UKILIM әлемді шарлапжүр
Ұлтты сүю – оның тілінде сөйлеп, әдебиетін оқып, дінін ұстанумен шектелмейді. Сол ұлттың өзіне тән ерекше бұйымдарын үнемі тұтыну да Отанға деген сүйіспеншіліктен туады. Осы ұранды өмірлік ұстанымына айналдырған, қазақ қыздарына үлгі қарағандылық Гүлжазира КҮЛМАҒАМБЕТОВА бүгінде UKILIM ұлттық нақыштағы әшекейлер танымдық журналының авторы.
Гүлжазира ұлттық нақыштағы әшекейлер жасаумен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Биыл аталған жоба жұмысының жүзеге асқанына 5 жыл толып отыр.
– Асыл әжелеріміз жүндi иiрiп жіберіп, тоқып, шекпен, қамзол, бешпент дайындаған. Малдың терiсiн илеп, саптама етiк, мәсi тiккен. Осы дәстүрлер маңызын жойған жоқ. Әлі күнге дейін бізге көп үлгі. Қазіргі заманда қыз-келіншектерге арналған бірегей бұйымдар жасау кәсіпке айналғандықтан да әшекей істеуді жаңғыртып жүрміз. Түскен қаржының 20 пайызы қайырымдылыққа, ауыр дертпен ауырған бүлдіршіндерге аударылады, – дейді Гүлжазира Серікқалиқызы.
Ақтоғайдың Сарышаған кентінде дүниеге келген Гүлжазира дизайнерлікпен қоса қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын қоса игерген.
– Шабыт беріп, қанаттандырған алғашқы өнімдерім елімізде сұранысқа ие. Кейінде қазақ эстрадасының көрнекті өкілдері де тұтына бастады. Шет мемлекеттердің адамдарынан жиі тапсырыс келеді. Қазақстаннан шет елге аттанған жандар да сыйлық ретінде сатып алады. Бір сөзбен айтқанда жұмысым өзіме шабыт береді, – дейді UKILIM журналының авторы.
Автор атап өткендей, қазақ тарихында аналарымыз тағынған әрбір әшекейдің өзіндік мәні болған. Әшекейлер секілді қазақ киімдері де адамның жасын, ғұрпын анықтайтын. Ай сырғалар мен алқа, тұмаршалардың өзі қыз-келіншектерге күш-қуат сыйлап, сенімділік ұялатады. Осыған орай арнайы таңдалған UKILIM сөзі де барлық бұйымдардың мән-мағынасын аша түсетін сәтті атау болған сыңайлы.
Қазіргі таңда жаңа дизайндағы әшекейлер алты ай сайын UKILIM ұлттық танымдық журналында жарияланып тұрады. Талғамы биік жандар үшін ұсынылатын жаңа топтамалар тағы бар. Латын қарпін қолдау мақсатында да журналдың екі саны латын қарпінде шығарылғанын байқадық. Бір сөзбен айтқанда мұқабасынан бастап қазақ қызының ұқыптылығын, өнер-білімге бейім тұратынын, жоғары болмысын ашуға тырысатын журналды сүйсініп оқисыз. Қыздардың қол сөмкесіне сыйып кететін журнал ақындардың өлеңдерін қамтуды да назардан тыс қалдырмапты.
Өнер – адамды тәрбиелейтін нәзік дүние десек, оны қазақтың түп тамыры – ұлттық әшекеймен сабақтастыра білген Гүлжазираның еңбегі ұшан-теңіз. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дейтін кәсіпкер өзінде барды мұқтаждармен бөлісуді де атадан қалған игі дәстүр дейді.
Журнал авторы бастамасының арқасында бүгінде әшекей тағынып, ұлттық киiмдi үстiнен тастамай жарнама жасайтын арулар саны артқан. Ұлттық болмысымызды әлемге әйгiлеп тұрған басты құндылықтарымыз да осы емес пе?! Осының бәрі әлеужелі үшін әбігер болған кейбір қазақ қыздарының ерсі әрекетіне үлгі болса екен деген ниеттеміз.
Ұлттық киімді қорлап, әшекейді аяқасты қылғандар Гүлжазираның шығармашылық тобынан үлгі алса екен.
Аяулым СОВЕТ