Бас тақырыпРесми

Қуантсаң, баланы қуант

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен екібастұздық 1 мыңнан астам балаға демалыс ұйымдастырылды. Олар қысқы демалысын Семей және Алматы қалаларында, Түркістан, Алматы, Павлодар және Ақмола облыстарының демалыс орындарында өткізуде.

Бұл іске «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы да атсалысты. Партия өкілдері жетекшілік еткен екібастұздық 60 оқушы Алатау бөктеріндегі «Тау күні» оқыту-сауықтыру кешенінде қызыққа толы қысқы демалысын өткізуде.

Қыстың қақаған аязында екібастұздық ағайынның басына түскен іс әрқайсысының жанына батты. Мұзға оранған қаланың тұрғындарына көмек беруде ешкім аянып қалмады. Тоңған адамды ғана емес, тоң боп қатқан көңілді жылытқандар көп болды. Екібастұздықтарға көрсетілген көмек мұнымен шектеліп қалған жоқ. Партиялық уәделерді орындау мақсатында бүгінде «AMANAT» партиясы екібастұздық балаларға қысқы каникулын тиімді өткізу үшін демалыс ұйымдастырды.

Ата-аналарының рұқсатымен, балалармен бірге партия аппараты қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен медицина саласы мамандары дайындалып,

Екібастұздан әр қалаға жолға шықты. «Екібастұздық 1 мыңға жуық бала ел аумағындағы шипажайларға демалуға аттанды. Ең бастысы – балаларды қуантып, олардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жаңа жыл жағымды оқиғалармен басталып жатқаны қуантады. Балалар Қазақстан қалаларын аралап, құрбы-құрдастарымен танысып, денсаулығын нығайта алады», – деген болатын «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко.

Екібастұздық 60 балаға жетекшілік етіп, Екібастұздан Алматыға барған «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шаменов:

– Екібастұз қаласынан 60 баламен бірге алты мұғалім, бір дәрігер аттандық. Алдымен Семей қаласына барып, Алматыға пойызбен жолға шықтық. Алматы вокзалынан жергілікті полицияның қарауымен автобус балаларды демалыс орнына дейін апарып салды. Қазір балалар Алматы қаласындағы «Тау күні» оқыту-сауықтыру кешенінде демалып жатыр.

Кешенде олар бір апта уақыт өткізеді. Бес уақыт тамақ, тюбинг парк, қызықты мастер-класстар және әртүрлі ойындар ұйымдастырылады. Балаларды бұл сапар таңғажайып әсерге бөлеп, бұл уақыт олардың есінде ұзақ сақталады, – деді Нұрсұлтан Мейрамұлы.

Бұл сапарға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы және белгілі азаматтар қолдау көрсеткен. №3 автобус паркінің басшысы А.Григорян 60 балаға лагерьге жолдама алып беріп, демеушілік жасаған.

– Қысқы каникулымыз ерекше өтіп жатыр. Алматының тау бөктерінде шаңғы теуіп, сырғанап жүрміз. Мен осы демалыста жаңа орта, жаңа достар таптым. Біздің жақпен салыстырғанда Алматы жылы екен. Бізге басқа қалаларда демалуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рақмет айтамын, – дейді Екібастұздағы №33 ЖББ. мектебінің оқушысы Мейіржан Темірболат.

Қысқы демалыс балалар үшін тың серпін беріп, жаңа оқу тоқсанына күш-қуат жинап қайтады. Мұндай мүмкіндікті сыйлаған «AMANAT» партиясына балалардың да, олардың ата-аналарының да алғысы зор.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button