Қуатты әскер – ел қорғаны
Елдің саяси аренадағы келбеті – әскерінің күштілігіне де байланысты. Осы жолда қару асынып, абыройлы міндет атқарған әскерилер Қарағанды гарнизонының әскери соты төрағасы Қыпшақ БАЙЖАНОВТЫҢ басшылығымен өткен жиынға қатысты. Өңірлік бөлім басшылары өткен жылғы атқарылған істердің барысына тоқталды.
Төрағаның айтуынша, әскери соттың төрелігін жүзеге асыруда және сот қызметі барысында заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Оның ішінде жемқорлық, сот ісі актілерінің орындалуын және жүзеге асырылуын қадағалау жұмыстары – басты орында. Жалпы, 2016 жыл бойы әскери сотта 14 қылмыстық іс қаралып, 11 үкім шығарылып, 12 адам сотталды. Тараптардың келісіміне байланысты алты адамға қатысты 3 қылмыстық іс тоқтатылды. Бас бостандығынан айыру жазасы бойынша 2 әскери қызметкерге үкім шығарылып, сотталған 5 адамға 500 000-нан – 18 000 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, сотталған әскери 3 қызметкерге жазаның басқа түрі тағайындалды. Біреуі шартты түрде жазаланса, екіншісі рақымшылық бойынша босатылды. Оған қоса, жемқорлық қылмысымен ұсталған сотталушылардың басым көпшілігіне айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Бұл ретте, алдымен, кінәлі тұлғаның мемлекетке немесе жеке тұлғаға келтірген шығыны ескерілген.
Қыпшақ БАЙЖАНОВ, Қарағанды гарнизонының әскери соты төрағасы:
– Әскерилердің құқығын қорғау – әскери соттың негізгі міндеті. Егер, құқығы бұзылса, олар әскери сотқа жүгініп, шағымдана алады. Кейде әскери бөлім мен басшылықтың арасында түсініспеушіліктер болып жатады. Азаматтық құқық жағынан әсіресе, әскери қызметін заңсыз босатса, әскери атағы уақытында берілмесе, жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын-үйлердің өтемақысын төлемеген жағдайда әскери сотқа жүгінеді. Сондықтан, әскери сот қызметкерлердің мүддесін барынша қорғайды. Кейінде экономикалық қылмысқа, алаяқтық не болмаса қызметін асыра пайдалану арқылы мемлекет мүлкіне қол сұғу жағдайлары орын алуда. Осындайда әскери адамдар қылмысқа тартылып, оларға жеңілдетілген жаза қолданылады.
Төрағаның сөзіне сүйенсек, өткен жылы республикада сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 538 адам сотталып, олардың 284-і айыппұл төлеген. Осы аралықта әскери соттар бойынша 46 724 400 теңгенің айыппұлы салынып, оның 23 707 200 теңгесі өндірілген.
Қарағанды әскери сотының мәліметінше, соңғы жылдары әскери қызметшілер арасында қылмыстық жағдайлардың орын алуы сирек. Олар өз ісіне аса тыңғылықты, жауапты қарайды. Бұл туралы Орталық аймақтық әскери прокурорының көмекшісі Қанат Шайжанов: «Әскериге айыппұл салу арқылы тәрбиелеу жазасы қолданылады. Қазіргі таңда олардың алдында тұрған басты міндет – әрбір сот шешімін Заңға сай орындау. Әскери бөлім басшылары осы мақсатта жеке құрамға тәрбие жұмыстарын жиі жүргізеді»,– дейді.
Негізінен талап-арыздар тұрғын үй үшін өтемақы, жалдау, ай сайынғы жәрдемақы төлеу бойынша орын алады екен. Осы ретте аймақтағы гарнизонның әскери соты өткен жылы 149 азаматтық іс қарап, оның 131-іне шешім шығарыпты. 18 іс қаралмаған, 5 іске сот шешімі шығарылды.
Десек те, қазіргі таңда мемлекет тарапынан әскерилерге жеңілдіктер қарастырылуда. Мысалы, әскери адам тұрғылықты мекен-жайын басқа қалаға ауыстырса, оның пәтерақысын Үкімет төлейді. Әскери қаржы бөліміне өзінің бүгінгі жағдайын растайтын құжаттар өткізсе болғаны. Сондықтан, мемлекет әскери адамның жағдайын жасау арқылы, өз табысын отбасына жұмсау жағына көңіл бөлген.
Жиында сөз алған 22750 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ерлан Ақатаев, облыс төңірегіндегі әскери гарнизондарда сот билігін жүзеге асырудың басты міндеттерін атады. Сондай-ақ, ол қылмыстық істерге қатысты шығарылған үкімдердің әскерилер арасында жіті талқылауда екенін айтты.
Қатысушылар жиын соңында сот билігін ілгерілету мақсатындағы жұмыс кестесін жоспарлады. Алдағы уақытта әскерилердің мүддесін қорғап, абыройлы қызмет жолында мүлтіксіз қызмет атқаруға серттесті.
Аяулым СОВЕТ