«Әуен» ансамбліне – 30 жыл
1995 жылы құрылған «Әуен» ансамблі бүгінде Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ең танымал әрі кәсіби шығармашылық ұжымдарының біріне айналды. Ансамбльдің бастауында тұрған Мақат Рымжанов ұжымның бағыт-бағдарын айқындап, қазақ ән өнерін кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Отыз жыл ішінде «Әуен» өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, өңір мәдениетін өркендетуге елеулі ықпал етіп келеді.

Ансамбльдің алғашқы құрамында сол кезеңнің белгілі өнер саңлақтары – К.Байсейітова атындағы әншілер конкурсының лауреаты, облыс әкімінің «Жыл әншісі» сыйлығының иегері Т.Ыдырысов, Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Жыл әншісі» атанған М.Мұқажанова, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ж.Кемалов, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Е.Құжыманов, сондай-ақ, И.Есмағанбетов, Моңғолия Республикасының еңбек сіңірген әртістері Б.Машан мен Г.Әбілхан, дарынды әншілер К.Жүнісов, А.Нығызбаев, күйсандық шебері Г.Серкебаева, көркемсөз орындаушысы В.Садретдинова сынды өнер иелері еңбек етті. Олардың барлығы «Әуен» ансамблінің қалыптасу жолында ұлттық вокалдық мәдениетті дамытуға айрықша үлес қосты.
Кейінгі жылдары ансамбль құрамына Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаттары Г.Серікова мен З.Жәкешова, облыстық конкурстар лауреаты Қ.Ыбышев секілді жас таланттар қосылып, ұжымның шығармашылық әлеуетін арттырды. Осы кезеңде еңбек еткен өнерпаздардың көпшілігі халықтың ыстық ықыласына бөленіп, кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет саласының үздігі атақтарына ие болды. Ансамбльдің ұзақ жылдар бойғы көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, еңбек ардагері Мунира Мұқажанова – ұжымның кәсіби деңгейін жаңа белеске көтерген тұлғалардың бірі.
2000 жылдардан бастап «Әуен» ансамблі Халықаралық және республикалық конкурстар лауреаттарымен толығып отырды. Осы кезеңде өнер көрсеткен А.Севостьянов (концертмейстер), А.Шакенова мен Ж.Аубакирова (жүргізушілер), әншілер А.Қаппасов, К.Насырова, М.Жанабаева, Д.Турлина, музыканттар А.Герасимов (баян), В.Сосновый (саксофон), сондай-ақ, Д.Аханов, Н.Темірғалиев, Е.Еріков, Е.Ұзақбаев, Н.Өміртаева, Ж.Шакенова, А.Уали, А.Сұлтанова сынды өнерпаздар ұжымның беделін биіктете түсті. Ансамбль бұл жылдары Ресей, Түркия, Германия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея сахналарында өнер көрсетіп, халықаралық деңгейде қазақ ән өнерін танытты. Сондай-ақ, Жезқазған мен Ұлытаудағы халықаралық «Жезкиік» фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне де «Әуен» ансамблі үлкен үлес қосты.
Биыл қазақ әнін дәріптеп жүрген шығармашылық ұжым өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. 2025 жылы ансамбльдің көркемдік жетекшілігіне Е.Мейірбеков тағайындалды. Бүгінде ансамбль құрамында А.Қаппасов, К.Насырова, Н.Темірғалиев, А.Уали, А.Сұлтанова, Д.Темірғалиев, Ж.Елубаев, Р.Сатыбалды сынды кәсіби әншілер мен музыканттар өнер көрсетіп келеді.
Репертуары бай, қазақ және шетел композиторларының үздік туындылары тоғысқан «Әуен» ансамблі ұлттық музыкалық мәдениетті насихаттауда әлі де биік белестерді бағындыруға ниетті.
Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің
баспасөз қызметінің редакторы



