Бас тақырып

Ұтымды ұлттық жобалар

Облыс аумағында халықтың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған ұлттық жобалар кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, аймақта ауыл медицинасы жаңғырып, жаңа мектептер салынуда. Педагогтер мен дәрігерлерге қолдау шаралары күшейіп келеді. Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешовтің бірнеше күндік жұмыс сапары аясында осы бағыттағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде бірқатар кездесу өткізілді. Қорытынды жиында облыстағы ұлттық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланып, өзекті мәселелер мен заңнамалық бастамалар тұрғысынан ұсыныстар айтылды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Тұрақты даму бар

Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында облыстық басқарма басшыларымен және қоғам өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Сапар қорытындысы аталған отырыста жария етілді. Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов жиында ұлттық жобалардың өңіріміз үшін маңызына тоқталды.

– Ұлттық жобалар – ел өмірінің өзегі. Біз оларды жергілікті деңгейде сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруымыз керек. Бұл – мәслихаттың басты бақылауындағы мәселе, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Серік Өтешов те жобалардың заңнамалық тетіктерін жетілдіру қажет екенін атап өтті.

– Кездесулер барысында ұлттық жобалардың облыста жүзеге асырылу барысымен таныстық. Әсіресе, «Қолжетімді интернет» жобасының аяқ алысы ұнады. Бұл бағытта жұмыс жүйелі жүріп жатыр екен. Мәселелер де жоқ емес, әрине. Атап айтсақ, ауыл медицинасы мен білім беру саласындағы жобалық және құрылыс сапасына қатысты проблемаларға кезіктік. Олар туралы бүгінгі басқарма басшылары да атап өтті. Ұсыныстар да айтылды. Айтылған деректерді ескеріп, ұсыныстарды заңнамалық бастамаларға енгізуге тырысамыз, – деді ол.

Облысымызда биылғы жылдың алғашқы бес айында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталып отыр. Президент тапсырмасына сай еліміз үшін белгіленген 7 пайыздық өсім шегінен өңір артығымен шығып, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,5 пайызды құрады. Бұл – Қарағанды облысының ел экономикасындағы тұрақты үлесін айқындайтын көрсеткіш.

– Өнеркәсіптегі өсім 108,9 пайызды құрады немесе өндірілген өнім көлемі 1,9 триллион теңгеге жетті. Бұл негізінен қара және түсті металлургия, машина жасау, пластмасса және резина бұйымдарының өндірісі есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 327 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 20 пайыз өсім байқалды. Жыл соңына дейін құны 167 миллиард теңге болатын 36 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл жобалар аясында 2 600-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылмақ, – деп атап өтті облыстық экономика басқармасының басшысы Дулат Ашкеев.

Жаңа мектептер, жаңа мүмкіндіктер

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста жалпы сомасы 41,6 млрд теңгеге 10 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл мектептер облыстың Қарағанды, Балқаш қалалары мен Бұқар жырау, Шет аудандарында бой көтеріп жатыр. Құрылыс аяқталған соң бұл мектептер қажетті педагогпен қамтамасыз етілуі керек.

– Қазіргі таңда 4 мектеп пайдалануға берілді. Олар – «Кеңдала» ықшамауданындағы 2 000 орындық №19 мектеп, «Көгілдір тоғандар» ықшамауданындағы 1 200 орындық мектеп, «Гүлдер» ықшамауданындағы 300 орындық мектеп және Балқаш қаласындағы 900 орындық мектеп. Қалған 6 мектеп 2025 жылы тапсырылмақ. Алайда, бірқатар мектепте құрылыс жұмысының мерзімінен кешігуі байқалып отыр. Бұл негізінен кадр тапшылығы мен құрылыс қарқынының төмендігіне байланысты, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Саян Мұратұлы.

