Жаңалықтар

Қуатты компания

Инновациялық технология — жаһандану жағдайында инновациялық-индустриалдық дамудың басты белгісінің бірі. Нарықтық экономикалық қатынаста кез келген кәсіпорынның толайым табысы, оның жаңашылдық бағыт-бағдары аймақтың әлеуметтік дамуымен, ұжым мүшесінің тұрмысын түзеуімен тығыз байланысты.
Басшылығы тың инновациялық кеңістік қалыптастырған, басты назарды өндіріс тиімділігін арттыратын стратегиялық бағытқа аударған, жаһандық нарықтың ерекшелігін екшеген, инновациялық технологияны ілгерілеу тетігі деп түсінген “Қазақмыс” — жаңашылдыққа, жағымды жаңалыққа бір табан жақын әлемдік деңгейдегі бірегей компания.

Инновациялық игілік

Экономикадағы әлемдік дағдарысты тастүйін дайындықпен қарсы алған “Қазақмыс” күрделі жаңа жағдайда шұғыл шаруаны өндірістің ескірген техникасы мен технологиясын жаппай жаңғыртудан бастады: кенішке жетілдірілген қуатты жабдық, кен байыту мен шақпақ мыс шығару өндірісіне тиімді тәсіл енгізді.
Еңбектің әлеуметтік сипатына көңіл бөлді. Инновациялық-экономикалық нарықтық тұтқаны іске қосты. Өркендеу өрісінің қозғаушы күші ретінде икемді инновациялық саясат ұстанды. Өндірістегі қауіпсіздік саясаты компания келешегінің айшықты әлеуметтік ажарын аша түсті.
Әлемдік рынокта бәсекеге төтеп беретін тауар өндіру үшін өндіріс пен ғылымның берік байланысын жолға қойды. Тапқан пайданың белгілі бір бөлігін инновациялық технологияға жұмсау өндірісті жаңғырту саласында белсенділік ахуалын қалыптастыруға жол ашты.
Инновациялық стратегияны жүзеге асыруда маманның жаңашылдық менеджментін қалыптастыру маңызды. Ол әлемдік деңгейдегі ғылыми және өнертапқыштық жетістікке негізделген инновациялық жоба мен бағдарлама жасап, жүзеге асыруға қабілетті болса, компанияның жұлдызы жанғаны.
“Қазақмыс” — шыңыраудан шикізат шығарған шахтер, құнарлы концентрат алған байытушы, катод мысын өндірген металлург бас біріктірген қуатты компания. Онда жер қойнауы байлығын тиімді пайдалану, кен орнының “ғұмырын ұзарту” бағытында ұтымды ұсыныс жасап, жүйелі жүзеге асырып жүрген қабілетті ғылыми-инженерлік корпус қалыптасқан.
Компанияда небір ұтқыр ұйымдастырушы, білікті кәсіпқой инженер, тәжірибесі толысқан тарлан, теориялық терең білімді ғылым саңлағы, өндіріс пен ғылымды тығыз ұштастырып үнемі ізденіс үстінде жүретін тынымсыз талант табылады. Олар өндіріске енгізген жаңа технологияның жалпы ел экономикасын дамытуда алатын елеулі маңызы зор.
Ғылыми-инженерлік корпусқа және өндірістің ішкі резервін тиімді пайдалануға, техникалық-экономикалық жоспарлауға, өндірістік үдерістің барысын есептеу мен бақылауға, өндіріске экономикалық және техникалық қызмет көрсету мен оны басқаруға айрықша назар аударылған.
Ғылым мен өндірістің байланысын нығайту — компанияны басқару қызметіндегі елеулі фактор және ол сапалық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, ғылыми ізденісті дамыту мен өндіріске енгізу аймақ экономикасын өркендетуге сәйкес мақсатты сипат алған.
Бұл жұмыс күшін тиімді орналастыру, кен барлау және игеру, техника мен технологияны жетілдіру, инновациялық үдеріске басшылық жасау сияқты маңызды міндетпен берік байланысты. Қызметкердің кәсіби біліктілігі мен білімін көтеру аймақтағы индустриялдық секторда өтіп жатқан инновациялық үдерісті тереңірек түсінуге игі ықпал етеді.
Сондықтан, елдегі және жергілікті жердегі жоғары оқу орнын былай қойғанда, шалғайдағы шетелде оқыту жобасын жүзеге асыруға компания қыруар қаржы жұмсап келеді. Инновациялық үдеріс ұжымдық жаңа дәстүр, жеке жауапкершілік, келешекке сеніммен қарау секілді көзқарастың тың үлгісін қалыптастырады.
Уақытпен үндес үдеріс

