Тыныс алу мұң болды
Ел ішінде «ХМК» деп аталатын қала бөлігінде ағынды суларды жабу нүктесі жабылғанымен, сол арадағы санитарлық талаптар сақталмай тұр. Жеке сектор тұрғындарының айтуынша ассенизатор көліктері жүргізушілерінің қызмет көрсетуден бас тартқанымен, бір көлік кәріз суын сол араға бей-берекет төккен.

Тұрмыстық кәріз суға қатысты шетін мәселе тұрғындардың шыдамын шегіне жеткізіп, тынышын кетірді. Салдарынан жағымсыз иіс жайлаған маң жұртшылығы дабыл қаға бастаған. Куәгерлер жағымсыз жайтты бейнекамераға түсіріп, құзырлы мекемелерге шағымданды. Қазір мұнда дем алу мұң, есік-терезе ашу қауіпті іске айналды. Тұрғындар бірнеше рет жергілікті билікке шағымданып, санитарлық нормалардың өрескел бұзылып жатқанын айтқан. Бірақ, нақты шешім әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Экологиялық талаптардың сақталмауы өз алдына бір мәселе болса, адам денсаулығына төнген қауіп – тіпті, ескерусіз қалғандай.
– Нәжіс суына қарық болдық! Балалар бар, қарт адамдар бар дегендей. Тысқа шықсақ, тыныстай алмай қалдық. ХХІ ғасырда ғұмыр кешіп жатырмыз. Бұл жер енді тек жағымсыз иіс шығаратын аймақ емес, індеттің ошағына айналуы мүмкін. Бізді ешкім естімейтін сияқты. Мұндай бассыздыққа төзбейміз, – деді Федченко көшесінің тұрғыны Юлия Рудько.
Алғашында ел арасында бұл лас суды ассенизатор көліктері төгіп кетті деген ұшқары пікір тараған еді. Алайда, соңғы деректер болжамды жоққа шығарды. Анықталғандай, нәжіс төккен ассенизатор емес жеке меншік көлік болып шықты. Ассенизатор көлігінің жүргізушісі Дмитрийдың айтуынша жеке көліктерге бақылау күшеймеген.
– Бізде арнайы рұқсат құжаттары, тиісті маршрут бар. Кәріз суын белгіленбеген орынға төксек, айыппұл салып, лицензиямызды тартып алады. Есесіне жеке меншік көліктер ешкімнен жасырынбай, ешкімнен қорықпайды. Күдікті көліктердің қашан қайда баратынын бақылап жатқан ешкім жоқ. Басты қауіп соларда, – дейді ол.
Тұрғындардың ашуының орынды екенін жергілікті билік тарабы түсінгенімен, жеке көлік иелерін бақылау тетіктері әлі де әлсіз. Қазір бейберекет төгілген нәжіс суының иісі ғана емес, соның салдарынан туындауы мүмкін жұқпалы аурулар тұрғындарды алаңдатып отыр. Тұрғындар осы маңға орталық кәріз жүйесін іске қосуды көп уақыттан бері сұраныс етіп келген. Берілген жауап – біреу. Қызмет көрсету құны тым қымбат болғандықтан, жақын арада түйткіл шешімін таппақ емес. Енді, халықтың талап-тілегі анық: заңсыз кәріз суын төккендерді тауып, жауапқа тарту, жаңа ағынды су қабылдау жүйесін іске қосу және санитарлық бақылауды күшейту.
«Эргономика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Полещуктың айтуынша, аталған көше тұрғындары орталық кәріз жүйесіне қосылмаған болса, су арнасы саласының құзыретті мекемелеріне шағымдануы қажет.
– Құзыретті мекемелер өкілдері өз кезегінде бюджет немесе тарифтік қордан тиісті қаражат қарастырады. Әр тұрғын өркениет игілігін пайдалануға құқылы! Тариф бағамы да бірегей болуы шарт. Біреуінікі арзан, біреуінікі қымбат деген болмайды.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Тимур Нұрғожин мәселені өз бақылауына алып, жағдайдың шынайы ауырлығын толық түсінетінін ашық айтты. Ол тұрғындардың арыз-шағымдарын мұқият тыңдап, ассенизатор көліктерінің иелерімен кездесті. Осы кезде олар «Қарағанды Сумен» түзілген келісімшарт үлгісін ұсынды. Бұл құжат жағдайды реттеуге бағытталған алғашқы қадам болып көрінгенімен, іс жүзінде түйткілдің түпкі тамырын шешуге әлі де көп күш керек екені анық байқалды.
– Ассенизатор көліктерінің иелері «Қарағанды Сумен» түзілген келісімшарт үлгісін көрсетті. Түйткілді оңтайлы шешуді мұқият қарастыру қажеттігі туындап тұр. Тек заңсыз әрекет ететін көліктерді тауып, жауапқа тарту жеткіліксіз. Бізге қазіргі кәріз жүйесін жаңарту, заманауи технологияларды енгізу, тұрғындарға қолжетімді және тиімді қызмет көрсету қажет. Бұл – тұрғындардың негізгі құқығы, – дейді депутат.
Қорыта келгенде, «ХМК» жұрты «өркениет» деп аталатын өрелі ұғымды кітаптан ғана емес, өз ауласынан да көргісі келеді. Әр есіктің арғы жағында бүлдіршіндер өсіп келеді, әр терезеден қарт кісілер үргедек үмітпен сыртқа телміре қарайды. Бірақ, сол үзім үміт әлі күнге дейін көлденең көлікпен келіп төгілген нәжіс суымен шайылып кетуде. Қарапайым бұқара халықтың тынысы тарылып тұр. Енді құзырлы органдар әрекетсіз қалмаса игі. Өйткені, қолқаны қапқан жағымсыз иіс жайлаған осы маңда сенім «шіріп» бара жатыр…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»