Уақыт көшіне ілескен
«Сапалы білімнің негізі неде?» десек, бұл ұстаздардың әлеуетін үздіксіз жетілдіруде жатыр. Осыған сай 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде мектеп басшыларының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» жобасы бастау алған болатын. Жоба осы уақыт ішінде қандай нәтижеге қол жеткізді? Сабақтап көрелік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады» деп атап, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдың шілде айынан бастап мектеп басшыларының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл жобаға жыл сайын еліміздегі педагогтер, білім ошақтарының басшылары, директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып келеді.
Жобаның негізгі мақсаты – бүгінгі уақыт талабына сай ғылым және білім жетістіктерін қолдана алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған интеллектуалдық даму сұранысы жоғары құзыретті тұлғаны қалыптастыру. Дамыған елдердің білім беру жүйесіндегі тенденция ретінде басқарудың тиімді жолдарын қарастыру да – жоба мақсаттарының бірі саналады.
Жобада жаңа мемлекеттік білім стандартына сай білім мазмұнын құру, мектепте жаңа білім ортасын қалыптастыру, оқушылардың білім көрсеткіштерін әлеуметтендіру және құзыреттілігін ашуға жағдай жасау мақсатында қосымша білім беру мен тәрбие жүйесін жандандыру бағыттары бар. Сондай-ақ, білім беру жүйесін педагогтер мен басшыларды жаңаша дайындау арқылы құзыретті оқушыны дамытып, моделін жасау, жаңа заманның мемлекеттік білім стандартына сәйкес білім сапасын арттыруға негізделген.
Оқу-ағарту министрлігінің кадрлық резервіне қатысу – білім саласындағы болашақ көшбасшыларға басқарушылық және педагогикалық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік болып отыр. Бұл кәсіби өсуге және білім сапасын жақсартуға ықпал етеді. Жобаға қатысушылар жаңа дағдыларды меңгеріп, білім беру жүйесін өзгерту және жетілдіру процесінің белсенді қатысушылары болады.

Жоба қандай нәтиже береді?
Жоба халықаралық озық тәжірибеге негізделген. Көптеген елдерде мектеп директорлары тағайындалмас бұрын арнайы дайындықтан өтеді. Қатысушылар оқудан өтіп, үздік білім беру ұйымдарында тағылымдамадан өтеді және тәлімгерлік қолдаумен қамтылады. Бұл басқарушылық қабілеттерді жүйелі түрде дамытуға және сенімді шешім қабылдай алатын жетекшілерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Министрлік мәліметінше, екі жыл ішінде іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен 583 кандидат республикалық кадр резервінің құрамына енген. Биыл 400 үміткер оқудан өтуде.
Жобаны іске асыру барысында мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарған. Кадрлық резервтің мүмкіндігінің арқасында өңірлердің басым бөлігінде басқарушы лауазымдарға арнайы дайындықтан өткен мамандар тағайындалған.
Тек бұл ғана емес, 4 мыңға жуық директор «Өрлеу» БАҰО-да қысқа мерзімді курстардан өткен. Бұл мектептердегі басқару әлеуетін нығайтуға және білім беру жүйесіндегі менеджмент сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Жоба айтарлықтай нәтиже берді, мектептерде жаңашыл, ынталы менеджерлер пайда болады. Енді бұл процесті жүйелеп, қалған барлық бос жұмыс орындарға басқарушы кадрларды тағайындауды тамыз айында аяқтау маңызды. Бұл – директорларды тағайындау ғана емес, сонымен қатар білім берудегі басқару мәдениетін жүйелі түрде жаңарту. Аталған бағыттағы жұмыстар нақты өзгерістер мен білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, бірқатар өңірлерде кадр резервінің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Яғни, басқарушы кадрларға қажеттілік басым. Бұл өңірлердің қатарында Қарағанды облысы да бар.
Мәселен, аймақ бойынша 45 мектепте директордың лауазымы бос тұр. Әрине, кадрлық резервке өткен педагогтер бұл бос орынды толтыра алмайды. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда педагогтерге, директордың орынбасарларына жаңа жұмыс ұсынылады, насихаттау жұмысы жүргізіледі. Биыл облыс бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасында тек 12 педагог қана іріктеліп, оқуды жалғастырып жатыр. Оқуды сәтті аяқтаған жағдайда, оларға сертификат беріліп, оқу жылы басталғанға дейін директорлық лауазымның бос орнына тағайындалады.
Басшылардың жаңа буыны қандай болуы керек?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда республикалық кадрлық резервке 583 педагог енгізіліп, олардың 397-сі конкурстан тыс негізде басшылық қызметке тағайындалған. 2024 жылдың өзінде 36 резервист жаңа үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептердің директоры болды.
Қарағандыдағы жаңа ашылған №19 Жалпы орта білім беретін мектептің басшысы Гүлдана Асамиданова былтыр «Келешек мектептері» жобасының курсынан өткенін айтты. Түйгені – қазіргі мектеп басшылары авторитарлы басқарушы тұлға емес, ұжымды мейірімділікпен біріктіре алатын басшы болу қажет.
– Былтыр «Жайлы мектеп» ашылар кезде курсқа менімен бірге орынбасарларым да қатысты. Біз бұл жерде мектептің миссиясына сай жаңа дағдыларды үйреніп, қазіргі басшы қандай болу қажеттігін меңгердік. Қазіргі білім беру жүйесіне заманның ағысына ілесе алатын заманауи басшы керек. Білім берудің жаңа тенденцияларынан үнемі хабардар болып, басқарудағы нормативтік-құқықтық негіздерді білу қажет. Кез келген басшының алдында зор міндет тұр. Білікті директордың соңынан ерген ұжым да биік белестерді бағындырады. «Келешек мектептері» моделі осындай жаңаша басқару мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді, – дейді ол.