Сонымен қатар, 2025 жылы аяқталуы тиіс алты мектепке кемінде 160-қа жуық педагог қажет. Бұл ретте кадр тапшылығын болдырмау үшін басқа мектептерден ауыстыру және конкурс арқылы іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

– Мәселен, 2024 жылы ашылған төрт мектепке қазіргі уақытта 200-ден астам мұғалім қабылданды. Қарағанды қаласының «Кеңдала» ықшамауданында ашылған 2000 орындық №19 мектепке 121 педагог қажет болып, оның 81-і конкурс арқылы алынса, 40-ы басқа мектептерден ауысып келген.
Ал, «Көгілдір тоғандар» ықшамауданындағы 1200 орындық №24 мектепке 40 мұғалім жұмысқа қабылданды. «Гүлдер» ықшамауданындағы 300 орындық №28 мектеп пен Балқаш қаласындағы 900 орындық мектептерге тиісінше 40 және 39 педагог қажет, – деп атап өтті білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Инфографиканы жасаған Айбек Рахымжан

Медицина да баса мәнге ие

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғыр­ту» ұлттық жобасы аясында облыста 92 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт бар. Бұл нысандардың 25-і бұрын медициналық қызмет болмаған ауылдарда, ал, 67-сі ескі нысандардың орнына салынбақ.

Дерекке сүйенсек, бүгінде 40 нысанда құрылыс аяқталып, оның 25-і пайдалануға берілген. Алайда, бұл нысандардың 16-сында құрылыс сапасына қатысты кемшіліктер анықталыпты.

Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою үшін 2024-2026 жылдарға арналған кадр стратегиясы бекітілген. Дерекке сүйенсек, бекітілген стратегияға сәйкес, тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңге көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған. Былтыр 63 маманға 407 млн теңге төленсе, биыл 70 маманға 419 млн теңге бөлініпті.

Бұдан бөлек, биыл Қарағанды, Балқаш қалаларында және Доскей кентінде 169 дәрігерге пәтер берілген. Нұра ауданында 13 пәтерлі, Теміртауда 35 пәтерлі, ал, Қарағандыда 2027 жылға дейін 350 пәтерлі тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда.

Дерекке сүйенсек, Теміртау мен Балқаш қалаларындағы орталық ауруханаларда ангиографиялық операциялық блоктар салынуда. Теміртауда құрылыс аяқталып, жабдықтау және тіркеу жұмыс­тары жүргізілуде. Балқашта құрылыс 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жоба бойынша бұл ауруханалар кардиология, хирургия, травматология және реабилитация бөлімдерімен жабдықталып, МРТ, КТ және ангиограф секілді заманауи медициналық техникамен қамтамасыз етілмек. Орталықтарға 40 жаңа дәрігер қажет болады. Қазіргі уақытта олар резидентурада оқып жатыр.

Түйін

Кеншілер астанасында жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар – нақты адам өміріне тікелей әсер ететін ауқымды өзгерістер. Жаңа мектептер – сапалы білімнің кепілі, жаңа медициналық пункттер – қолжетімді және жедел медициналық көмектің бастауы. Ал, кадр саясаты – осы жүйелердің тұрақты жұмыс істеуінің негізі.

Ұлттық жобалардың нәтижесі тек олардың санымен емес, сапасымен, ұзақмерзімді тиімділігімен өлшенуі тиіс. Қазіргі кейбір техникалық кемшіліктер мен нормативтік сәйкессіздіктер – жүйелі жұмыс пен тиімді бақылау талап ететін мәселелер.

Бұл ретте Парламент Сенаты мен облыстық мәслихаттың үйлесімді әрекеті, мемлекеттік органдардың бірлесе атқарып жатқан жұмысы жобалардың толыққанды орындалуына жол ашпақ.

Облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беретін мұндай бастамалар, ең алдымен, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, жастардың елдімекендерге қайта оралуына және өңірлік теңгерімге қол жеткізуге бағытталған. Жаңа нысандардың құрылысы мен кадрлық қолдаулар – бүгінгі һәм ертеңгі Қазақстанның іргетасы.

Ұлттық жобалар – мемлекет пен қоғамның бірлескен болашаққа салған көпірі. Осы жолда қабылданған әр шешім, атқарылған әрбір іс – ел дамуының өзегіне айналмақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button