Қуатты компания
Академик Қаныш СӘТБАЕВ:
“Менің қымбатты жезқазғандық достарым! Ежелгі адал достарым!
Жезқазған даласының байлығын дәлелдеу үшін, осында үлкен қала салу үшін сіздер мен біздер қиындықтарды жеңдік…
Достар, Жезқазғанды көздің қарашығындай сақтауды сіздерден өте өтінемін. Біздің байлығымыз орасан болғанымен, шексіз емес”.
Шикізат “шырғалаңы”
“Қазақмыстың” басқарма төрағасы Эдуард Огай 2010 жылы күзде Үкімет отырысында кен қорының кенжелеуінен енді 10-15 жылда кейбір қаланы жұмыссыздық жайлауы мүмкін екенін мәлімдеді. “Болашағы беймәлім” дегенді мегзеді. “Тағдыры таразы басында тұрғанын” тұспалдады…
2013 жылы желтоқсанда Жезқазған жайлы жайсыз әңгіме және ашық айтылды. Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев былай деді: “Жезқазған қазба орнында қазіргі технологияны одан әрі қолдану, “Қазақмыс” мамандарының ойынша, өндіріс тиімділігін қамтамасыз етпейді. Кен-металлургия кешенінің 13-15 жылдай ғана жұмыс істейтін мүмкіндігі бар”.
Мұндай мәлімдеме жезқазғандыққа жайсыз тиді. Қайлаға қараған кенші де, кенді келешегіне балаған ауыл-аймақ адамы да алаңдады. Себебі, кенішке “кіндігі байланбаған” отбасы өңірде кемде-кем. Тіпті, ауылдағы малшының баласы да бүгінде шахтаның “шаңын қағып” жүр. Содан шығар, елеңдеген ел аузында бұл жағдай “Шикізат шырғалаңы” атанып шыға келді.
Сонда Қаныштың қазақты қарық қылған батыл болжамы қиял болып қалғаны ма? Бірден айтайық: “Жоқ!”. Ендеше “жұт” қайдан жетті? Қысқа қайырсақ, оның “құпиясы” мынада: шетелдік инвестор — ешкімнің нағашысы емес. Қаржы құйғанымен, бас пайдасын да ұмытпайды.
1995 жылы күзде Жезқазған комбинаты сенімді басқаруға берілген “Самсунг” фирмасы да бірден кенішті қуатты техникамен нығайтуды қолға алды. Сонау 60-жылдың соңында өндіріске енгізіліп, сан сыннан сүрінбеген, талай торабы жетілдіріліп, 1975 жылы жаппай пайдалануға көшкен “МоАЗ” автоқотарғышының басынан жиырма жылдан кейін “бақ” тайды.
Қазір оны қосалқы шаруадан болмаса, өндірістің өзінен көрмейсің. Есесіне шахта шыңырауын қуаты одан бірнеше есе артық шетелдік техника шиырлап жүр. “Қазақмыстың” фин-шведтік “Сандвик-Тамрок”, финдік “Нормет”, шведтік “Атлас-Капко”, әлемге әйгілі “Катерпиллар”, польшалық “Бумар” фирмасымен берік байланысы бар.
Әрине, кенішті қуатты техникамен жарақтандыру — қуанатын-ақ қадам. Тек кен қорын нығайту жағы назардан тыс қалып, жұмыстың біржақты жүргізілуі жайсыз жағдайға ұрындырды. Өкінішке орай, шетелдік инвестор кеткесін де “Қазақмыс” бұл маңызды мәселеге он жылдай мойын бұра қоймады.
Соның салдарынан кеніш қатары кеміді, өндіріс бірнеше дүркін оңтайландырылды, тіпті, қолына “қайладан” басқа құрал ұстап көрмеген кеншіге күрек пен шелек беріп Кеңгір су қоймасының жағасына ағаш ектіріп қойғанды да көрдік. “Қазақмыс” басшысы Бақтияр Қрықпышев 2016 жылы тамызда Алматыда журналистермен жүздескенде былай ағынан жарылды:
“Елде ұзақ уақыт геологиялық іздестіру жүргізілмеді. Барлығы өткен ғасырдың ортасында алынған кеңестік деректі қолданды. 2012 жылы біздің компания геологиялық жабдықтар сатып алуды, мамандар тартуды бастады. Бүгінде барлау мәліметіне сүйеніп, құрамында мысы мол “Сарыоба” кенішінің кені — 40 жылға, “Жаман-Айбат-2” кенішінікі 30 жылға жететінін сенімді түрде айта аламыз”.
