Жаңалықтар

Уақытпен үндескен үнқағаз

Ақпарат айдынына алқызыл жалау желбіретіп шыққан («Қызыл ту», 1938 ж.), ширықтырған ширек ғасырда еселі еңбегімен еңсе тіктеген («Арқа еңбеккері», 1963ж.), тәуелсіздік тұғырына қонғанда туған топырақ тамыршысына айналған («Тоқырауын тынысы», 1998 ж.) аудандық газеттің 80 жылдық мерейтойы мазмұнды әрі жарасымды сәнсалтанатымен атап өтілді. Қолына қалам ұстаған қауымның мерейін өсірген мерекелік іс-шара орталық алаңдағы Алаштың үш арысы – Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов және Ә.Ермеков ескерткішіне жадыраған жамиғаттың гүл шоғын қоюымен басталды.

Аудандық газет редакциясының қабырғасына 1969-1988 жылдары «Арқа еңбеккерін» басқарған Қасжан Ақеділовтің бейнесі бедерленген ескерткіш тақта бекітілді. Оның ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Рашид Әбеуов көпшілікті құттықтап, замандасы Мәдениет Сәтеков естелік айтты, бауыры Манар Құсайынов туған-туыс ризашылығын жеткізді. Ұрпағы ас беріп, аруағына құран бағыштады.

«Аудандық басылымдардың қазіргі ахуалы» тақырыбындағы облыстық танымдық конференцияны аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов ашып, БАҚ-тың қоғамдағы маңызына тоқталды. Қазақстанның Құрметті журналисі Төрехан Майбас баяндама жасады. «Қазір газет ұраны: «Қолбала бола алмаймыз, қолғанаттыққа дайынбыз!» болуға тиіс» деген Төрағаң, алыстан орағытпай, тақырыпқа төтесінен тартты.

Сірә, оның ойы көпшілік көңілінен шыққан болуы керек, жарыссөзде сөз саптаған «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, «Сарыарқа» аймақтық газетінің бас редакторы Дархан Мұқан, «Шет шұғыласы» аудандық газетінің бас редакторы Мейрам Дәулетбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің басшысы, «Қасым» жорналының бас редакторы Серік Сағынтай көтерілген тақырып төңірегінде тұщымды пікірін ортаға салды. Өлкетанушы Аманкелді Туғанбаев газет тігіндісін сақтауға қатысты өте өзекті мәселе көтерді.

Газеттің мерейтойына орай берілген ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаевтың Алғыс хаты «Тоқырауын тынысы» газетінің бас редакторы Гүлнар Елеусізоваға салтанатты түрде тапсырылды.

 Танымдық конференция газет мерейтойына арналған ресми жиынға ұласты. Онда «Аудандық газет: кеше және бүгін» тақырыбында баяндама жасаған «Тоқырауын тынысы» газетінің бас редакторы Гүлнар Елеусізова кешегісін ой елегінен өткізіп, бүгінгісін байыпты баяндады.

 Жиында жамиғатты қызу құттықтаған аудан әкімі Салтанат Әбеуова газет ұжымына жеңіл автокөліктің сертификатын, Дәния Тәжібаеваға аудан әкімінің Құрмет грамотасын, Әлия Ибраева мен Назерке Өміржановаға аудан әкімінің Алғыс хатын, Жамал Мұқашбековаға облыстық ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасын тапсырып, Қарлыға Жұмабаева мен Бақыт Бәкірованың және Күлаш Қожабаеваның омырауына салалық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының ІІІ дәрежелі төсбелгісін қадады.

Аудандық газеттің тарихынан сыр шертетін «Биіктерді бағындарған басылым» атты кітаптың тұсауы кесілді. Ол рәсімді орындау құрметіне аудан әкімі Салтанат Әбеуова, Қазақстанның Құрметті журналисі Төрехан Майбас және Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің басшысы, «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтай ие болды.

Әріптестерін облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков, облыстық «Сарыарқа» телеарнасының қазақ бөлімінің бас редакторы Әли Тойжігіт, аудандық газет басшылары атынан Алтын Зәрубайқызы құттықтап, сый-сияпат жасады. 1963-1973 жылдары аудандық газет басшысы болған Смағұл Ибраевтың баласы, ІТ саласының маманы, абайтанушы Сұлтан Ибраев пен аудандық соттың бас маманы Г.Айдарханова жылы лебіз білдірді.

«Тоқырауын толқыны» ән-би ансамблі концерт қойды.

 Газеттің жүлдесі үшін тоспадоптан дәстүрлі аудандық біріншілік өтті. Оған 8 команда қатысып, қызыларайлық «Ақсораң» командасы көш бастады, екінші және үшінші орынды тиісінше Шабанбай би ауылдық округінен «Қасабай» елді мекені мен ауданның командасы иеленді.

Мүбәрак Жармағанбетов атындағы облыстық жыр мүшәйрасында бас жүлде қарағандылық Мақсат Күземхановқа, бірінші орын астаналық Айдын Байысқа бұйырды. Екінші орынды қарағандылық Жәлел Қуандық пен ақтоғайлық Бекболат Мәжит, үшінші орынды қарағандылық Нұрдос Кәрім мен ақтоғайлық Қанат Қанафин өзара бөлісті. Жеңіс Қашқынов пен Дәуітәлі Стамбеков атындағы арнайы жүлде Сарытерек ауылынан Ернұр Төкен мен Қараменде би ауылынан Назым Саметке берілді.

Жас қаламгерлер арасында эссе жанры бойынша өткен байқау да мәреге жетті. Төлеухан Бишаев атындағы бас жүлдені Дәуір Айдарбек (Қусақ ауылдық округі), бірінші орынның Смағұл Ибараев атындағы жүлдесін Дамир Қуандық (Қараменде би ауылдық округі), екінші орынның Қасым Орынбетов атындағы жүлдесін Жанерке Нұрғали (Ақтоғай ауылы), Төкен Оразбеков атындағы жүлдесін Әйгерім Климова (Ақтоғай ауылы), үшінші орынның Қасымхан Қаленов атындағы жүлдесін Құлмұхаммет Ақторғай (Ақтоғай ауылы), Қасжан Ақеділов атындағы жүлдесін Мейірім Метай (Ақтоғай ауылы) алды.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button