Бас тақырып

Тынымсыз еңбек табысқа бастайды

Қарағанды тау-кен индустриалды колледжінде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша арнайы пәндер кабинеті ашылды. Студенттер колледж қабырғасында қажетті теориялық білімді меңгеріп, оларды кәсіптік оқыту мен өндірістік практикада бекітпек. Сондай-ақ, жоба жетекші жұмысшы мамандықтары бойынша техникалық білім беріп, материалдық-техникалық базаны жарақтандыруға ықпал етеді, әрі бизнес пен білім беру арасындағы байланысты нығайтады. Кабинеттің ашылуы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында орайластырылған.

Сурет ұйымдастырушылардан

Колледж ұжымы осылайша жұ­мысшы мамандықтарының бе­делі мен маңызын арттырмақ. Оған қоса, жастарды өндірістік салада оқуға және жұмысқа орналастырып, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін де жаңғыртады. Жоба құбыр өткізгіш бөлшектер мен мұнай-газ жабдықтары өндірісінде көшбасшы Kazfitting» ЖШС компаниясының қолдауымен жүзеге асты.

– Әлеуметтiк әрiптестердi қол­дау техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамытуда үшiн аса маңызды. Колледж қабырғасында студенттер қажеттi теориялық бiлiм алады, оларды кәсiптiк оқы­ту мен өндiрiстiк практикада бекiтедi, жетекшi жұмысшы кә­сiптерi бойынша техникалық тұр­ғыда тәжірибе жинайды. Жобалар материалдық-техникалық базаны жарақтандыруға, бизнес пен бі­лім беру байланысын нығайтуға ық­пал етеді, – деп атап өтті Қара­ғанды тау-кен индустриалды колледжінің директоры Нұрлан Абденов.

Директордың айтуынша, оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы әріптестіктің дамуы жұ­мысшы кадрлар біліктілігін арт­тырады. Осы орайда Тау-кен ин­дустриалды колледжі жастар үшін жұмысшы кәсібінің мәнін ұғын­дыратын және кәсіптік бағ­дар беру жұмысын тиімді етуге бағытталған инновациялық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Солардың бірі – бірінші курс студенттерін тәжірибелі педагогтармен, өз ісінің шеберлерімен таныстыру.

Мәселен, арнайы пәндер оқытушысы Елена Птицына Қарағанды тау-кен индустриалды колледжінде 22 жылдан бері жұмыс істейді. Ол он бес жыл өндірістік оқыту шебері болды. Кейін «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша оқытушылыққа ауысты. Қазіргі таңда әрлеу жұмыстарының шеберлерін дайындауда.

– 15 жыл ішінде әрлеу шебер­лерінің алты тобын оқытып шы­ғардым. 2011 және 2014 жылдары студенттерім «Әрлеу жұмыстарының шебері» аталымы бойынша республикалық байқаулардың үздіктері атанды. Биыл біз мамандықтарды жастарға терең меңгерту үшін студенттер назарына жұмысшы мамандықтарын танымал ету міндетін қойдық. Біз жаңа технологиялар мен жаңа материалдарды, құралдарды енгіземіз. Шебер әрлеушілер тек сылап қана қоймайды, сонымен қатар, сәндік жұмыстарды орындайды. Заманауи технологияларды қолданып, шығармашылық тәсілді шыңдайды. Біз оқытушы ретінде заманауи жаңашылдықты игеру үшін үнемі кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеміз, – дейді Елена Птицына.

Сондай-ақ, аймақтағы үздік педагог атанған Ержан Смойлов білім ордасында студенттерді дәнекерлеу ісіне үйретеді. Өндірістік оқыту шебері көптеген жылдар бойы аймақта дәнекерлеу технологиялары бойынша бас сарапшы атанып, қазіргі таңда халықаралық сарапшы атағын алуға ниетті. Колледждегі 30 жылдық қызметінде мыңнан астам студентті оқытып шығарды. Көпшілігі халықаралық кәсіби шеберлік байқауларында жүлделі орындарға ие болған.

2021 жылы «Жас маман» бағдарламасы бойынша колледж студенттерге арналған мамандық­тардың қыр-сырын түсінетін заманауи дәнекерлеу жабдықтарын сатып алды. Жоба аясында болашақ мамандығын таңдаған Валерий Мотянко бүгінде «Техник-механик» мамандығының үшінші курс студенті.

– Мектеп бітірер кезде туыстарым менің кім болғым келетінін сұрайтын. Алдымен медицинаға, со­дан кейін құқықтануға баруды ой­ладым, бірақ, соңында ешқашан жоғалмайтын қажетті мамандықты таңдауды шештім. Сондықтан, тоғызыншы сыныптан кейін алдымен Қарағанды кө­лік-технологиялық колледжіне «Дәнекерлеуші» мамандығына оқу­ға түсіп, үш жылдан кейін оны бітіріп, тағы бір диплом алып, білікті маман болу үшін осында келдім. Енді жұмысшы мамандығынан бастамай, бірден шебер болып жұмысқа тұра аламын. Оқу кезінде «Қарағанды Теплотранзит» компаниясына жұмысқа орналастым. Онда тәжірибеден өтіп, жылу орталықтарын жөндеуге көмектестім. Мамандық қызықты, студент үшін жақсы ақша төленді. Алдағы уақытта дәнекерлеу өндірісінің инженері болу үшін Қарағанды техникалық университетіне түсуді жоспарлап отырмын, – дейді Валерий Мотянко.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button