Жаңалықтар

Уақыт талабымен үндестік

Өңірді цифрландыру – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экономиканың негізгі салаларының тиімділігін күшейтуге бағытталған стратегиялық маңызды бағыт. Цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Осы ретте өткен жылы облысымызда жүзеге асырылған цифрландыру жобалары өңір тұрғындарына нақты пайда әкелді. Бүгін сол жұмыстардың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарға тоқталғым келеді.

«Senim109» бірыңғай үйлестіру орталығы өңір тұрғындарының жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылының тиімді ашық алаңына айналды. Орталық халық өтініштеріне жедел жауап беріп, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруде маңызды рөл атқарып келеді.

Жұмыс істеген кезең ішінде орталыққа 1 млн 41 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 176 мыңнан астамы 2025 жылы тіркелген. Өтініштердің шамамен 90 пайызы операторлар деңгейінде шешіліп, қалғаны салалық мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтерге жолданды.

Түйткілді мәселелерге жедел әрекет ету мақсатында орталық жанынан мониторингтік топ жұмыс істейді. Құрылған сәттен бері топ мүшелері Қарағанды қаласы бойынша 1 480 рет іссапарға шығып, тұрғындар көтерген мәселелердің уақытылы шешілуіне ықпал етті.

Орталықтың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы тұрғындар сабақтың тоқтатылуы, коммуналдық қыз­меттердің ажыратылуы, жол жөндеу жұмыстары туралы өзекті ақпаратты тұрақты түрде алып отырады.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Қауіпсіз қала» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қарағанды және Саран қалаларында 446 бейнебақылау камерасы орнатылып, қоғамдық тәртіпті бақылау мүмкіндігі кеңейді.

Жол қауіпсіздігі саласында да оң шешімдер жүйелі түрде енгізілуде. Қарағанды және Теміртау қалаларында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 22 аппараттық-бағдарламалық кешен іске қосылды. Бүгінде облыс жолдарында жылдамдықты өлшейтін 120 кешен, қиылыстарды бақылайтын 28 жүйе және 12 мобильді бақылау кешені жұмыс істейді.

Автоматты тіркеу құралдарының нәтижесі құқықбұзушылықтардың азайғанын айғақтайды. Былтыр 165 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға төмен. Жалпы алғанда, өңірде 3 720 бейнебақылау камерасы және жол қозғалысы ережелерін тіркейтін 182 кешен жұмыс істеп тұр.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 80 жедел жәрдем көлігі бейнекамералармен жабдықталды. Камералар салон ішіндегі және сырттағы жағдайды тіркеп, қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Өңірлік геоақпараттық портал арқылы жер учаскелерін электронды форматта рәсімдеу үдерісі едәуір жеңілдеді. Бұрын 60 күнге дейін созылған рәсімдер бүгінде 30 жұмыс күніне қысқарды.

Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск, Приозерск және Қарқаралы қалаларында жер учаскелеріне құқық алу бойынша электронды өтініштер «Электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылуда. IQala жобасы арқылы тұрғындар коммуналдық және монополист қызметтерін қашықтан ала алады. Қазіргі таңда 14 ірі монополистен 100-ден астам қызмет түрі онлайн форматта көрсетіледі.

«Терриконды алқап» өңірлік IT-хабы цифрлық бастамалар мен стартаптарды дамыту орталығына айналды. Өткен жылы хаб алаңында 120-дан астам білім беру және нетворкинг шаралары өтіп, оған 5 мыңға жуық адам қатысты.

Хаб базасында құрылған венчурлық қор арқылы 11 стартап жоба 23,2 млн теңге грант алып, қосымша 54,2 млн теңге инвестиция тартты. Соның бірі – медицина мен эстетика саласына арналған 3D-талдау технологиясын дамытатын Fabstory AI жобасы.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында OneWeb және Starlink жүйелері арқылы облыстың 65 ауылында интернет қолжетімді болды. 23 мектеп, 23 медицина мекемесі, 22 әкімдік ғимараты және 40 қоғамдық Wi-Fi нүктесі жоғары жылдамдықты желіге қосылды.

Сонымен қатар, 4G және 5G желілерін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қарағанды қаласында бүгінде 74 базалық 5G станциясы жұмыс істейді.

Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде ЖИ технологиялары нақты басқарушылық міндеттерді шешуге бағытталып енгізілуде. Көлік саласында JoLScan жүйесі жол жабынының жай-күйін автоматты түрде талдап, 200 шақырымнан астам жолда 500-ден астам ақаулықты анықтады. Ақылды бағдаршамдар, ParkKing.kz тұрақ жүйесі, CellMap байланыс сапасын бақылау жобасы және TreeMap жасыл желектерді түгендеу жобасы кезең-кезеңімен іске асуда.

Түйіндей келе, аймақта цифрлық және зияткерлік технологияларды енгізу жүйелі сипатқа ие. Бұл шешімдер халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін күшейтуге және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Константин ИЛЬНИЦКИЙ,
Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік
қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button