АймақПриозерск

Қуанышты еселеген баспана

Әйелдердің халықаралық күні мерекесі қарсаңында «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша приозерскілік 24 отбасы баспаналы болды.

Кейінгі жылдары елімізде «Қолжетімді баспана» бағдарламасы облыс аумағында қарқынмен жүзеге асырылып, тұрғындар қуанышқа кенелуде. Жаңа пәтер иелерін Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.

– Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Приозерск қаласының 65 жылдығына және мерекеге орай, шаһарымыздың Достық көшесінде орналасқан №1 үйдің 24 пәтерінің кілттерін тапсырғалы тұрмыз. Мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген үй заманауи үлгіде жабдықталған. Тұрғын үйге қалалық бюджеттен 158 млн. 192 мың теңге қаржы қарастырылды. Сондай-ақ, аталмыш тұрғын үйге 4 санат бойынша отбасылар қоныстанып отыр, – деді Қайрат Қамзин.

Баспаналы болған отбасылар мүшелері қуанышты сәттерімен бөлісті.

– Мен бүгін көптен күткен баспанаға қол жеткіздім. Қуанышымда шек жоқ. Бірнеше жыл пәтер кезегінде тұрып, жеті жылға жуық пәтер жалдап келдім. Мүмкіндігі шектеулі баламды пәтерден пәтерге сүйреп жүру оңай болған жоқ. Енді ештеңеге алаңдамай, отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Жалпы, бүгінде пәтердің бағасы шарықтап тұрған заманда Үкіметіміздің бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана» бағдарламасының берері мол деп есептеймін. Бүгінгі күні бізге беріп тұрған пәтердің ғана кілті емес, жарқын болашақтың кілті, төрт баламның несібесі, – дейді қуанышын жасыра алмаған жаңа пәтердің иесі Әсел Елеусізова.

Қала басшысы Қайрат Қамзинның айтуынша, бағдарлама аясында алдағы уақытта мұқтаж жандар үшін тұрғын үй салынбақшы. 

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button