Қуатты компания
Әңгіменің әлқиссасы
Тұсауы кесілген тәуелсіз ел мен тоқыраудың “топалаңы” текетірескен талматұс: қаңтарылған кәсіпорын, күйзелген халық…
Қуатты комбинаттан қадір қашты: отыз мыңдай адам айлап жалақы алмады. Қыруар қарыздың құрсауында қалды.
1992 жыл. “Жезқазғантүстімет” АҚ құрылды. Өндірістік қуатты қалпына келтіру мен инвестиция тарту күн тәртібіне қойылды.
1995 жыл. АҚ бес жылға “Самсунг” фирмасына басқаруға берілді. Арқадағы алыптың ауған жүгін жөнге келтіруге ол байыпты бизнес-жоспармен жедел кірісті.
1997 жыл, 11 тамыз. Жезқазғандық комбинат базасында “Қазақмыс” корпорациясы құрылды.
2014 жыл, 31 қазан. “Қазақмыс” тобы қайта құрылып, екіге: жекеменшік “Қазақмыс” корпорациясы мен жариялы “KAZ Minerals PLC” компаниясына бөлінді.
“Қазақмыс” қалай құрылды?
Бір оқиға ойға оралып отыр.
Бұдан сегіз жыл бұрын Сәтбаев қаласында “Қазақмыстың” өндірістік құрылымында қызмет қылатын жастардың алғашқы слетi өтті. Сонда бүгінгі сенатор, ол кезде “Қазақмыстың” iшкi және кадр саясаты жөнiндегi басқарушы директоры болған Сергей Ершов: “Слеттiң мақсаты — жiгерлi жастың талабын ұштау, тұлға болып қалыптасуына септiгiн тигiзу” деген.
Қарағанды, Балқаш, Өскеменнен келген және Жезқазған мен Сәтбаевтан сайланған өрімдей слет делегаты құрметтi қонақ — сол кездегі “Нұр Отан” ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары, қазіргі спикер Нұрлан Нығматулиннің әңгімесіне құлшына құлақ түрген.
Сол слетте ғой, кезінде жаңадан құрылған корпорацияға лайықты ат таба алмай, тығырыққа тiрелген сәтті тілге тиек еткен “Қазақмыстың” президентi Владимир Ким былай деген: “Нұрсұлтан Әбішұлы да бар еді, әңгімеге көп араласпай, ой құшағында отырған. Бір кезде иегін әнтек көтеріп: “Жігіттер, “Қазақмыс” десек қалай болады?” деді. Ұтымды ұсынысты бәріміз қызу қолдадық”.
Экономикалық күйзелістен қажыған қарапайым халық “Қазақмыстың” құрылуын қайырлы қадам ретінде қабылдады…
Тағы бір жағдай жадымда жаңғырады.
Әлі есімде. Шіліңгір шілдедегі Арқаның апшыны қуырған аптап аңызағы айылын жияр емес. Күн көкжиекке құласа да, ыстықтың беті әлі қатты. Соған қарамастан, Жезқазған қалашығындағы Кеншілер мәдениет үйіне қарай ағылған адамның қарасы мол.
Бүгін мұнда Үкімет қаулысы негізінде “Жезқазғантүстімет” АҚ тізгінін қолға алған оңтүстік кореялық “Самсунг” фирмасының өкілдері көпшілікпен кездесу өткізбек. Жаңа үрдіске жатырқай қараған жиналған қауымның көңілі күпті.
Бірқатар күрделі өндірістік буыннан тұратын комбинатты басқаратын топта 15 адам бар екені белгілі болды. Оған “Самсунгтегі” түсті металл бөлімінің директоры жетекшілік жасайтын көрінеді. Қаржы-өнеркәсіп корпорациясы тобының басшылығы басқарушы етіп 35 жастағы Владимир Кимді тағайындапты.
