Бас тақырып

Интеллект орталығы кәсіпкерлікті тежейтін заңнамалық қайшылықтарды жояды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет алдағы уақыттағы экономикалық өзгерістердің ұзақмерзімді бағытын айқындады. Ал, біз Қара­ғанды облысында бұл тапсырмалардың батыл әрі құрылымдық ре­формалар арқылы жүзеге асатынына сенімдіміз.

Сурет stan.kz

Президент салықтық бақылауды толық цифрландыру және салықтық есептілік нысандарын 30%-ға қысқарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, бизнес пен фискалдық органдар арасындағы өзара іс-қимылдың сервис моделін қалыптастыруға, жазалаудан гөрі алдын алуға баса назар аударды.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлік заңнамасына кешенді талдау жүргізуді, құқықтық базаны реттеуді, жүйелеуді және оңайлатуды, Стратегиялық жоспарлау агенттігі жанынан реттеушілік интеллект орталығын құруды тапсырды. Бұл бизнестің құқықтық қорғалуын арттырып, кәсіпкерлікті тежейтін заңнамалық қайшылықтарды жояды.

Сонымен қатар, Жолдауда ауқымды міндеттер қойылды: екінші және үшінші атом электр станцияларын салу жоспары, азықтүлік қауіпсіздігін (оның ішінде сүт өнімдері бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз ету) қамтамасыз ету, сондай-ақ ерекше мәртебесі бар, толық цифрлық «ақылды» қала – жаңа технологиялық орталық Алатау қаласын дамыту жобасы.

Қарағанды облысы үшін бұл – маңыз­ды. Бүгінде бизнеске түсінікті ережелер мен жеңілдетілген әкімшілік режим қалыптасатын құқықтық және цифрлық негіз құрылуда. Өңірдің бизнес-қоғамдастығы осы міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысуға, билік органдарымен диалогты жалғастырып, нақты шешімдер ұсынуға дайын.

Президент атап өткен басты сын-қатер – жоғары инфляция жағдайында теңгерімді қаржы және салық саясатының рөлі ерекше. Тұрақтылық, болжамдылық және цифрландыру – бизнесті де, жұмыс орындарын құратын компанияларды да тартымды ететін басты факторлар.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы бизнестің мүдделерін қорғауды жалғастырады: әкімшілік асыра сілтеулер орын алған жағдайда біз кәсіпкерлерді қорғауға және жаңа жағдайға бейімделуіне көмектесуге әрқашан дайынбыз.

Ернар КҮЛПЕЙІСОВ,
Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры

Басқа материалдар

Back to top button