Гүлдана Ибрайкенқызы жаңа мектепке конкурспен қабылданғанын айта келе: – Директорларды бос орынға қабылдау конкурсының алғашқы кезеңінде құжаттарым қаралып, кейін білім басқармасында, одан кейін министрлікте әңгімелесуден өттім. Сөйтіп №19 мектептің басшысы болып тағайындалдым. Бүгінде І санатты көшбасшы директормын, – деді.
Beyim Ustaz білім беру платформасының мәліметінше, Қарағанды облысында «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы басталған 2023 жылы резервке өткен 2 педагог білім беру мекемелеріне директор болып тағайындалған.
Соның бірі – Вероника Ченцова-Марчук. Ол – облыс бойынша республикалық кадрлық резервке есімі енген алғашқылардың бірі. Бүгінде ол Шахтинск қаласы Ш.Уәлиханов атындағы гимназияның директоры қызметін атқаруда.
– Бұл тағайындау «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының алғашқы легіне қатысу нәтижесінде болды. Жоба тек оқу курсы ғана емес, сонымен қатар алған білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді, әрі мен жергілікті білім саясатын қалыптастырушы топқа кірдім, – дейді Вероника Ченцова-Марчук.
Педагог жобада үйренгенімен бөлісіп, директорлардың жаңа буыны қандай болу қажеттігін және жаңаша басқару қалай жүзеге асатынын айтты.
– Жобаға қатысқалы мен үшін бұрынғы басқару мәдениетіндегі қалыптасып қалған стереотиптердің сеңі бұзылды. Формалды әкімшілік жұмыстан бас тартып, икемді және ашық басқаруға көштік. Қазіргі басқару – ең алдымен қатынастарды басқару. Бұрынғы менеджмент темірдей тәртіп пен талапқа, қорқынышқа негізделсе, қазір бұл құрмет пен мақсатқа, сыпайы қарым-қатынасқа құрылуы қажет. Жоба тек құралдар беріп қана қойған жоқ, ол ішкі дайындық пен дұрыс бағыт-бағдар болған жағдайда нағыз өзгерістерді жасау мүмкін екенін дәлелдеді. Қазіргі таңда үйренгенімді өз тәжірибемде қолданып келемін, – деді Вероника Викторовна.
2024 жылы облыс бойынша резервтегі жеті маманның алтауы мектептерге директор болып қабылданса, бір педагог директордың орынбасары қызметін атқарып жүр. Биылғы жоба әлі соңына жеткен жоқ. 2025 жылы аймақ бойынша «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасына қатысуға 90 өтінім берілген, оның 58-і педагог, 30-ы мектеп директорының орынбасары, екеуі өзге маман. Жоғарыда жазғанымыздай, 12 педагог қана іріктеліп, жобаның соңғы кезеңінде бақ сынап жатыр.
Білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі және бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылады.
Жоғарыда аталған тәжірибелі педагог №19 мектептің директоры Гүлдана Асамиданова 2023 жылдан «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы басталғалы бері комиссия құрамында екенін айтып, жобаның маңызына тоқталды.
– Осы жоба бойынша Министрлік жанынан құрылған әңгімелесу кезеңінің комиссия құрамындамын. Қатысушыларға ситуациялық сұрақтар қойылады. Олар жобада меңгерген білімін пайдаланып, тығырықтан шыға білуі қажет. 1-ден 10-ға дейінгі ұпай қойылады. Жоғары ұпай жинаса, сертификат беріледі, кадрлық резервке өтеді. Кейін өңірлердегі директорлық лауазымға тағайындалады. Менің ойымша, осы жоба директорлардың заманауи, жаңа буынын дайындауға үлкен үлес қосады, – дейді педагог.
Кадрлық резервке өткен үміткерлер білім беру ұйымдарындағы бос орындарға конкурссыз тағайындалады. Айта кету керек, барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, сертификат алғандарға «көшбасшы-жетекші» біліктілік санаты беріледі.
Жаңа басшыларды кімдер оқытады?
Отандық білім берудің топ-менеджерлерін, яғни, басшылардың жаңа буынын дайындауды Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан құрылған NIS «Педагогикалық шеберлік орталығы» жүзеге асыруда. Бұл жоба дамушы мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі тәжірибеге негізделіп жасалған. Орталықтың Қарағанды облысы филиалының директоры Евгения Маторинаның айтуынша, аталған жоба ұстаздар мен жалпы білім беретін мектептердегі директордың орынбасарларына табысты мансап құруға мүмкіндік береді.
– Кадрлық резервті оқыту – ертеңгі күні отандық білім беру жүйесінің тізгінін ұстайтын болашақ басшылардың кәсіби, жеке және басқарушылық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ, олардың кәсіби дамуының жеке траекториясын қалыптастыруға бағытталған. Басшылар әр өңірдегі NIS «Педагогикалық шеберлік орталығында» дайындалады. Курстарды арнайы дайындықтан өткен сертификатталған тренерлер өткізеді. Олар басшылардың біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша Кембридж Бағалау кеңесінің сертификаттарына ие болған, – дей келе:
– Өзгерістерді басқару – бұл жүйелі жұмыс және ол алғашқы қадам жасаудан басталады. Кадрлық резерв қатысушылары осы маңызды жолды бізбен бастағанына қуаныштымыз, – дейді Евгения Анатольевна.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»