Өндірісті техникалық қайта жарақтандыруды, оған басқарудың нарықтық-экономикалық тетігін енгізуді және шикізат қорын көбейтуді қызметтің басты стратегиялық бағыты етіп белгілеген басқарушы компания тиімді шешім қабылдай білді. Оның дұрыстығына екі жылда көз жетті…
Арқадағы алыптың мүмкіндігі әлдеқайда мол екені бірден байқалды. Жағдайын жақсартып алған жезқазғандықтар шаруашылығы шатқаяқтаған басқа әріптесіне көмек қолын созды. Балқаштан бастады. Сосын кезек елдің шығысындағы комбинатқа келді.
Кейін Қарағанды қапталындағы бірқатар кәсіпорынды қамқорлығына алды. Ақыры жезқазғандық комбинат базасында корпорация құрылды. “Жезқазғантүстімет” АҚ акционерлері жалпы жиналысының шешіміне сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтіп, 1997 жылғы 11 тамызда “Қазақмыс” атанды.
Кемел келешек көкжиегі
Қазақстанда мыс өндірісінің қайта түлеуі мен тұрақты дамуын “Қазақмыстың” қалыптасу кезеңімен, демек, өткен ғасырдағы соңғы онжылдықтың екінші жартысымен байланыстырған орынды. Әлемге әйгілі қуатты компания қазір елдегі мысқа қатысы бар барлық кәсіпорынның басын біріктірген.
Бәсекелестікке бейім компания әлемдік іскер қауыммен қоян-қолтық араласып, Еуропа, Азия, АҚШ нарығында нық қадам жасады. 2005 жылы қазанда қазақстандық компания арасында алғашқы болып акциясын Лондон қор биржасына шығаруы халықаралық қаржы нарығында батыстық бай-бағыланмен терезесін тең ұстауға жол ашты.
Сол жылы желтоқсанда Ұлыбританиядағы 100 ірі листингтік компания тізіміне кірді. Ел экономикасының дамуына септігін тигізу мақсатында келесі жылы акциясын қазақстандық қор биржасында саудалай бастады. 2011 жылы Гонконг қор биржасына акциясын ойдағыдай орналастыруы, “Қазақмыстың” Азия қаржы кеңістіндегі қарышты қанат қағысына айқын дәлел болды.
Компанияның кемел келешегі өндіріс тиімділігін арттырумен, шикізат базасын нығайтумен, балама кен көзін игерумен, жаңа жұмыс орнын ашумен, әлеуметтік мәселені шебер шешумен тығыз байланысты екенін басшылығы терең түсінеді. Сондықтан, корпорацияның тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуі осыған негізделген.
“Қазақмыс” қабырғасы қаусап, қызметі құлдыраған комбинаттың “қоқысынан” қайта көтерілді. Қазақстан тарихының күрт бетбұрысты кезеңінде желкенін жайып, үмітін үкілеп экономика айдынына шықты. Ел шеңберінде шектеліп қалмады, бәсекелестік қызуы бет қаратпайтын капиталистік қауымдастыққа қадам жасады.
Оны ешкім күтпеген. Оған ешкім қол ұшын бермеген. Өйткені, кеңестік кеңістіктен кейін ТМД-да бұрынғы индустрия “қалдығынан” алғаш әлемдік деңгейде компания құруды қолға алған “Қазақмыс” еді. Ол бірден бет-бейнесін, бағыт-бағдарын айқындауға ұмтылды. Қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті қызметінің темірқазығы етіп ұстады.
Бизнесте барлық өндірісті адамға қызмет қылуға бағыттады. Компания қызметкері мен оның отбасын ғана емес, корпорация кәсіпорны қоныс тепкен аймақтағы жалпы жұртшылықты жан-жақты әлеуметтік қорғауға алды. Оның бірпарасы ортақ игілікке айналған әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысаннан, коммуналдық қызметке арзан ақы төлеуден көрініс тапты.
Арқада бой көтерген алып компания бүгінде белгілі бір аймақтың ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірі үлкен үмітпен қарайтын көшбасшыға айналды. Тиянақты тұғыры Жезқазғанда орныққан “Қазақмыс” ешкімге тәуелді емес: жеке шикізат қоры, отыны мен электр қуаты бар. Ең бастысы — онда өндірістің “майын ішкен” майталман маман мен білікті жұмысшы еңбек етеді.
(Жалғасы бар).
Әлібек Әбдіраш.