Бас тақырыпКөкейкесті

Уәде қайда, Global City?

Қарағандыда бұдан екі жыл бұрын ең ірі Global City көтерме-тарату логистикалық орталығы ашылды. «Бұл орталық солтүстік пен оңтүстіктен келген облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін бір жерге жинап сату үшін салынды» деп сүйіншілегенбіз. Әйтсе де, бұл орталық алдын ала жасалған келісімдегі шарттарды орындамаған. Біз мұның анық-қанығына облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің сауда орталығына арнайы барып, өткізген жиынында көз жеткіздік.

Қазақстанда теңдесі жоқ ауыл шаруашылығы тауарларын сақтайтын заманауи қоймалары мен сату алаңдары бар ірі Global City орталығына мемлекет 85,5 гектар жерді тегін берген. Тіпті, бюджет есебінен 8 миллион 790 мың теңге қаржыға кәріз құбыры, ал 313 миллион 800 мың тенгеге автожол төселген. «Даму» қоры арқылы жалпы көлемі 8 миллиард 200 миллион теңге болатын несие төмен пайызбен де берілді.

Нәтижесінде, бірегей хаб көкөніс пен жемісті делдалсыз саудалап, республиканың басқа да өңірлерінде де бағаны төмендетуі керек болған. Ауыл шаруашылығы өнімдері орталыққа Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан, Ресей сияқты елдерден жеткізіледі делінді. Сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлерінің диқандары да өз өнімдерін көтерме-тарату орталығы арқылы саудалау мүмкіндігіне ие болатыны да айтылды.

Әйтсе де, жақында Global City-де өткен Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында көтерме-сауда орталығының қоймалары бос тұрғаны, фермерлермен ешқандай шарт жасалмағаны, логистикалық жүйенің жолға қойылмағаны белгілі болды. Осылайша, жарнамасы жер жарған бірегей кешеннің кәдімгі сауда үйлерінен айырмасы болмай қалды. Расында қарағандылықтар мұнда азық-түлік алуға емес, орталықтың ішіндегі Magnum, Sulpak, LC Waikiki-де сауда жасауға барады.

«Қарағандылық диқандар жыл сайын шамамен 200 тонна картоп жинайды. Бірақ, Global City-ге жергілікті картоптың ширегі де сақтауға берілмеген. Фермерлер картопты өздері сақтап, өздері өткізетін жол тапқан. Олардың картобын шетелдіктер егіс даласынан тиеп әкетеді. Есесіне, Қазақстанда былтыр картоптың әр келісінің бағасы – 500, сәбіздің бағасы 600 теңгеге дейін өсті. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдерімен логистика орнату тұрмақ, аймақ фермерлерімен келіссөз жүргізе алмаған мұндай сауда орталық Қазақстанға керек пе?» – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ләззат Қожахмет.

Мына қызықты қараңыз, осыдан екі жыл бұрын «Көтерме-тарату логистикалық орталығы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы 25 пайызға дейін төмендейді» деп айтылған. Ал қазір бағаны арзандатамыз деген Global City-де жұмыртқаның 10 данасы – 700 теңгелен, жылқы қазысының келісі 4 000 теңгеден сатылып жатыр. Ал, қала ішіндегі дүкендерде бұдан арзанға да алуға болады.

Сонымен, Орта Азиядағы тұңғыш көтерме-тарату логистикалық орталығы салынса, фермерлік өнім арзандайды деген үміт те ақталмады.

Айтпақшы, «Даму» қоры «екі жылдан кейін субсидияның тиімді қолданылғанын тексереміз» деген болатын. Биыл тексеретін жыл. Қоғамдық кеңес мүшелерін «бос тұрған қоймаларды көріп, «Даму» қоры несие бойынша қандай шешім шығарар екен?» деген сұрақ алаңдатады.

Субсидияның тағы бір талабы – жұмыс орнын ашу. «Орталықта қазір мың жарым адам істейді» дейді басшылары. Сірә, жұмыскерлер санына сауда жасап тұрған орнын жалға алушыларды да қосады. Себебі, сонша адамды көрмедік. Бірақ, Global City оларға жалақы төлемейді, керісінше жалға алушы орталыққа ақша төлейді. Осыдан барып тағы бір «Сонда бұл жұмыс орнын ашып отыр деп есептеле ме?» деген сұрақ туындайды.

Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жәнібек Садықанов өткізген алғашқы көшпелі жиыннан кейінгі түйген ой – бұл. Кеңес төрағасының өткір сұрақтарынан қаймықты ма, Global City-дің коммерциялық директоры Наиль Мунасипов журналистерге сұхбат беруден бас тартты.

«Мүмкін, Global City орталығының қожайыны Анвар Осин мырза өзі ел алдына шығып, журналистерге сұқбат берер. Коммерциялық директоры камерадан қорқады екен. Осин мырза Президентіміз Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатқанда, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жоба туралы айтудан қашпайтын шығар?» – дейді облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері…

Миллиардтаған теңге жұмсалып салынған Global City неге басты шарттарды орындамайды? Сұрақ көп...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button