Тынысында тылсымның күбірі бар

Мынау елге жақпай қойды
мінезім,
Болсам-дағы жомарт әрі
мәрт көңіл.
Дүниеден дәметпейтін үлесін –
Ақындықты түсінбейді
шалт өмір.
Жұмыр басым жарылғалы
жүр менің,
Жығылмасым бесенеден
белгілі.
Алқымыма жармасады
кім менің,
Оны тірлік көрсетеді ендігі.
Қаламдас бауыр, талантты ақын Ерқанат Кеңесбекұлы туралы ештеңе жазбай-ақ, осы екі шумақ өлеңін бере салса да болар еді. Оның бойындағы адалдық, табандылық, жасандылыққа төзбейтін шалт мінез, шақар болмысын осы өлеңінен танып алар едіңіз. Қоңыр өлеңнің отын үрлеп, қоңырқай тірлік кешкен ақындар қауымының өкілі бола тұра, тынысында – тылсымның үні, бойында ақсүйектік бар. Әлем-жәлем орта мен алабажақ тірліктің арзан күлкі, шала-шарпы шаттығынан саяқ жүреді. Кірпияздығы шығар… Жақсы, кірпияз дейік, бірақ, кісікиік емес. Қашан көрсең де, оң қолын жүрегінің тұсына қойып, ілтипатынан жаңылмайтын ірілігі және бар.
Қадірлес болғанымызға қанша болғаны есімде жоқ, қаламдас болғанымызға көп бола қоймапты. Бір ұжымда қызмет етеміз. Мен – басшы, ол – қосшы емес, мен – аға, ол – іні. Осы сыйластығымызға Ерқанат бауырдың кішіпейілділігі мен бекзат болмысы қалқан болып тұр.
Жанының тазалығы сонша,
мына өлеңіндегі:
Кеудесінде құндақталған
намысы,
Көкірегінде – ұжмақ күндер,
таң ісі.
Сендік жүрек – жүрек емес
кәдімгі
Уілдеген нәрестенің дауысы, – деген шумағының үшінші жолын «Сендік жүрек» емес, «Мендік жүрек» деп жазса, мен иланар едім, жұрт мақұлдар еді.
Ерқанаттың кең пейіл, келісті келбеті, қайсар да, қаймақтай ұяң болмысы – көп ақынның, қаншама қайраткердің бойынан табыла бермейтін қасиеттер. Өлеңіне азық болар білімі, өміріне қазық болар қабілет-қасиеті бола тұра, біз оның бәзбіреулер секілді «Мен – ақынмын!» деп кеуде соғып, жөнсіз кимелегенін көрмеппіз. Кешегі 2000 жылдары облыстық радиода марқұм Базар Мамыр жүргізген «Жауқазын» балалар хабарында балауса жырларын оқып отырған бала Ерқанаттың боямасыз бейкүнә болмысы сол күйі сақталып қалғандай. Тек қана өлеңдері өресін асқақтатып, ойлы арнаға ойысқаны болмаса, періште пейілі перделенбеген. Сондығынан ол маған бірден ержетіп туғандай көрінеді.
Ол – экспериментал ақын. Өмірдің өзі – сынақ алаңы ғой. Табиғаттың заңы да, шариғаттың шарты да солай дейді. Тұла бойымен таза жүрекке, парасат-пейілімен періштеге айналып кеткен Ерқанат өмірдің өзін біз бен сізден басқаша қабылдайтын сияқты. Оның поэзиясындағы тың тақырып, терең ой, соны стиль мен тылсымға бейім тынысы өлеңдерінің көшелі көркемдігіне нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Сонда да, Ерқанаттың жүрек жазбаларын ормандай оқырманның барлығы бірдей қабылдай бермейді-ау деп қынжылып қаламыз. 1990-2000 жылдары айтыс өнерінің көрігін қыздырып, көшін бастаған талантты ақын Бекжан Әшірбаевтың айтысқа интеллектуалдық сипат алып келгені естеріңізде болар. Сол Бекжан ақынның астарлы ой, тұңғиық иірімдері туралы айтыстың абызы Жүрсін Ерманның: «Бекжанның дүйсенбіде айтқанын бейсенбіде түсінеміз», – дегені бар еді. Сол айтқандай-ақ, Ерқанатты бүгін қабылдамаған оқырман, ертең жатқа оқитын болады. Оған еш күмәнім жоқ. Өзі де – сенімді.
Бірде:
Сәттерінен бәсіре алмас,
Қайран шағым аз ба осы?
Ғасырлар да өшіре алмас,
Жүрегімнің жазбасы, – деп шамырқанған шабыт иесі енді бір сәтте күмән жетегінде күбірлей қалады:
Ойласа бәрі өстіп ойласыншы,
Айқайдан әлем шаршаған.
Осы жырымды естіп
қоймасыншы
Түсінбей жүрген қанша адам.
Ішкі әлемінің күйзелісі де, жүректің шері мен көңілдің қуанышы да іркіліссіз сыртқа шыққанда өлеңнің өлшемдеріне бағынбай кететіні бар. Ал, Ерқанат жырларының әсерлі әуезі мен теңіз толқынындай ырғағы өлең боп өрілген өмірге айналып, түйсігіңнің түндігін жеңіл желпиді. Лирикалық иірімдері мен эпикалық қуаты тылсым әлеммен үндесе отырып, бір кезде өзің де автормен бірге тыныстап, бір әлемге айналып кеткеніңді сезбей де қаласың. Онымен бірге ғашық болып, онымен бірге Ар сотына жүгініп отырасың.
Міне, Ерқанат әлемінің әлеуеті – осында!
…Жә, поэзия талдайтындай әдебиет сыншысы емеспін ғой. Одан да Ерқанат бауырдың еңбекқорлығын, қаламға адалдығын, кісілік келбеті мен боямасыз болмысын сөз етелік…
Иә, ол – еңбекқор. Газеттің жетекші саласы экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы бөлімінің жауынгері. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын журналисті қай редактор жек көрсін?! Редакцияда тапсырманы көп алатын да және тап-тұйнақтай етіп орындайтын да – Ерқанат. Газеттің әр санының салмағын еселеп тұрған сала-құлаш сараптама дейсіз бе, тамырлы талдама дейсіз бе, бәрінің авторы – Ерқанат. Бұл – басқа әріптестердің еңбегін жоққа шығару емес, жауынгер сала жетекшісінің еңбегін бағалау. Оның жанр талғамайтын жорғалығы тағы бар.
Ара-тұра кабинетіне бас сұғамын. Оған бекітілген компьютер пернетақтасының да жаны сірі екен. Дамыл таппайды. Кейде Ерқанаттың өзіне де, компьютеріне де жаным ашып кетеді. Тапсырманы төпелетіп беріп, көкелетіп талап етеміз деп жүргенде, қанша өлеңді өлтіріп алдық екен?..
Кезекті тапсырманы қабылдап тұрып: «Жақсы, ағажан» дейді. Бірақ, жалт еткен жанарынан:
Қаны тамған жырымды
жерлеймін бе жүрекке?
Кешіргейсіз мұнымды,
есіркейсіз бір ретке, – деген жыр жолдарын оқимын. Қайтейін?!
…Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, TURKSOY ұйымының 30 жылдығы төсбелгісінің иегері Ерқанат Кеңесбекұлы «қамал бұзар» қылыш жастың қыратына сан қырлы талантымен көтеріліп отыр. Бүгінгі мерейлі сәтінде ағаның бауырға деген сүбелі сөз, сыбағалы сыйы осы болсын…
Қаламың мұқалмасын, қанатты қалам, қайсар болмыс иесі!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