Дүниені дүркін-дүркін дүрліктірген дағдарыс “Қазақмысқа” да қиғаш килікті. Бірақ, оған бой беретін компания байқалмайды. Дағдарыс дүмпуіне салиқалы стратегияны қарсы қойып, күтпеген көлденең қиындықтан құтылудың тиімді жолын тауып келеді. Қол жеткен өндірістік көрсеткіш пен қаржылық қорытынды — айтылғанға айқын айғақ.
“Қазақмыстың” қызметі шикізат қорын көбейтуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға, өнімнің өзіндік құнын кемітуге, басқару сапасын көтеруге, тағы басқа мақсатты жұмыс жүргізуге бағытталған. Көздегені — әлемдік үлгідегі тиімділігі жоғары өндіріс кешенін қалыптастыру.
Әлемдік нарықта мыстың сауда-саттығындағы сылбырлық салқынын тигізгеніне қарамастан, өндірістің тоқырауына жол берілмеді. Кезінде қоймаға қойылған құрамы кедей кенді қайта өңдеу мен байыту барысында қалқу коэффициентін көтеру жергілікті шикізаттан мол мыс өндіруге мүмкіндік берді.
Ілеспе өнім өндірісі, оның ішінде мырыш концентратын, күміс пен алтын өндіру айтарлықтай артты. Кен өндіру мен өңдеудегі кешенді жұмыс, қаржыны үнемді жұмсауға бақылауды күшейту және шығынды барынша қысқарту рентабельділіктің күрт құлдырауын тежеді.
Әлемдік нарықтағы қолайсыздық компанияның ұзақ мерзімдік жоспарына салқынын тигізе алмады. Соның арқасында сындарлы стратегияға сәйкес басым бағыттағы бірқатар инвестициялық бағдарлама жүйелі жалғасты. Қалыптасқан тұрақты қаржылық ахуал өндірісті одан әрі ұлғайтуға жол ашты.
Компанияда басқару тиімділігін жетілдіру мен шамадан тыс шығынды қысқартуға бағытталған шара жүйелі жүзеге асырылды. Соның бірі — өндірісті жедел басқарудың жаңа құрылымы: кен өндіру кешені мен кен байыту кешені. Бұдан былай екеуі де тікелей корпорация басқармасына бағынады.
Басшылық құрамдағы бастапқы өзгеріс Балқаш бойында басталып, Қарағанды қапталында қорытындыланды. Кәсіпорын қызметін қадағалайтын басқарма мен инженерлік-техникалық буын біршама ықшамдалды. Өндірісті өркендету өрісі, компанияның көрнекті көкжиегі “Қазақмыстың” ұзақ мерзімдік даму бағдарламасында дәйектелген.
Егер бедерлі белес биігінен өткенге көз жіберсек, әдемі әсерге бөлейтін небір елеулі оқиғаның куәсі боламыз. Өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, өндірісті одан әрі ұлғайтып, нығайтуға барлық алғышарт жасалған компания жылнамасының жарқын бетін кенші, байытушы мен металлург қажымас қайрат, іркіліссіз ізденіс, жалындаған жігермен жазуда.
Әрине, атқарылған ауқымды іске толық тоқталып, сыпыра түгендеу мақсат та, мүмкін де емес. Құлашын кеңге сермеген “Қазақмыстың” қарышты қадамы келісті келешегін көзге елестетеді. Әлемнің әлденеше алпауыт компаниясы қатарында қазақстандық тоғызы тоқайласқан Лондон қор биржасының мамандары — британдық бизнесмен, қарымды қаржыгер, сарабдал сарапшы оны “келешегі кемел компания” деп бағалап отыр.

(Соңы. Басы №№39, 40, 41, 42, 43 сандарда).

Әлібек Әбдіраш.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button