«Учаске» республикалық жедел алдын алу шарасы өтуде
Қарағанды облысының аумағында қылмыстың алдын алу, заңсыз көші-қонның жолын кесу, сондай-ақ қайталап құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды анықтау мақсатында «Учаске» республикалық жедел алдын алу шарасы өтуде.
Іс-шара басталғалы бері бір ғана Ә.Бөкейхан ауданына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлері 24 мыңнан астам үйді аралап, тиісті құжатсыз тұрғын үйді жалға берудің 15 фактісін анықтады. Материалдар аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.
– «Учаске» жедел алдын алу шарасы кезінде 885 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тұрғылықты жері жоқ 7 адам уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта кәмелетке толмаған 25 жасөспірім ұсталып, тиісті хаттама толтырылды, – дейді Ә.Бөкейхан аудандық полиция бөлімінің басшысы Данияр Бекешов.
Сондай-ақ, шара барысында Қарағанды облысындағы шаруа қожалықтарының бірінде полиция қызметкерлері 2-наурыздан бері Павлодар облысында із-түссіз жоғалғандар тізімінде тұрған ер адамды тапты. Сонымен қатар, үй-жайларды аралау кезінде заңсыз жұмыс істеп жатқан діни бірлестік пен тіркелмеген миссионерлер анықталды. Хаттама толтырылып, іс құзырлы органдарға жолданды.
– Саяжай алқаптары мен шаруа қожалықтарын тексеру барысында белгіленген тұрғылықты жері жоқ 136 адам табылды. Сонымен қатар рейд барысында 25 бірлік тіркелмеген атыс қаруы мен 135 винтовкаға арналған патрон тәркіленді. Қаруды тіркеу және қайта тіркеу мерзімдерін бұзуға байланысты 52 және атыс қаруын сақтау ережелерін бұзуға қатысты 61 заң бұзушылық анықталды, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайырбек Шәкенов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