Қуаныш еселенген күн Шахтинск қаласында 37 отбасына пәтер берілді
Шахтинск қаласында 37 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күні қарсаңында отбасылардың қуанышы еселене түсті. Қалпына келтірілген тоғыз қабатты үйде сапалы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жедел саты да іске қосылған. Барлық коммуникация жүйесі тартылған. Алдағы жылы ауласы да абаттандырылады деп күтілуде. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісі екенін атап өткен жөн. Үй иелеріне пәтер кілтін қала әкімі Әскербек ХАЛТОНОВ табыстады.
– Шахтинск аймағында төрт санат бойынша мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде 1 530 адам тұр. Оның 85-і – көпбалалы отбасы. Бүгінде олардың 37-сі пәтер кілтін алды. Жаңа пәтер – бұл жаңа бастамалар мен мүмкіндіктер, – деген қала әкімі жаңа үй қожайындарын қуаныштарымен құттықтады.
Көпбалалы ана В.Сайдахметова қала әкіміне мынадай сый-сияпат үшін риясыз ықыласын білдіріп, тұрғындар атынан алғыс айтты. Жеті баланың анасы Вероника Сайдахметоваға үш бөлмелі пәтер бұйырыпты. Көпбалалы ана Наталья Госман бес бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкені 12 жаста, ал кішісі – 9 айлық. Наталья үш жыл кезекте тұрыпты. Әрі осындай қысқа мерзімде пәтер береді деп әсте күтпеген екен. Сондықтан да, пәтер кілтін алуға шақырғанда сенер-сенбесін білмепті қуаныштан. Төрт баласы бар Алишевтар отбасы да пәтерлі болды.
– Бұған дейін жалдап тұрдық. Көмір сатып алатынбыз қосымша. Бәрі қымбатқа түсетін. Бізге үш бөлмелі пәтер берілді. Жылы, жарық, тамаша ауданда. Жақын жерде мектеп, балабақшалар, дүкендер бар. Енді бәрі жақсы болады, – дейді Бақытжан Алишева.
Өз тілшімізден.