетін, таяныш болатын тау сияқты тұлғасы, көл сияқты терең, дала сияқты дархан арқа тірегі болады. Ондай адамды «сол әулеттің бәйтерегі» деп атайды. Ол бәйтеректің саясы тек өзінің отбасына ғана емес, ағайын-туғанына, көршісіне, ауылдасына, жора-жолдастарына да ортақ. Өйткені, ондай адамдар кісілік пен кішілікті, парасат пен шапағатты басқаларға үлгі етеді. Сондай абзал азаматтардың бірі – Шет ауылының тумасы Совет Қабылдаұлы ағамыз еді. Бойындағы қажыр-қайратын, білімі мен білігін шаруашылықтардың дамуына, гүлденуіне жұмсады.
Совет ағамыздың жүріп өткен жолына үңілетін болсақ, Қарқаралы қаласының №1 қазақ орта мектебін 1966 жылы тәмамдап, 1972 жылы Қарағанды политехникалық институтын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Қарқаралы автокөлік мекемесінде техникалық қызмет көрсету инженері болып бастаған. Кейін осы мекеменің директоры болып, 10 жыл табысты еңбек етті. Ол кезде Қарқаралы автокөлік мекемесі (Автобазасы) аудандағы ең ірі мекемелердің бірі болып саналатын. Аталған мекемедегі техника аудандағы жүк тасымалымен тікелей айналысатын. Егін орып, мекемелердегі көліктер жол жөндеуге қажетті материалдарды және тағы басқа жүктерді дер кезінде тасымалдап, алдыңғы қатардан көрініп жүретін.
Сәкең мекеменің әлеуметтік саласын да назардан тыс қалдырған емес. Автокөлік жүргізушілеріне арнап, тұрғын үй салуды қолға алып, жұмыскерлерін қажетті жағдаймен қамтамасыз етті. Сол кезде тұтас бір көшедегі үйлер «автобаза үйлері» деп аталатын.
Одан бөлек, жүргізушілер арасынан бірнеше бригадалар құрап, сол кезеңдегі үрдіс бойынша социалистік ұжымдар ұйымдастырып, жұмыстың көрігін қыздыра түскен. Майдан Сыздықов, Байса Қожасов, Орынбай Агиманов, Шәкен Усабаев сынды азаматтардың бригадалары алдыңғы қатардан көрініп, аудандық партия комитеті бюросының мақұлдауымен жергілікті газет беттеріне жарияланып отырды.
Кеңестік дәуірде еңбек азаматтардың еңбегін Үкіметтің наградаларымен марапаттап отыратын. Жоғарыдағы аттары аталған азаматтарды «Ленин» орденімен, көпшілікті «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен және басқа да медальдармен марапаттады.
Осы кездегі естеліктерді атап айтпасқа болмайды. Совет аға мекемеге берілген орден, медальдарды ешқашан өзіне қарай бұрған емес. Марапатқа ие болмаса да, ұрпақтары, «Жан әке!» деп еміренеді, әріптестері, еңбек азаматтары «Ақиық азаматымыз!» деп қадірлейді. Қатарластарға қалқа, ағайынға арқа, туыстар мен дос-жаранға адал тірек бола білді.
Тағы бір айта кетерлігі, Совет араласатын азаматтарын лауазымына қарап таңдамайтын. Хатшымен де, еңбек азаматтарымен де бір деңгейде сөйлесе білген қырағы азамат.
Сәкеннің үйі автобазаға жақын болғандықтан, мекемедегі жүргізуші достары Сәкеңмен бірге келіп, ауқаттанып жүретініне куәміз.
Озық ойлы, жұмысты жедел ұйымдастыратын, басшылардың, ауданының партия комитетінің ылғи назарында болатын. Басшы болған Совет ағамызды 1987 жылы Қарқаралы ауданының атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына жоғарылатты.
Ал, 1991 жылы әкімшілік жүйе құрылған кезеңде аудан әкімінің өзгертілетін сала бойынша орынбасары болып тағайындалды. Ауданның жол, құрылыс, электр жүйесі, жылу сумен қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті. Күрделі қиын мәселелерді шешуде, облыстық басшылардың алдына дер кезінде мәселе қойып, оң шешімдердің шығуына ықпал ете білді.
1995-2010 жылдары «ҚарағандыЭнерго» бірлестігінің Қарқаралы аудандық жоғарғы кернеулі электр жүйелері мекемесінің басшысы болып қызмет етіп, осы мекемеден зейнеткерлікке шықты.
Қай салада еңбек етсе де, Совет аудан экономикасының жаңаша дамуына, әлеуметтік мәселелердегі оңтайлы шешілуіне бір кісідей еңбек сіңіргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Совет басшылық қызметтерде жүргенде де, өзінің кісілік келбетіне қылау түсірмеген үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болған арда азамат. Жұмыс бабында талап қоюды дөрекілікпен ауыстырмаған білікті басшы бола білді.
Отбасының тірегі – отағасы, ал, ошағының жылуы – отанасы екені белгілі. Ұлдарының ардақты анасы, немерелерінің қамқор әжесі, аяулы жан Өркен жеңгемізбен Совет ағамыз 50 жылдан артық қол ұстасып, ғұмыр кешіп, үлгілі азаматтарды дүниеге әкеліп, армандаған мамандығының маманы болуына ықпал етті. Әрқайсысы жеке отау құрып, немерелерін сүйіп, бақытқа бөленді. Өркен жеңгеміз ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен атқарған аяулы жан.
Атап айтсақ, үлкен ұлы Қуан – дәрігер. Қарағанды облысы бойынша қолы шипалы уролог. Жақсылық пен Жандос – жоғары білімді инженер-құрылысшы. Астанамыздың өркендеп, гүлденуіне үлес қосып жүрген өз ісінің мамандары.
Инабатты келіндерінің орындары бір бөлек…
Өз басым Совет ағаммен сол мектепте оқып жүрген кезден таныспын. Совет кіші жүздің баласы болғандықтан, ылғи «Совет әке» деп жүрдім. Ол кісі мені «Әкемай-ка» деп еркелей атайтын. Студенттік кезде де хабарласып тұрдық. Қызметте болған кезде де қоян-қолтық араласып, шаруашылықтың мәселелерін ақылдасып жүретінбіз. Кісілігі, парасаттылығы, адамгершілігі кімге болса да үлгі болатын Совет ағам бүгін ортамызда жоқ. Өкінішті?!
Аллаға шүкіршілік ететін жайт Советтің соңында жары – Өркен, өмірінің жалғасы – балалары мен немерелері бар. Алла осыларға ұзақ ғұмыр беріп, Советтің көрмеген қызықтарын осылар көрсін!
Тілек СӘДУАҚАСОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.