Жаңалықтар

Уақытша мәртебеге жүгінгендер қанша?

Жыл басынан бері медициналық сақтандыру қорына уақытша мәртебе алу үшін облыстың 1,7 мың тұрғыны жүгініпті. Осы уақыт аралығында аймақ тұрғындарынан ресми кері байланыс арналарына 18 мыңға жуық өтініш келіп түскен екен. Олардың негізгі бөлігі – кеңес алу сипатында. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалы баспасөз қызметі хабарлады.

– Уақытша мәртебе жеңілдікті 15 санаттың біріне жататын, бірақ қандай да бір себептермен сақтандырылмаған азаматтарға беріледі. Облыста мұндай өтініштер, көбінесе, жұмыс істемейтін жүкті әйелдерден, шет елде оқитын, жұмыссыз ретінде есепте тұрған студенттерден келіп түседі, – деп мәлімдепті Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының бөлім басшысы Светлана Щеткина.

Баспасөз қызметінің баяндауынша, уақытша мәртебе бір рет және бір айға беріледі. Осы уақыт ішінде жеңілдік санатын алу, я болмаса қалпына келтіру үшін тиісті ұйымдарға хабарласу қажет. Уақытша мәртебе иелену үшін өтініш беруші қолданыстағы жеңілдік санатын растайтын құжатын өтінішімен бірге тапсыруы тиіс. Таратылған деректерге сүйенсек, қаңтардан бері облыс тұрғындарынан медициналық сақтандыру қорына 900-ден астам шағым түскен. Ол шағымдарда медициналық көмек көрсетуден бас тарту мәселесі, амбулаториялық тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің сапасы сөз болған. «Шағымдар расталған жағдайда медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға экономикалық ықпал ету шараларын қолданды. Осы жылдың 6 айында қор жалпы сомасы 662,9 миллион теңгеге медициналық көмек көрсетудегі 30 мыңнан астам ақауды анықтады», – дейді Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалы баспасөз қызметі.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button