Бас тақырыпСпорт

Әуесқой лиганың үздіктері анықталды

Қазақстан футбол федерациясы елімізде футболды кеңінен дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта «Қазақстан Әуесқой лигасы» жобасы аясында жыл сайын футболдан облыстық деңгейде турнир өткізіп келеді. Биыл мамыр айында басталған кезекті доп додасы күні кеше ғана мәресіне жетіп, үздіктер анықталды. Қызу бәсекенің қорытындысы бойынша Абай қаласының командасы облыс чемпиондары атанды. Жеңімпаздарды Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында марапаттап, футбол маусымын жапты. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен жоба үйлестірушісі Әділет Мұқышев арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.

Суреттер облыстық футбол федерациясынан

Серік Жұманғалиұлы өз кезегінде жеңімпаздарды құттықтап, құрмет көрсетті. Әрі мемлекеттік деңгейде футболға ерекше көңіл бөлініп отырғанын да баса айтты.

– Барша жеңімпаз бен жүлдегерлерді құттықтаймын. Ел Президенті өз Жолдауында спортты дамытуға айрықша назар аударып, футбол клубтарын жекешелендіру ісін әлемдік тәжірибеге сай күшейтуді тапсырды. Баршаңызға белгілі, қазір біздің қалада Freedom компаниясының қолдауымен «Шахтер» футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр. Біз компанияға да, Қазақстан футбол федерациясына да ризашылығымызды білдіреміз, – деді басқарма басшысы.

Бәсеке классикалық жүйе бойынша екі айналымнан тұрды. Әр команда маусым бойы қарсыласын өз алаңында және сырт алаңда қабылдап, екі ойыннан ойнаған. Ал, ойындар аптасына бір мәрте өтті. Сол ойындарды өткізу үшін алты стадион бекітіліпті.

Турнир қорытындысы бойынша Абай қаласының «Абай» командасы чемпион атанды. Теміртаулық «Асан» командасы жүлделі ІІ орынмен маусымды аяқтады. Қола жүлдеге Саранның «Торпедо» командасы қол жеткізді. Енді турнир жеңімпаздары ел чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсетпек. Ал, бұл дода 1-8 қазан аралығында Талдықорғанда өтеді деп күтілуде.

– Ел чемпионы атанған команда өткен жылғы жеңімпазбен бірге УЕФА аймақтық кубогына жолдама үшін таласады. Бұл доданың жеңімпазы Қазақстан намысын халықаралық аренада қорғайды. Биыл біз елдің барлық өңірін қамтып, лигаға 6 мыңға жуық ойыншы мен 280-нен астам команда қатысты. Сонымен қатар, турнирді толықтай цифрландыруға қол жеткіздік. Бұл ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етеді, – деді «Қазақстан Әуесқой Лигасы» жобасының үйлестірушісі Әділет Мұқышев.

«Абай» командасының шабуылшысы Максим Казанин биылғы маусымда турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.

– Біз үшін керемет маусым болды. Бұл турнирге бесінші жыл қатарынан қатысып келемін. Әр маусым сайын ерекше әсер аламын. Жеңіске жеткеніміз үшін бапкерге де, командаға да алғыс айтамын. Бар күшімізді салып, алаңда мейлінше мүмкіндігімізді көрсеттік, – деді ойыншы.

Сонымен қатар, бұқар жыраулық «Дорожник» командасының 53 жастағы қақпашы Ардақ Дүкеев турнирдің «Ең үлкен қатысушы» аталымында марапатталды. Ботақаралық тұрғын кезінде теңіз флотында, одан кейін әскери комиссариатта еңбек еткен көрінеді. Бүгінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде қызмет атқарып жүр.

– Бүкіл өмірім спортпен байланысты. Соның ішінде жаныма жақыны – футбол. Ауылымыздың намысын қорғап, қақпашы ретінде талай ойынға қатыстым. Командамызда жастар да, аға буын өкілдері де бар. Біздің ұжым – қалалық құрамалардың арасындағы жалғыз ауылдан келген команда. Соған қарамастан керемет өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға табан тіредік. Өзімнің бір ұл, екі қызым бар. Ұлым да футболға әуес. Ал, қыздарым волейболға жақын, – деді қақпашы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс біріншілігіне деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл – турнирдің ауқымы кеңейіп қана қоймай, оның өңір футболы үшін маңызды мектепке айналып келе жатқанын көрсетеді. Ал, шын мәнінде, бұл дода тек спорттық бәсеке ғана емес, жергілікті футболды дамытуға серпін беретін игі дәстүрге айналды.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button