Бұған біздің қосарымыз — Жезқазған қазба орнын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында 2013 жылы қаңтарда компанияның бас жобалау институты құрамында кен қорын дамыту бас жоспарының техникалық-экономикалық негіздемесін жасаумен айналысатын арнайы топ құрылып, жұмыс істеуде.
Кен қорының келешегі
Оқырман аңғарған шығар, әңгіме Жезқазғанның “жабылуы” емес, “барланған кен қорының” түгесілуге таянғаны туралы. Әйтпесе, алаңдауға негіз жоқ. Мәселен, компания мәліметіне қарағанда, Жезқазған аймағынан күні кешеге дейін 1 миллиард тоннадай кен өндірілсе, геологиялық қызмет әлі сондай көлемде теңгерімнен тыс құнарсыз кен барын дәлелдеп отыр.
Бірақ, оны қазіргі технологиямен өңдеу тиімсіз. Сондықтан, 2018-2021 жылдары жылына 600 мың тоннадан астам мыс концентратын өңдейтін ірі гидрометаллургиялық зауыт салынады. Оның дайындық жұмысы қазір қызу қарқынмен жүргізілуде. Қысқасы, індетіп іздестірсек, сынаманы тереңнен тартсақ, әлі талай кен қоры табылады.
Осы жерде Жезқазған қойнауында елеусіз жасырынып жатқан кен қатпары мен белгісіз қазба орнын қадағалап, түбегейлі зерттеген Қаныштың қызы Мейіздің кен минерологиясы жөніндегі көп жылғы зерттеу еңбегіне жүгінген жөн. Ол Жезқазған кенінің пайда болу негізі эндогендік (тереңдегі) текке жататынын тәптіштеп түсіндіріп берді.
Беймәлім кен қатпарын тереңдегі горизонттан іздестіруді ұсынды. Мейіз Қанышқызының сондағы мегзегені, ең алдымен, “Покро — Оңтүстік-Батыс” телімінің оңтүстік-шығыс бөлігі. Сонау 1985 жылы айтылған ақыл-кеңес күні бүгінге дейін құнын жойған жоқ.
Тек туындаған тосқауыл — кені алынған кеңістік арқылы бұрғылау қиындығы. Жоғарғы горизонттың кені алынып, бос кеңістік пайда болғандықтан, төменгі горизонтты бұрғылау үшін қондырғыны жердің астына түсіру керек еді.
Бұл кезінде күрделі көрінді, оның үстіне өндірісшінің барлығы бірдей қолдай қоймады, арасынан ашық қарсылық танытқаны да табылды. Соның салдарынан ұзақ жыл жұмыс жүрмеді. Тек 2003 жылы шілдеде “Қазақмыс” басшылығы жер астында скважина бұрғылауды бастауға нұсқау берді.
Бірақ, ол үнемі күтпеген күрделі техникалық қиындыққа кездесе берді. Дегенмен, кен қатпары болуы ықтимал деп Мейіз Сәтбаева жорамалдаған жобаның солтүстік-батыс беткейінен бұрын беймәлім болып келген жаңа кенді аймақ табылды. Мұндай кенді аймақтың жалғасы солтүстік-батысқа қарай 450 метрден кейін тағы кездесті.
Атқарылған азды-көпті жұмыстың нәтижесі өмірлік маңызы жағынан да, ғылыми тұрғыдан да, сөзсіз, қызығушылық тудырады. Себебі, алынған дерек Жезқазған кен қыртысының әлі де ашылмаған қыры жеткілікті екенін көрсетеді. Сондықтан, байыпты зерттеу барысында талай “тосын сыйға” тап болу әбден мүмкін.
Жасырын жатқан беймәлім кен қатпарын зерттеу жобасын жүзеге асыру жұмысы жаңа ғана басталды. Қалыптасқан күрделі кен-геологиялық жағдайға қарамастан оны жеріне жеткізу көзделген. Бұрнағы жылы кен қорының Жыланды жүлгесі қатарға қосылды.
Қуатты кен қоры — кемел келешектің сенімді кепілі. Бұл бағытта қазір “Қазақмыс” жүйелі жұмыс жүргізуде. Кеніштің басым бөлігінде шикізат жерасты, демек шахталық әдіспен өндіріледі. Өндіріс тиімділігін арттыру, орынсыз ысырап болдырмау бағытында бірқатар бағдарлама қолға алынған.
(Жалғасы. Басы өткен санда).
Әлібек Әбдіраш